Жарнама
Құқық

Аты аңызға айналған абыз

Өмірде алыстаған сайын биіктей түсетін тау тұлғалы адамдар болады. Солардың бірі де бірегейі – Қазақстандағы заң ғылымдарының негізін қалаушы, заң саласы бойынша алғашқы профессор, академик Салық Зиманов. Заңғар тұлға туралы жылы естеліктер айтылған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Заңгер абыз – академик Салық Зиманов» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Еркін форматта ұйымдастырылған пікір алмасу алаңына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов, Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Пәрменов, мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов, университеттің басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов, оқытушы профессорлар мен студенттер жиналды.

Саналы ғұмырында бар болмысы, асыл қасиетімен адамдықтың зиялы үлгісін көрсеткен қазақ заң ғылымының абызына айналған тұлға Салық Зиманов туралы ой толғағандардың барлығы алдымен оның кішіге қамқор бола жүретін қарапайымдылығы мен адамгершілігін арқау етті. Ғұмырының жеті жылын қанды шайқасқа беріп, қатардағы жауынгерден полк командиріне дейін көтерілген Салық Зиманұлының соғыс кезіндегі жанқиярлық батырлығы мен ерен ерлігін, бейбіт өмірде ғылыммен айналысып, заң саласынан кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, 31 жасында Қазақстан Ғылым академиясы Құқық және философия институтының директоры болғаны да мәлім.

– Салық Зиманов мектебі – үлкен мектеп. Біздің заманымыздың мемлекеттік қайраткерлері мен академиялық ғалымдарының барлығы ол кісіні тік тұрып құрметтейтін. Оның тағы бір ерекшелегі – мемлекет басшысына да өз ойын ашық айтып, тіке жеткізетіні. 1993 жылы Ташкент қаласында өтетін ауқымды конференцияға академик Зимановтың қатысатынын естідім. Ол кезде мен Сарыағаш жерінде аудандық сот төрағасы, жас ғылым кандидаты едім. Академикпен жүздесу үшін конференцияға арнайы бардым. Абырой-беделі соншалық, алғашқы сөз қазақстандық академикке жолданды. Ол кезде Қазақстанда да (С.Зиманов пен М.Баймақанов), Өзбекстанда да екі-ақ академик еді. Өйткені академик болу үшін ұзақ уақыт керек болатын. Сөйлеп тұрған, сұңғақ бойлы, бидай өңді, реңді адам екен.

Бүкіл адам сөзін ұйып тыңдап отырды. Кешігіңкіреп келгенімнен болар, маған көзі түсіп, жиын біткен соң  мені жанына  шақырып  алып: «Сен Қазақстаннан келген Алауханов емессің бе? Әділет министрі сен туралы көп айтты. Саған барамын, жұмыс орныңды көргім келеді» деді. Кейін үйге келіп, орыс тілінде «Казахстанская правда» газетінен мақалаларымды оқып жүргенін айтып, еңбектерім туралы сұрады. Мен қоғамда қазақшаға көп мән берілмейтіндіктен орысша жазатынымды және 312 беттік «Квалификация хищений, совершенных по подложным документам» деп аталатын қолжазбамның барын айттым. Мұндай еңбекке ұқсас дүниені украиндық профессордың ғана жазғанын да жеткіздім. Ол бірден аталған жұмысты алып кететінін айтып: «Ұнаса мен саған пікір жазамын. Ұнамаса қайтарып жіберемін. Бүгін жұма күні, келесі жұмада өзіңе қоңырау шаламын» деді.

