Атырауда жарты тоннаға жуық бекіре балығы тәркіленді

img 20240411 wa0010 Құқық

Облыс аумағында өтіп жатқан броконьерлік іс-әрекеттің, бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің, олардың өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға, алдын алу мен жолын кесуге бағытталған «Бекіре – 2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде жарты тоннаға жуық бекіре балығы тәркіленді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шара кезінде теңіздегі заңсыз балық аулаудың жолын кесуге арналған балық қорғау инспекциясымен бірлесіп, Атырау қаласы Еркінқала поселкесінде орналасқан Каспий теңізіне шыға берісінде және Жайық өзені бойындағы «Пешной» бекетінде жылжымалы кемелердің мобильдік топтары құрылған. Еркінқала, Дамба, Алғабас елді мекені айналма жолдарындағы автокөлік құралдарының қозғалысына бақылау жүргізетін мобильдік топ бөлініп, жедел қызмет атқарып жатыр.

Жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде балықтың заңсыз айналымымен байланысты 6 құқық бұзушылық анықталып, 4 қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

-Анықталған құқық бұзушылық бойынша 7 су қайығы, 8 автокөлік тәркіленіп, аулаға қойылды. Сонымен қатар 435 келі болатын бекіре балықтары және 2 кг 500 грамм бекіре балығының уылдырығы тәркіленіп,«Жайық-Бекіре өсіру зауытына» тапсырылды, – дейді аталған департаменттің баспасөз қызметінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет.

Сондай-ақ ол Жайық-Каспий аумағында балық қорын қорғау, заңсыз табылған су биоресурстарын сату мен тасымалдау және браконьерліктің алдын алу мақсатында департаменттің Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-шараларды күнделікті жүргізіп жатқанын атап айтты. Айта кету керек, 1 сәуірде басталған акцияға 31 мамырға дейін жалғасады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз