Атырауда «Жол қателіктерді кешірмейді» акциясы өтті
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу көп жағдайда жүргізушілердің саналылығына және сақтығына тікелей байланысты. Жол қозғалысына қатысушылардың тәртібіне әсер ету үшін Атырауда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Жол қателіктерді кешірмейді» ескерту акциясын ұйымдастырды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулеттің хабарлауынша, Атырау қаласының аумағында қайғылы апат салдарының айқын көрінісі ретінде жол-көлік оқиғасына ұшыраған автомобильді эвакуаторларға салып жүріп өтті.
–Бұл көріністі көпшілікке көрсетудегі басты мақсат – мұны көрген жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушылардың осындай қайғылы оқиғаға себеп болып, қауіпті жағдайдың орын алуы мүмкін екендігін түсінуіне ықпал ету. Өйткені, жүргізушілер үшін бүтін автокөліктің орнындағы металл қирандысы барлық теориялық ескертулерден де айқын әрі дәлелді көрініс болары анық, — дейді М.Ердәулет.
Акция аясында полицейлер көлік тізгіндеушілерге жол қауіпсіздігіне мұқият болу қажеттігін дауыс зорайтқышпен де айтып, хабарлады.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