Бірақ ол кезде ұялы телефон жоқ, ол кісінің біздің үйде екенін білетіндіктен үй телефонына тыным болмады. «Заң жобасын мына уақытқа дайындау керек», «Америкадан делегация келе жатыр» деген қоңыраулар түсіп жатқасын, ішімнен «менің көңілім үшін ғана айтып жатқан болар, бұл кісінің уақыты жоқ қой» деп ойладым. Тура бір жұмадан соң түстен кейін жұмыста отырсам, Салық аға хабарласып: «Жұмысың керемет! Маған ұнады. Түпнұсқасын сақтап қой. Менің пікірімді кітапқа сал» деді. Сөйтіп, 1993 жылы кітабым жарыққа шықты, – деді академиктің шәкірті Есберген Оразұлы өзінің  ұлы ұстазы жайында.

Кітап жарыққа шыққаннан кейін, Зиманов алғысөзін жазған еңбекке қызығып та, қызғанып та қарағандар көп болған. Криминология ғылымына үлкен серпін әкелген осы монографиядан кейін Салық Зиманұлы «қазақтың криминологиясына жас ғалым келдi» деп жар салған екен. Сол кезден бастап академик шәкіртіне әрдайым қолдау көрсетіп, оның еңбектерін жариялауына септігін тигізген.

Тәуелсiздiкке қол жеткiзгеннен кейiн отандық ғалымдар ғылым тiлiн қазақша сөйлетуге күш салғаны белгілі. Ұстазынан қанаттанған Есберген Алауханов та тым кенже қалып қойған саланың бiрi – криминологияға жан бітіріп, елімізді айтпағанда, Мәскеу мен Петербургте, Ташкентте басылған қазақ және орыс тілдеріндегі 20-дан астам ғылыми еңбектің, 400-ге жуық ғылыми жарияланымның авторы атанды. Оның жетекшілігімен заң ғылымдарының бес докторы, 20-дан аса кандидат, 3 магистр мен доктор PhD диссертацияларын қорғаған.

Басқосуда сөз алған Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Пәрменов академиктің заң, құқық саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін айтып, жергілікті жастарды сот саласына жұмысқа орыналасуға шақырды. Студент жастарды алған білімдерін тәжірибемен ұштастырып, заң саласында қызмет етсе, болашақта заң саласының қыр-сырын ертерек меңгеруге мүмкіндік ашылатынын да атап өтті.

– Сот жүйесіне наразылық танытып, кейбір азаматтардың заңға сенімсіздікпен қарайтыны рас. Десе де мұның бәрі өзімізге байланысты, азамат болып қалыптасып, сот жүйесін дамытамын деген жастар болса, біз әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Мұхтар Абайұлы.

«Дөңгелек үстел» басында заңғар заңгер туралы ой бөліскен Сәрсенбай Еңсегенов академиктің ғылыми жұмыспен айналысқан сәтінде қолдау көрсетіп, арнайы іздеп барғанда жетекші болуға келісімін бергенін ерекше ықыласпен еске алды. Тіпті, ғылыми еңбегінің тақырыбы мен жоспарына да өзінің ақыл-кеңесін айтып көмектесіп, жоспардың бір жақ бұрышына өз қолымен «бірлесіп жұмыс жасаймыз деп сенемін!» деп жазғанын да айтып берді. Тәуелсіз мемлекеттің тәй басып, аяққа тұруы жолында елеулі еңбегін сіңіріп, бүгінде аты аңызға айналған атыраулық академикке Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен арнайы аудитория ашу жөнінде ұсынысын да жасырған жоқ.

Салық Зиманов – «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарған біртуар тұлға. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған бұл стратегиялық құжаттың Қазақ мемлекеттілігі мен қазақ халқының тарихында шешуші ролі бар екенін ешкім де жоққа шығармайды. Ел тарихындағы тағы бір аса маңызды саяси акт – 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының (16.12.1991) жобасын дайындау жөніндегі комиссия жетекшілерінің бірі де академик Зиманов болатын. Ол сондай-ақ Жоғарғы Кеңесте Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын әзірлеу жөніндегі Конституциялық комиссияның мүшесі болып, сарапшылар тобын басқарған.

Басқосуда университет ұжымы, оқытушы профессорлар қауымы мен студенттер келген қонақтарға көкейде жүрген сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button