
Атырауда әйел адам орталық көшеде жолға жатып алды
Атырау қаласының орталық көшелерінің бірінде көпшіліктің назарын аударған оқиға орын алды. Куәгерлердің айтуынша, белгісіз әйел адам күндізгі уақытта жолдың дәл ортасына жатып алып, өтіп бара жатқан жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қолымен түрлі ишаралар көрсеткен.
Оқиға салдарынан көлік қозғалысы біраз уақытқа тежеліп, жүргізушілер әйел адамды соғып алмау үшін жылдамдықтарын баяулатуға мәжбүр болған.
Біз “Atyrau OIL” әлеуметтік желі парақшасында жарияланған бейнежазбадағы бұл жайтқа байланысты облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулетке хабарластық.
– Бұл оқиға 27 наурыз күні сағат 14:30 шамасында орын алған. Жедел басқару орталығынан Қ.Сәтпаев пен Ә.Молдағұлова көшелерінің қиылысында белгісіз әйел адамның жерде жатқаны жөнінде полиция қызметкерлеріне хабарлама түсті. Медициналық сараптаманың нәтижесінде оның жеңіл дәрежелі алкогольдік мас күйде болғаны анықталды. Жеке басын анықтау барысында оның мүлде құжатсыз және тұрақты мекенжайы жоқ екені белгілі болды. Осыған байланысты ол Атырау қаласындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа орналастырылды, – деді М.Ердәулет.
Қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірген бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА