ЕҢ ЖАҚСЫ ЗАҢ – ӘДІЛ ЗАҢ

fotoooo Құқық

БЫЛТЫР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ АЯСЫНДА «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ» ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ ҚАБЫЛДАНДЫ. ЗАҢНАМАЛАРҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ІШІНДЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНА ЗОР СЕНІМ АРТЫП, «ПРОКУРАТУРА ТУРАЛЫ» ЗАҢДЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРДІ. ОСЫ ОРАЙДА МӘРТЕБЕСІ БИІКТЕП, АЙБЫНЫ АСҚАҚТАҒАН ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫ ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ АТҚАРУЫ КЕРЕК. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ САПАСЫН ЖАҢА САТЫҒА КӨТЕРУ ЖӨНІНДЕГІ ПРЕЗИДЕНТ ҚОЙҒАН МІНДЕТТЕР МЕН ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ БҮГІНГІ КҮНІ ОБЛЫСТА ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫН АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ БАУЫРЖАН ЖҰМАҚАНОВ ӘҢГІМЕЛЕДІ.

– Бауыржан Альбертұлы , әңгімеміздің әлқиссасын қадағалаушы мекеменің тарихынан бастасақ…

– Иә, өткенсіз – бүгін, тарихсыз – болашақ жоқ болар еді… Атырау прокуратурасының өткені мен бүгінін алдымызға жайып салатын бай тарихы бар. Ол мұрағат парақтарында, басылым беттерінде, кітаптарда мәңгілікке хатталған. Атап айтқанда, Қазақ КСР-ының алғашқы прокуроры, жерлесіміз Шафхат Бекмұхамедов болған. Ол әйгілі Мақаш Шолтырұлы Бекмұхамедовтың ұлы, елде «Мақаш правитель» аталып кеткен әкесінің абыройлы атағын ілгері жалғастырған айтулы дегдар. Тағы бір жерлесіміз Боран Айтмағанбетов те отызыншы жылдардың басында Қазақстан прокуратурасын басқарды. Атырау (Гурьев) прокуратурасы алғаш рет облыс құрылған 1938 жылы дербес отау көтерді. Оған дейін бұл аймақ Орал (Батыс Қазақстан) облысының құрамына кіретін «Гурьев округі» атанды. Облыстың алғашқы прокуроры Қалқан Төрешов Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін прокуратура тізгінін ұстады. Одан кейінгі 30 жылдай уақытта облыс прокуратурасына Б.Тапалов, К.Бейсенбин, Г.Лұқпанов, А.Нұрғазинов, Т.Нәзіров сынды аға ұрпақ өкілдері басшылық етті. Неміс фашистеріне қарсы соғыс жылдарында қызмет еткен прокуратура қызметкерлері арасынан жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Мұса Баймұқановтың есімі ерекше атауға әбден лайық. Оның прокуратурадағы тергеуші қызметін сұрапыл соғыс үзіп кетті. Отан қорғауға алғашқы лекте өз еркімен аттанып, Отанды сүюдің үлгісін көрсетті. Ол Ұлы Жеңіске санаулы күндер қалғанда жау қолынан қаза болды. «Батыр» атағына ұсынылғанын өз құлағымен естіп кетті. Соғыстан кейінгі жылдарда Атырау прокуратурасында өшпес ізі қалған жарқын тұлғаның бірі – академик, Қызылқоғаның тумасы Салық Зиманов. Әділдік пен биік парасатты ту еткен заңгер өзінің саладағы мінсіз қызметін ғылыми деңгейге көтерді. Мемлекет басшысы «Салық Зиманов егемен еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруға және заң саласын дамытуға зор үлес