Атырауда жасөспірімдер арасында қылмыс саны төмендеді
Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы ретте, жыл басынан бері Атырау облысы көлемінде жасөспірімдермен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың қауіпсізідігін қамтамасыз ету мақсатында «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Жасөспірім және жауапкершілік» іс-шаралары өткізілді.
Атырауда 2024 жылы жасөспірімдердің қатысуымен 67 қылмыс тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 9,4 пайызға төмендеген. Тіркелген қылмыстар қатарында ұрлық, алаяқтық, бұзақылық, зорлық-зомбылық және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар бар. Қылмыстың алдын алу мақсатында 8000-ға жуық ата-ана түнгі уақытта балаларының қараусыз жүруіне жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ойын-сауық орындарына кәмелетке толмағандарды кіргізгені үшін 83 адам жазаға тартылса, алкоголь және темекі өнімдерін сатқан 171 кәсіпкерге шара қолданылды.
Есірткі қылмысы ерекше алаңдаушылық тудыруда. Биыл есірткі заттарын заңсыз сақтау және сатумен айналысқан 3 жасөспірім анықталды. Интернеттегі есірткі жарнамасын тоқтату үшін 270 сайт бұғатталып, 100-ден астам граффити жойылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін білім беру мекемелері бейнебақылау жүйесіне қосылды. Жыл басынан бері үйлерінен кетіп қалған 76 бала табылып, ата-аналарына қайтарылды.
Балаңыздың бүгінгі қауіпсіздігі – ертеңгі алаңсыз болашағы.