Атырауда тұрғын үй алаяғына алданғандар 500-ге жуықтады
Атырау облысында соңғы 3 жылда «тұрғын үй аламын» деген 500-ге жуық азамат алаяқтарға алданды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған департаменттің өндірісінде соңғы 3 жылда тұрғын үй алу мақсатында пай және үлескерлік қатысу арқылы пәтер алуға қызығушылық танытқан 500-ге жуық тұрғынның алдану деректерімен 6 қылмыстық іс тіркелген.
-Атап айтқанда, «Жібек жолы», «Ақмаржан-Атырау», » Baisanat Residence», «Saraishyq», «Qazanat», «Family Town» тұғын үй кешендерінің салымшыларына 5 млрд. теңгеге жуық материалдық шығын келтіріп, тұрғындар осы күнге дейін құрылысы аяқталған пәтер немесе ақша қаражаттарын ала алмай жүр, — дейді департаменттің ресми өкілдері.
Осыған орай Атырау облысы полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына тұрғын үй кешендерінен пәтер алуға қаражат салу кезінде, тұрғын үй кешені жерінің меншік иесімен құрылыс нысандарын бақылайтын мемлекеттік мекемелердің құрылыс монтаж жұмыстарын бастауға рұқсат құжаттары бар-жоғы туралы көз жеткізіп, күмәнді шарттардан бас тартып, мұқият болуды ескертеді.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