
Атырау прокуратурасы 200-ден астам баланың құқығын қорғады
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – прокуратураның басты басымдықтарының бірі. Атырау қаласының прокуратурасы жыл басынан бері 200-ден астам баланың заңды мүдделерін қорғап, түрлі заң бұзушылықтарды анықтады.
Прокурорлық тексеріс нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар мен полицияның 24 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Кейбір полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаушының қатысуынсыз әкімшілік хаттамалар рәсімдегені белгілі болды. Прокуратураның наразылығы негізінде 197 хаттаманың күші жойылды.
Сондай-ақ мүгедектігі бар балалардың үйден оқуы үшін тиісті жәрдемақы төленбегені, жетім балалардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне қойылмағаны анықталды. Прокуратураның араласуымен 3 жетім бала тұрғын үй кезегіне енгізіліп, 7 мүмкіндігі шектеулі балаға жәрдемақы төленді.
Құқық қорғау органдары киберқылмыспен күресті де күшейтіп, зиянды ақпараттың таралуын тоқтатты. Прокуратураның араласуымен теріс мазмұндағы, өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін және есірткіні насихаттайтын 85-тен астам интернет-ресурс бұғатталды.
Атырау облысының прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, бұл саладағы бақылауды жалғастыратынын хабарлады.