
Атырауда жыл басынан бері отбасы-тұрмыстық салада 3000-ға жуық құқық бұзушылық анықталған
Атырау облысында отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда қауіпсіздікті арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті көтеру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Тұрмыс», «Есептегі тұлға», «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз қала», «Учаске», «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты жедел профилактикалық акциялар ұйымдастырылды.
Атқарылған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен отбасы-тұрмыстық салада 2769 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, отбасылық агрессорларға 2364 қорғау нұсқамасы шығарылып, 585 тұлғаға ерекше талаптар белгіленді. Бұл жұмыстар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және зардап шеккендерді қорғауға бағытталды.
Облыстағы дағдарыс орталықтарының да атқаратын рөлі зор. 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында полиция қызметкерлерінің жолдамасымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 4 әйел мен 12 бала «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйел адамдарға арналған дағдарыс орталығына» орналастырылды.
Сонымен қатар, жәбірленушілерге психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік көмек те тұрақты түрде көрсетілуде. «Шанырақ-2008» қоғамдық бірлестігі, «Құқық», «Жарқын жанұя», «Ана үйі» қоғамдық қоры және Атырау облысы ПД ЖПҚБ қызметкерлерінің қатысуымен халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен «Шанырақ-2008» қоғамдық бірлестігінің психологтары мен полиция қызметкерлері әкімшілік тәртіппен ұсталған агрессорлармен профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді.
Жалпы, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Бұл бағыттағы шаралар одан әрі жалғасып, зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету, құқықтық кеңес беру және қоғамда отбасылық құндылықтарды нығайту жұмыстары күшейтілетін болады.