Жарнама
Құқық

Бағалау қызметінде бәсекелестік артады

Биылғы 10 қаңтарда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.

Бағалау қызметінде

Жаңа қабылданған заңға сәйкес бағалау – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалау объектiсiнiң ықтимал нарықтық немесе өзге құнын айқындау. Бұл қызметтің негізгі қағидаттарына заңдылық, объективтiлiк, анықтық, тәуелсiздiк, құпиялылық жатады. Бағалаушылардың қызметін тексеру, «бағалаушы» және «эксперт» куәліктерін беретін біліктілік емтихандарын өткізу, бағалаушылардың стандарттары мен қағидаларын әзірлеу өкілеттіктері бағалаушылар палатасына беріледі.

Бағалау туралы есептің анықтығы жөнінде дау туындаған жағдайда қайталама бағалау жүргізудің орнына есептердің сараптамасын жүргізу есептерді даярлау сапасын арттыруға және бағалаушылардың тұтынушылар алдында жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар,  бағалау қызметі  саласындағы мемлекеттік реттеу жөніндегі функцияларды Қаржы министрлігіне беру жөніндегі шаралар көзделген.

Жалпы заңдар бағалау қызметі аясындағы мемлекеттік функциялардың қысқаруына және саладағы өзін-өзі реттеудің дамуына, тұтынушылардың құқықтарын, бағалаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, бағалау қызметі субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, бағалау сапасын арттыруға, сондай-ақ, бағалау қызметін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге жәрдемдеседі.

Ал, бағалау объектiлерiне, біріншіден, жекелеген материалдық объектiлер (заттар), тұлғаның мүлкiн, белгiлi бiр түрдегi мүлiктi (жылжымалы немесе жылжымайтын) құрайтын заттар жиынтығы, оның iшiнде қараусыз қалған, иесiз қалған мүлiк, екіншіден, «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы жүргiзетiн, салықтық базаны айқындау кезiнде жеке тұлғалардың салық салу объектiлерiн (тұрғынжай, саяжайлық құрылыс, шаруашылық (қызметтiк) құрылыс, iрге қабат, тұрғынжайдың жертөлесi, гараж), кадастрлық (бағалау) құнын айқындау кезiнде жер учаскелерiн қоспағанда, мүлiкке немесе мүлiк құрамындағы жекелеген заттарға меншiк құқығы және өзге де заттық құқықтар, талап ету құқығы, мiндеттемелер (борыштар), жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер, ақпарат, сондай-ақ, зияткерлiк меншiк құқығы объектiлерi, азаматтық құқықтардың өзге де объектiлерi, оның iшiнде қараусыз қалған және иесiз қалған объектiлер жатады.

Бағалау түрлері – мiндеттi және бастамашылық бағалау. Мiндеттi бағалау Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес, мүлiкке салық салу, мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiру, сенiмгерлiк басқаруға не жалға (кейiннен сатып алатын жалға) беру үшiн жүргiзiледi. Бұл нормалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне бекiтiп берiлген мүлiктi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң еншiлес ұйымдарына сенiмгерлiк басқаруға, не жалға беру жағдайларына қолданылмайды.

Бастамашылық бағалау бағалаушының аталған Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiне сәйкес бағалау жүргiзуi жөнiнде тапсырыс берушiнiң ерiк бiлдiруi негiзiнде жүргiзiледi.

Бағалау жүргiзу құқығы сөзсiз құқық болып табылады. Аталған заңға сәйкес бағалаушы бiр ғана бағалаушылар палатасының мүшесi бола алады. «Бағалаушы» бiлiктiлiгiн беру туралы куәлiк және экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылық үшiн, сондай-ақ, қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшiн алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болмауы бағалаушылар палатасына мүшелiктiң мiндеттi шарттары болып табылады.

Бағалаушылар палатасына мүшелiкке кiру үшiн жеке тұлға өтiнiштi, жеке басын куәландыратын құжатты, «бағалаушы» бiлiктiлiгiн беру туралы куәлiктi, экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылық үшiн, сондай-ақ қасақана жасалған ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшiн алынбаған және жойылмаған сотталғандығының болмауы туралы анықтаманы; бағалаушылар палатасы белгiлеген өзге де құжаттарды ұсынады.

Аталған ережелердiң сақталмауы бағалаушылар палатасына мүшелiкке қабылдаудан бас тарту үшiн негiзге алынады. Өтiнiш иесi бағалаушылар палатасының тиiстi бағалаушылар палатасына мүшелiкке қабылдаудан бас тарту жөнiндегi әрекеттерiне бағалау қызметi саласындағы уәкiлеттi органға немесе сотқа шағым жасауға құқылы. Сарапшылардың пікірінше, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың көп болуы бағалаушылардың бәсекеге қабілеттілігін және олар ұсынатын қызметтер сапасын көтеріп, кәсіпкерлік қызметті жеке-дара билеудің жолын кеседі.

Гүлбаһрам ЖАУҒАШТИЕВА,

Атырау облысы Әділет департаментінің баспасөз хатшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button