Жарнама
Құқық

Атыраудағы жол-көлік оқиғалары: Статистика алаңдатады

Былтыр Атырау облысында 1162 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл апаттардан 85 адам қаза тауып, 1599 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Апаттардың негізгі себебі — адами фактор.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаттарының негізгі себептері жылдамдықты шамадан тыс асыру, ұялы телефонды көлік басқару кезінде пайдалану, жол ережелерін бұзу, соның ішінде маневр талаптарын сақтамау және балаларды арнайы ұстау құрылғысынсыз тасымалдау деректеріне тікелей байланысты.

Аймақта жаяу жүргіншілердің қатысуымен 514 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның салдарынан 18 адам қайтыс болған. Мопед пен скутерлердің қатысуымен 66 апат, ал балалардың қатысуымен 464 оқиға орын алған. Ал облыстық және республикалық тас жолдарда болған 195 жол апатынан 57 адам қайтыс болып, 403 адам жарақат алды. Бұл деректер көлік жүргізушілерінің жол ережелеріне салғырт қарауының салдарын көрсетеді.

– Жол апаты адам өліміне әкелсе, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша жүргізуші 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер жүргізушінің жылдамдықты асырғанын, ұялы телефон пайдаланғанын немесе шаршаңқы күйде көлік басқарғанын байқасаңыз, дереу ескерту жасаңыз немесе 102 нөміріне хабарласыңыз. Өйткені қауіпсіздік — барлығымыздың ортақ міндетіміз. Жолдағы әрбір ереже қатаң сақталуы керек. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер өз өміріне және айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана жол апаттарының алдын алуға болады, — дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қауіпсіздігін қадағалауды ұйымдастыру тобының инспекторы, полиция капитаны Айбек Әлімов.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Сурет: ОПД

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button