қосты. Оның ел мүддесі жолында атқарған еңбегі өскелең ғалым ұрпақтарына қашанда үлгіөнеге» деп атап өтті. 1966-1984 жылдар аралығында Қазақ КСР прокуроры болған Өтеген Сейітовтің туғанына 100 жыл толу мерейтойына орай биыл прокуратура органдары үшін «Сейітов жылы» деп жарияланды. «Әділ биі болмаса – бірлігі кеткен ел ғаріп, қадірін білмесе – қайратты туған ер ғаріп» деп жыраулар жырлағандай, жуырда халық мүддесін көздеген тұлғалар Салық Зиманов пен Өтеген Сейітовтің құрметіне халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда заңгерлердің өмір жолы, ғылыми мұрасы көпшілікке насихатталып, жас буынға үлгі-өнеге болды. 1960-2000 жылдар аралығы облыс прокуратурасы үшін жемісті кезең болды. Құқық қорғау, заңдылықтың сақталуын қадағалау, азаматтардың құқы мен заңды мүдделерін қорғау бағыттарындағы жұмыстары ілгері басып, прокуратура органдарының беделі артты. Бұл жылдары облыс прокуроры қызметін Д.Досполов, О.Боранбаев, И.Сейітов, М.Жөргенбаев, Р.Мамырбаев атқарып, абырой биігінен көрінді. Кейін Атыраудың киелі топырағынан абыроймен еңбекте өсіп, олар Бас прокурордың орынбасары және басқа да орталықтың басшылық қызметтеріне дейін жоғарылаған. Кейінгі жылдары жерлестеріміз М.Есімов, ІІІ сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Х.Дәуешов сынды азаматтар облыс прокуратурасын басқарып, заңдылықтың үстемдігін қамтамасыз ету жолында бар күшжігерін жұмсады. Ұзақ жылдар бойы өңір прокуратурасында адал қызмет еткен, бүгінде арамызда жоқ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгерлері Б.Бисенқұлов, С.Шөреев, А.Түлекбаев, А.Борашев, Б.Қадырғалиев, Қ.Сисенғалиев, А.Орақовтың жарқын тұлғалары ешқашан ұмытылмайды. Облыс прокуратурасында әртүрлі басшылық қызметтер атқарып, облыс прокурорының орынбасары болған Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері Ғайса Жапаров ағамыздың прокуратураның бірнеше буын қызметкерлерін тәрбиелеудегі орны ерекше. 1980-2000 жылдары облыстағы заңдылықты сақтаудағы әріптестеріміздің еңбектері ешқашан ұмытылмайды және олардың есімдері өмір бойына облыстық прокуратура тарихында тасқа басылып қалды. Олардың қатарында жерлестеріміз Е. Досанов , Х. Көшқалиев, С. Еңсегеновтерді атапөтуге болады. Ардагерлер Р.Әйтенова, Ә.Құмғанбаева, Ғ.Сүлейменов, Р. Қадырғалиева , Х. Қасымов , М. Төленбаев, Ә. Жарылғасов, П. Құтқожа, С. Дүйсенбекова, А. Бадилов, Ғ.Мүрсалиев және басқалар – прокуратураның мақтаныштары. Прокуратура тарихы – тағылымға толы тарих. Оны болашақ буынның есінде ұстау – қасиетті парызымыз. Осы бағытта өзіміздің жеке мұражайымыз жұмыс жасайды. Онда облыс прокуратурасының жүріп өткен сара жолы жатыр. Жүздеген әріптестеріміздің өмір тарихы, еңбектерінің қатпар-қатпар көріністері қамтылған. Осылайша, сонау 1938 жылдан бергі тарих осы мұражайдағы құжаттарда, деректер мен мағлұматтарда сақтаулы тұр.

ТӘРТІП БАР ЖЕРДЕ ТҰРАҚТЫЛЫҚ БАР

– Прокуратураның басты міндеті мен жетістіктері туралы не айтасыз?

– Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Оларды қорғауға еліміздің Конституциясы кепілдік береді. Осы орайда қоғам мен мемлекетте заңдылыққа қол жеткізу – прокуратура жұмысының негізгі және басты мақсаты екені белгілі. « Прокуратура туралы» Конституциялық заң ең алдымен прокуратура органы қызметінің құзыреттілігін, ұйымдастырылуын және тәртібін белгілейді. Сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік-құқықтық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды қалыптастыру, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғам бірлігін сақтау мәселелері ерекше мәнге айналды. 2021 жылы енгізілген үш буынды модельдің арқасында адамдардың күдікті ретінде қылмыстық процеске заңсыз тартылуы тыйылды. Сондай-ақ кінәлілердің жазадан құтылып кетпеуі де бақылауда тұр. Бұл модель айыптауға басымдық бермейді. Себебі, полиция, прокуратура және соттың функциялары мен өкілеттіктері нақты бөлінген, яғни қылмыстық процесте әр органның өз жауапкершілік аймағы бар. Жаңа форматқа сәйкес қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының тұлғаны күдікті деп тану туралы қаулылары прокурормен тікелей келісіледі. Мұндай тәртіп негізсіз айыптаудан қорғауды қамтамасыз етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, жазықсыз жандар сотталып кетпейді. Бұл жұмыстың нәтижесін санмен есептесек, жыл басынан бері прокурорлар 7 мыңға жуық шешімнің заңдылығын тексеріп, 189 қолдаудан бас тартты. Ал, 39 адамға қатысты бірден жауаптылықтан босату шешімі қабылданды. Қадағалау өкілеттіктері арқылы жеке адамға қарсы қылмыстар туралы хабарламаларды қабылдау, тіркеу және шешу кезінде 2 заң бұзу фактісі анықталды. 6 прокурорлық ден қою актісі енгізіліп, 7 лауазым иесі тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Мұндай ауқымды жұмысты облыс прокуратурасында біліктілігі жоғары кадрлар атқаратынын ерекше атап өткім келеді.

– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы прокуратурада қалай жүзеге асуда?

– Цифрландырудың арқасында қадағалау органдарының жұмысы ашықтыққа тиімді қол жеткізді. Облыста электрондық қылмыстық істер жобасы жұмыс жасайды. Заманауи IT технологиялар сот ісін жүргізуді тіркеуден бастап, үкім шығаруға дейінгі барлық сатыларын цифрландыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде барлық істің 98%-ы электронды түрде тергелуде. Бұл тергеудің ашықтығын қамтамасыз етіп, уақытты едәуір үнемдейді және іс құжаттарын бұрмалауға мүмкіндік бермейді. Құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруда «Электрондық қылмыстық іс» (Е-ҚІ), «Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі» (ӘІБТ), «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ), «Е-Өтініш» цифрлық жобалары маңызды роль атқарады. Айта кетейін, бұрын прокурорларға барлық азаматтық істер бойынша сотқа қатысу міндетті болатын. Бертін келе бұл функциялар біршама азайды. Себебі, дауды шешудің соттан тыс тетіктері – бітімгершілік келісім жасасу, медиация, басқа да жаңа әдістер енгізілді. Қазір прокурорлар азаматтық сотқа тек маңызды істер бойынша қатысады. Айталық, өзін-өзі қорғай алмайтын тұлғаларды қорғау қажет болғанда және кәмелетке толмағандарға қатысты процестерге қатысады. Бұл өте маңызды өзгерістер. Бұл жаңашылдықтардың мақсаты – адам құқықтарының қорғалу деңгейін арттыру және заңның үстемдігін бекіту, соның арқасында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға себепші болады.

АШЫҚ ҚОҒАМ. ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ

 – Былтыр қабылданған «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның негізгі ережелері қандай мүмкіндіктерге жол ашты?

– Заманында көне рим философы Эпиктеттің заңнамалық жинақтардың негізгі құндылығын айқындайтын «Ең жақсы заңдар дегеніміз – әділ заңдар» деген сөзі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Тек әділ заң ғана қоғамда құқық тәртібінің негізін құрай алады. Сондықтан да құқық нормалары талаптарының орындалуы, оның әрбір азаматтың іс-әрекеттік дағдысына айналуы – «құқықтық тәртіп» ұғымының көрінісі. Іс-қимылдың заңдылықпен астасып жатуын оны (заңдылықты) жүзеге асырудың көрінісі дей аламыз, яғни бұл әр адамның құқық нормалары талаптарын жүзеге асыруы, оны ұстануы. Былтыр 5 қарашада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Конституциялық заңына қол қойды. Осылайша, азаматтардың өтініштерін қарау тәсілдері өзгерді. Бұған дейін шағымдар уәкілетті органдарға қарау үшін жолданып отырса, енді прокурорлар халықтың мәселелерін өздері қарайды. Ол үшін прокурорлар қарайтын шағымдардың тізімі кеңейтілді. Тұрғындардың өтініштері бойынша мемлекеттік органдар әрекетсіздік танытса, прокурорлар ықпал етіп, тиісті шараларды қолданады. Егер адам физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларға және өзге де жағдайларға байланысты өзінің құқығын қорғай алмаса, прокурор арыз-шағымды қарай алады. Прокурорлар бизнес мүдделерін қорғау мақсатында жеке кәсіпкерліктің қызметіне мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы, өзін-өзі басқару органдарының, олардың лауазымды тұлғаларының араласуы туралы арыздарға да назар аударады. Бұл ретте прокуратура өзге мемлекеттік органдардың функцияларын ауыстырмайды. Жалпы прокуратура туралы жаңа конституциялық заңның қабылдануы адамның, мемлекеттің және бизнес субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда прокурорлардың құзыреттілігі мен әлеуетін кеңейтетіні сөзсіз. Президент және Бас Прокурор қойған міндеттері күн тәртібінен түспейді. Конституциялық заң қадағалау қызметіне гуманистік бағыт беруді және прокуратураның құқық қорғау әлеуетін арттыруды көздеп отыр. Мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету прокуратураның негізгі міндеті болып бекітілді. Бұл құндылықтардың мемлекет үшін маңызы Конституцияның 1-бабында көзделген. Қайталап айтамын, прокуратура қызметінің басты мақсаты – заңның бұзылуына жол бермеу, азаматтардың құқықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау, бұзылған жағдайда оларды қалпына келтіру. Конституциялық заң прокуратураның қадағалау өкілеттіктерін жүйеледі, оның жұмысының кепілдіктерін нығайтты. Прокурорлардың қадағалау бойынша талаптарын орындау шарттары, тексеру жүргізудің негіздері мен тәртібі, тексеруге жататын субъектілердің құқықтары мен міндеттері жіктеліп көрсетілді. Күшіне енген актілерге баға беру функциясының мәні айқындалды.

 ХАЛЫҚ СЕНІМІ МАҢЫЗДЫ

– Қарапайым халық прокуратура қызметкерлерін әділдіктің жақтаушысы деп таниды. Ендеше, қадағалаушы мекеменің қызметкеріне қандай талап қойылады?

– Әрине, прокурор азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыспен күрес, халықтың сенім деңгейін арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Біз үшін халықтың сенім артуы, прокуратураға келіп шағымданудан қоры қпауы өте маңызды. Бұл тұрмыстық, еңбек және басқа да әлеуметтік мәселелер, шенеуніктердің әрекеті немесе әрекетсіздігі болуы мүмкін. Сол үшін жеке қабылдаулар ұйымдастырылады. Ал, бастысы прокурор әр адаммен тіл табысып жұмыс істей алатын, ұйымдастырушылық қасиеттері жоғары, тез шешім қабылдауға бейім, мейірімді және әділ адам болуы тиіс. Жалпы, үлгілі, мәдениетті және моральдықиманды болу – әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы мен борышы.

 – Атаулы мереке қарсаңында әріптестеріңізге тілегіңіз бар ма?

– Мемлекет басшысының прокуратура органдарына зор сенім артып, заңымызды конституциялық деңгейге көтеруі ел азаматтарының құқығын әділ де шынайы қорғаудың жолдарын белгілеп, іске жаңа серпін берді. Прокуратураның беделі еселеп өсіп, оның әлеуметтік маңызы арта түсті. Президент қойып отырған маңызды міндеттерді орындай отырып, прокуратура заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі мемлекеттің сенімді тірегіне айналды. Иә, прокуратура қызметкерлері өздерінің кәсіби шеберліктерін дәлелдеп және мамандықтарына адалдық таныта отырып, қадағалау органдарының қалыптасу шежіресіне өз үлестерін қосып келеді. Елдегі конституциялық тәртіп пен заңдылықты сақтауда, мемлекеттің қарқынды дамуын қамтамасыз етуде қызметкерлердің еңбегі өлшеусіз. Облыстық «Atyraý» газеті арқылы барлық әріптестерімді кәсіби мереке – Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Заңдылық пен құқық тәртібін сақтау жолында атқарып жүрген ерен еңбектеріңізде толайым табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, қызметтеріңізге табыс, отбасына бақ-береке тілеймін!

– Толымды жауабыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

 Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз