ТУЫСТАРЫН ТАҚЫРҒА ОТЫРҒЫЗЫП…

Өтпелі кезеңнен кейін еңсесін түзеген елдің тұрғындарын баспанамен, жер телімімен қамтамасыз ете бастағанын «жұмыртқадан жүн қырыққан» пысықайлар бас пайдасына жаратып үлгерді.

Атырау облысында соңғы жылдар көлемінде бірнеше ықшамаудандар салынып, бір кездегі тіркелген кезегі бойынша, ипотекалық өсіммен, мемлекеттік бағдарлама аясында, басқа да жолдармен пәтерге қол жеткізгендер саны көбейді. Сонымен бір мезгілде, кез келген ағзадан әп-сәтте табылатын бактериялар сынды алаяқтардың жұмысы да жанданып жүре берді. «Әкесін сабағанды көріп едім, бірақ, арбаға байлап қойып сабағанды көрмедім» дегендей, тақырға отырғызып кететіндердің түрі болғанмен, олардың ішінде биыл бар-жоғы 23 жасқа толатын Нұргүл Серікқызының «орны бір бөлек». Махамбет ауданында туып-өскен, бір баланың анасы оңай жолмен пайда табу жолында туыс-туған деген ұғымдардан да аттап жүре беретін болса керек. Себебі, оған қолындағы барлық жиған-тергенін сеніп тапсырғандар басқа емес, араласып отырған апа-жезде, нағашылары болып келеді.
Нақтырақ тоқталсақ, 2010 жылдың желтоқсан айында Нұргүл «қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» арқылы Атырау қаласынан үш бөлмелі пәтер алып беремін деген желеумен М.О-дан 35 мың доллар, М.А-нан 25 мың доллар, Н.Б-дан 30 мың доллар, ал 2011 жылдың сәуір айында А.М-тен 45 мың доллар, мамыр айында Р.Ө-дан 30 мың доллар шытырлатып санап алады. Осылайша, үш күн ішінде баспаналы боласыңдар деген оның уәдесінің соңы сиырқұйымшақталып кеткенде есін жиған туыстар жақындықты жиып қойып, сотқа жүгінеді.
Сот отырысына куәгер ретінде келген қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің тұрғын үй секторының бас маманы Марта Нұрғалиева Н.Серікованың 2009 жылы шынымен де бір жылға жетпейтін уақыт ішінде мекемеде келісім-шарт бойынша маман ретінде қызмет атқарғанын жоққа шығармайды. Кейінірек оның «пәтер алып беремін» деген желеумен жұртты алдап жүргені анықталған кезде басшылық өздерінің атына кір келтіретін қызметкердің жұмыстан кетуін талап еткен. М.Нұрғалиеваның айтуынша, айыпталушы жұмыста жүрген кезінде «мынаған көмектесе қойыңызшы» деп ешқандай өтініш білдірмеген, алайда, тақырға отырғызып кеткен жас келіншекті іздеушілер легі ол жұмыстан кеткеннен кейін де біразға дейін толастамапты. Ақшасын даулап келгендердің бірқатарының құжатын тексеру кезінде олардың пәтер алу тізімінде мүлдем жоқ екендігі анықталған. Соған қарағанда, Нұргүл Серікқызынан жапа шеккендер саны сотқа дейін жеткендермен шектелмейтіні анық.
Сотта кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізген сотталушы 2011 жылы дүниеге келген сәбиін бір өзі тәрбиелеп отырғанын және бұрын-соңды сотты болмағанын ескеруді сұрайды. Әрі, қанша дегенмен, туыстық байланыстан аттай алмады ма, жәбірленушілер де жеме-жемге келгенде кешірім беріпті. Алайда, жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін де назарға алған Атырау қаласының №2 соты кәмелетке толмаған бүлдіршіннің мүддесі үшін тағайындаған жазаның орындалуын бес жылға кейінге қалдыру жөнінде шешім қабылдайды. Сөйтіп, Нұргүл Серікова ҚР ҚК 177-бабының 3-бөлігінің «б» тармағымен кінәлі деп табылып, өзіне тиесілі мал-мүлкі тәркіленіп, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Жазасын өтеуге жалпы режимдегі түзеу колониясы белгіленді.
Осымен, «іс бітті» деп қоюға болар еді. Десек те, осы әңгіме төңірегіндегі алып-қашпа әңгіме айыпталушының сыбайластары жазасыз қалғанын айтады. Жұрттан жиған қыруар ақшаны Нұргүлдің өзі «біреулермен бөлісіп едім, олар ақыр соңында мені лақтырып кетті» деп айтады екен-міс. Алдап кеткен адамдарының алдында ақталу үшін айтты ма, шынымен сеніп қалды ма – өзіне ғана мәлім. Белгілісі, сот отырысында барлық кінәні мойнына алған.
Харам жолмен келген қаражаттың қайда екенін, неге жұмсалғанын да білетін – айыпталушы ғана. Белгілісі, ол ешкімге байлық та, абырой да әперген жоқ. Тек қана сүттей ұйыған туыстардың арасына жік түсіріп, ата-ананы жерге қаратты, бір шаңырақты ортасына түсіріп, бір сәбиді тірі жетім етуге айналды. Осы оқиға ашкөз немесе аңқау көптің ақшасын алдап алып, сан соқтырып жүрген басқа алаяқтарға сабақ болса игі!

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз