АТА ЗАҢҒА АДАЛМЫЗ!

«Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті».

Қазақстан Республикасының

Конституциясы, 36 бап, 1 тармақ.

 

Еліміздің бас құжаты – Конституцияда бекітілгендей, ел тыныштығы мен ұлттық қауіпсіздікті қорғауда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскерлерінің айбыны мықты. Соның ішінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Атырау қаласындағы №5546 әскери бөлімнің сарбаздары мен қызметшілері Отан қорғауға әрқашан дайын. Айтулы мереке қарсаңында газет тілшілері аталған әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

 

Мемлекеттің сенімді  қалқаны

Кезекшілік бөліміндегі сарбаздардың өз ісіне аса мұқияттылығы, қырағы күзеті ерекше назарға ілікті. Әскери бөлім басшылығымен алдын ала келіскенімізбен, бізге мұнда кіру үшін біраз кідіруге тура келді. Өйткені, қауіпсіздікті сақтауда барлық ережелерді орындауда талап бәріне ортақ. Бұл заңдылықты сақтап, ішке кіру бекетінен де өттік. Қазақстанның әр түкпірінен жиналған сарбаздар өз қажыр-қайраттарын арттыруда шынығып жатты. Біреулері ату алаңында қару-жарақты бұзып, жинап жатса, енді біреулері ұрыс даласында шынығудың сан түрлі қырларын меңгеруде. Конституцияның талаптарын орындаудағы олардың күнделікті қызметі осы екен. Осы тұрғыда әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Саян Аманжолов ой бөлісті.

 «Конституция – елдің саяси, мәдени, рухани және әлеуметтік дамуының қайнар көзі. Тәуелсіз ел болған жылдардағы біздің барлық жетістіктеріміз елдің негізгі заңының аясында іске асты. Осы жылдарда мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту және кәсіби әскерді күшейту басты назарда болды. Бүгінгі күні Қарулы күштер заман талабына сай мемлекеттің сенімді қалқанына айналды. Бұл ретте әскери бөлімдегі сарбаздардың күнделікті жаттығуының маңызы зор. Жаттығу жұмыстары бір сәт те тоқтаған емес. Сарбаздар ұрысқа шығу тәсілдерін ұдайы үйренуде. Әр сарбаз қимылдарын жіті бақылауда ұстауы қажет. Сондай-ақ, әскери өмірдің қыр-сыры болашақ Отан қорғаушылар – оқу орындарындағы оқушылар мен студенттер үшін де кеңінен насихатталады», – деді Саян Хамитұлы.

Әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысу барысында әр сарбаздың өзіне артылған жүкті абыроймен атқарып жатқанын байқадық. Олар саптық адыммен қозғалыс жасау жаттығуларынан бастап, қоян-қолтық ұрыс, ұрыс даласында қару-жарақты пайдалану, жаудан қорғанудың үлгілерін мұқият орындауда. Жаттығудың түрлері өте көп. Әскери киім үлгілерімен таныстық. Оның ішінде күнделікті киетін киімнен бастап, далалық, парадтық, ұрыстық, таулық, мергеншілер мен пулеметшілердің киетін киім түрлері біздің назарымызға ілікті. Барлық заманауи қару-жарақ үлгілерімен де қамтылған. Бұдан басқа әскери техникалары да жеткілікті. 

Әскері  мықты  ел – айбынды

Ең бастысы, жас сарбаздардың Отан қорғаудағы қызығушылықтары, Ата Заңға адалдығы ел әскеріне деген сенімімізді арттыра түсті. Бұған сарбаздардың ұрыс алаңындағы дайындықтарымен қатар, олармен әңгіме барысында да анық көз жеткіздік. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөз бекер айтылмаған» деп көп сарбаздың ортасынан суырыла шыққан Еркебұлан Бұхарбаев:

