Атырауда аудан мектептерін террористік актілермен қорқытқан оқушы анықталды
Облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Ақпараттық талдау орталығымен бірлесіп, аймақтағы мектептердің бірінің тоғызыншы сынып оқушысын анықтады.
Polisia.kz сайты хабарлаған мәліметке сүйенек, жасөспірім анонимді Telegram-арна құрып, онда 21 сәуір күні Индер ауданындағы мектептерде террористік акті жасалатыны туралы хабарлама жариялаған. Жазбамен бірге интернеттен жүктеп алған қарудың суретін салған.
–Қазір оның осындай басқа да Telegram-арналар құруға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген аталған интернет ресурс таратқан мәліметте.
Айта кету керек, еліміздің Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделетінін еске салады.
Өз тілшіміз