
Ата Заң – азат елдің тұғыры
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтып, жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюына жол ашқан айшықты құжат, әділет жолын айқындайтын Ата заң.
Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция – барша жарқын істеріміздің бастауы. Осы Ата Заңымыз қабылданған сәттен бастап, еліміз тәуелсіздік туын желбіретіп, дербес мемлекет ретінде алға қарай дамуымыздың жаңа сатысына өтті.
Конституция – қоғам өмірінің бүкіл салаларында және барлық деңгейдегі құқық субъектілерінің қызметіне жан-жақты ұйымдастырушылық әрі ынталандырушы ықпал ететін негізгі заң. Осыған байланысты конституциялық қағидалардың өміршеңдігі өзекті мәселе.
Конституциялық қағидаларды жүзеге асырудың ғылыми концепциясын қалыптастыру – бұл қағидалардың заңдылықтарын түсініп, оны іске асырудың тиімді механизмін табуға, қажетті кепілдіктер мен жағдайларды жетілдіруге, заңдылықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды. Ол үш бағытта жаңғыртуды қажет етті:
1. Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалап, нарықтық экономикаға көшу;
2. Әлеуметтік мемлекеттің негізін қалау;
3. Қоғамдық сананы жаңғырту.
Жаңа кезеңнің бастауы
1995 жылғы 30 тамызда тәуелсіз Қазақстан өзінің екінші Конституциясын республикалық референдум арқылы қабылдады. Жаңа Конституцияны қажет еткен жағдайлар:
1. Президенттік басқару жүйесін жетілдіру;
2. Сот жүйесіне терең реформалар енгізу;
3. Мемлекеттік меншік құрылымын өзгерту;
4. Жекеменшікке құқықтарды кеңейту;
5. Заң шығару органының құрылымын жаңарту.
Егемен еліміз адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды өз қызметінің негізгі бағыты ретінде таниды. Құқықтық мемлекет құру идеясы жарияланумен ғана шектелмей, нақты конституциялық тетіктер арқылы жүзеге асуда.
Адам құқығы – кең ауқымды, әмбебап әрі көпқырлы ұғым. Ол әрбір ұлт пен халықтың құқықтық мәдениетін қамтитын, жалпыадамзаттық құндылық ретінде бүкіл өркениетке ортақ дүние.
Қазақстан Республикасының Конституциясында тек адамның, азаматтың, мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың мәртебесі ғана емес, сонымен қатар стратегиялық құқықтық идеялар да анықталған. Онда Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны нақты жазылған.
Көпұлтты халқымыздың достығын сақтау мен ел бірлігін бекемдеуде қазақстандық патриотизм қағидасының орны ерекше. Бұл бағытта мемлекет, қоғамдық ұйымдар, отбасы мен әрбір азамат бірлесе әрекет етуі тиіс. Республика қызметінің негізгі қағидалары заңнамалық тұрғыда бекітіліп, іс жүзінде қолданыс табуда.
Қазақстанның халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны да Конституция негізінде айқындалып, уақыт талабына сай кеңейіп, тереңдей түсуде. Осы тұрғыда заңнаманы жетілдіруде Конституцияның үстемдігін сақтау – басты ұстаным.
Құқықтық мемлекет құру жолы
Конституция – егемен еліміздің тәуелсіздігін, демократиялық даму бағытын айқындайтын негізгі құжат. Ол мемлекеттің құрылымын, қоғамдық қатынастарды, билік бөлінісін, адамның құқықтары мен бостандықтарын және бүкіл құқықтық жүйенің іргетасын белгілейді. Барлық заңдар мен нормативтік актілер Конституцияға негізделіп қабылданады. Сондықтан Конституция өзгеше құқықтық мәнге ие.
Конституцияның ерекшелігі – ол әрі мемлекеттің, әрі қоғамның негізгі заңы болып табылады. Бұл оның халықтың еркін білдіретін және биліктің қайнар көзі ретінде халықты танытуымен тікелей байланысты.
Конституция мемлекетті барлық негізгі элементтерімен – аумағы, билік құрылымы, азаматтығы және заң шығару құзыретімен қоса баяндайды. Ол мемлекеттің қоғамдық институттармен өзара қарым-қатынасын, экономикалық, рухани және әлеуметтік негіздерін анықтайды.
Қоғам мен оның барлық құрылымдық бөліктері – ұйымдар, бірлестіктер, партиялар өз қызметін Конституцияға негіздей отырып жүргізуі тиіс. Конституциялық құрылымды күшпен өзгертуді көздейтін кез-келген ұйымға тыйым салынады. Бұл ережелер нақты әрі тікелей әрекет ететін құқықтық нормалар. Сондықтан құқық қорғау органдары Конституция нормаларын бұзғандарға қатысты шара қолданғанда дәл осы Ата заңға сүйенеді.
Қоғам тұрақтылығының кепілі
Қазақстанның демократиялық сипаты Конституциялық қағидалармен бекітілген. Мемлекет басшысы, Парламент және жергілікті өкілетті органдар депутаттары сайланбалы болуы – демократиялық мемлекеттің басты белгісі. Ең маңызды шешімдер халықтың тікелей немесе өкілдері арқылы қатысуымен қабылданады.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Бұл ұғым азаматтарды жұмыспен қамту, білім мен денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға қабілетті дамыған экономиканың болуын білдіреді.
Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейннің «Конституцияның күші – әрбір азаматтың оны қорғауға деген шешімінде жатыр. Конституциялық құқықтар тек әр азамат оны қорғауға өз үлесін қосуға дайын болғанда ғана іске асады» деген сөзі осыған дәлел. Яғни Конституцияның пәрменділігі – оның құрылымынан емес, халықтың оған деген сенімі мен құрметінен көрінеді. Егер әрбір азамат өз құқығын қорғап қана қоймай, өзгелердің де құқығына құрметпен қараса, Конституция өз мұратына жеткені.
Жанна ШАЯХМЕТОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты