
Атырауда «Қорғау-Сергек» арқылы 21 айыппұлы бар көлік анықталды
Атырау қаласында цифрлық технологиялар арқылы жол қауіпсіздігін бақылау жүйесі өз нәтижесін беруде. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қорғау-Сергек» бағдарламалық кешені белсенді түрде қолданылып келеді.
Аталған жүйенің көмегімен патрульдік полиция батальоны мен Жедел басқару орталығының қызметкерлері күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізіп отыр. Жуырда Сұлтан Бейбарыс көшесінде DODGE автокөлігі тоқтатылып, жүргізушінің жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланғаны анықталды. Бұл дерек бойынша белгіленген заңдылыққа сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
Сонымен қатар, «Қорғау-Сергек» жүйесі арқылы 21 төленбеген айыппұлы бар Toyota көлігі Қ.Сәтбаев көшесінің қиылысында тоқтатылып, айыптұраққа қойылды.
«Қорғау-Сергек» — жол қозғалысы саласындағы құқықбұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін интеллектуалды бақылау жүйесі. Бұл жүйе құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне, әкімшілік айыппұлдардың уақтылы орындалуын бақылауға және жолдағы тәртіпті күшейтуге мүмкіндік береді.
Цифрлық технологиялардың енгізілуі тек құқық бұзушылықтың алдын алуға емес, сонымен қатар ашықтықты, әділдікті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