
Атырауда “Тасымалдаушы” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде
Республикалық рейдтік іс-шара 14-16 қаңтар аралығында жалғасады. Жұмыстар басталғалы 100-ден аса құқықбұзушылық анықталды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, профилактикалық жұмыстарға патрульдік полиция қызметкерлерінен бөлек жергілікті атқарушы органдар, көліктік бақылау инспекциясы, мемлекеттік кірістер органының қызметкерлері жұмылдырылған. Мақсат — заңсыз жолаушылар тасымалы мен жүк тасымалы кезіндегі заң бұзушылықтардың алдын алу.

-Жедел-профилактикалық іс-шара басталған тәуліктің өзінде 100-ден аса құқық бұзушылық анықталып, оларға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұлдар салынды. Соның ішінде жүк тасымалдау ережесін бұзған, техникалық жарамсыз көлік құралдарымен, техниалық қайта жабдықталған көліктермен жолаушы тасымалдаған жүргізушілер бар, — деді патрульдік полиция батальоны командирінің қызмет жөніндегі орынбасары Өсер Жәңгірхан.
Айта кетейік, көлік құралдарының жай-күйі мен техникалық байқаудан өтуі, сақтандыру шартын жасату, көлікке жүк тиеген кезде оның жолға құламауы мен қоршаған ортаға зиян тигізбеуі маңызды. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда жүргізушілерге 5-20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.