– Мен Қарағанды облысы, Жезқазған қаласының тумасымын. Әскерге қысқы шақырылымда келдім. Алғашында бала мінезді болғаным рас. Отбасындағы еркелік те болды. Бірқатар күннен кейін әскери өмір мені өмірге шыңдай бастағанын аңғардым. Бұрынғы бала мінезім, еркелігім, бәрі жолда қалды деуге әбден болады. Ел қорғаны – ер азаматтың қандай болу керектігін ұғынып, өзімді де соған сай тәрбиеледім. Әскери қызметтің аяқталуына үш ай уақыт қалды. Оны тәмамдаған соң әскери бөлімде келісім-шартпен қызмет етсем деймін. Әкем – ішкі істер саласының ардагері. Отан қорғаудағы оның қызметі мені қатты қызықтырушы еді. Енді сол балалық арманымды іске асыруға бел будым, – дейді сарбаз. Сондай-ақ, ол өз сөзінде әскери бөлімде спорттық жарыстарға көбірек мән берілсе деген ұсынысын да айтты. 

«Жанымыз  нәзік,сертке  адалмыз»

Айта кету керек, бүгінде Ата Заңға адалдық танытып жүрген ер азаматтармен қатар, нәзікжандылар да аз емес. Мәншүк, Әлия сынды қазақтың батыр қыздарының өжеттілігі бүгінгі буынға дарып жатқаны – үлкен мәртебе. Қазір әскери бөлімде отыз қыз-келіншек қызмет етуде. Бұл саланың ыстығы мен суығына қатар төзген олар өз істеріне әбден төселген.

Әскери киім киіп, Отан алдында адал қызмет ету – үлкен жауапкершілік жүктейді. Оны адал атқару үшін ең бастысы Отанға деген патриоттылық басым болуы керек. Сондай-ақ, сарбаздарға жауаптылық танытып, оларды аман-есен отбасыларына оралту – маңызды іс. Отбасында бала тәрбиесімен қатар, әскери қызметтің осындай жүгін арқалаған нәзікжандылар мұның бәрі ел Конституциясына адалдық таныту екенін айтады.

«Ата Заң – біздің саяси, мәдени, рухани және әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың қайнар көзі. Тәуелсіздік жылдарындағы табыстардың барлығы Ата Заң аясында жүзеге асты. Осы жылдар ішінде еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, кәсіби әскер құруға үлкен көңіл бөлінді. Бүгінгі күні мемлекетіміздің Қарулы күштері заман талабына сай ел қауіпсіздігінің қалқанына айналды. Конституцияны қабылдау еліміздің құқықтық жүйесін, өзегін қалыптастыруға мүмкіндік берген тағдырлы таңдау болды. Бүгінгі Конституция Қазақстандық мемлекеттіліктің тиімді дамуын қамтамасыз еткен заңның үстемдігі мен сәтті мемлекет саясатының іске асырылуының әйгілі көрінісі. Конституция қоғамның ілгері дамуының кепіліне айналып, тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттік құрылысының негізгі қағидаттарын бекітті. Біз әскери қызметшілер Ата Заңда бекітілген ұлттық қауіпсіздікті, еліміздің тыныштығын қорғауға әрдайым дайынбыз. Жас сарбаздарды әскери өмірге шыңдаудың қиындығына төзіп келеміз. Бұл жолда алдағы уақытта да абыроймен еңбек етеміз. Жанымыз нәзік болса да, берген сертімізге адалмыз» дейді біз тілдескен әскери қызметші Саясат Маратқызы. 

Мерейді  өсірген  марапат

Мемлекеттің қалқанына айналған сала қызметкерлері айтулы мереке қарсаңында назардан тыс қалмасы белгілі. Осы орайда, әскери бөлімде салтанатты жиын өтіп, бөлім командирі, подполковник Бегайдар Күртібаев Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын қолдап, тәуелсіздік тірегі – Ата Заңға адалдық танытуға үндеді.

 Мерекелік кеш барысында әскери міндетті мінсіз атқарған үздік сарбаздар марапатталды. Атап айтсақ, штаб бастығының орынбасары Руслан Отыншиев «ІІ дәрежелі Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, ІІ ротаның старшинасы, сержант Ғасыр Базилов бөлім командирі атынан грамотаға ие болды. Бұдан басқа бірқатар сала қызметкерлері Құрмет грамоталарымен марапатталды. Естелік сый ретінде Ұлттық ұланның қолсағаты табыс етілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз