ЖҮГЕНСІЗ ЖҮРГІЗУШІ

енді жауапкершіліктен ешкім де жалтара алмайды
Мемлекет басшысы биылғы 17 сәуірде «Жол жүрісі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық өзгерістеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңдарға қол қойды. Соның негізінде жүргізушілерге талап күшейді, айыппұлдардың көлемі де өсті. Мұның бәрі – жол бойындағы заңсыздықтарды азайту үшін қолға алынған шара.

ЖҮРГІЗУШІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

Облыстық ІІД әкімшілік
полиция басқармасының бөлім бастығы Талғат Марденов пен әкімшілік тәжірибелік бөлімшесінің аға инспекторы Арман Сейтқазиев «Жол жүрісі туралы» жаңа заңның ерекшеліктеріне айрықша маңыз береді. Олардың айтуынша, бұрынғы заң тек жол қауіпсіздігіне қатысты болатын. Ал, қазіргі заңның ауқымы одан кең. Біз жаңа құжаттың басты-басты тұстарына тоқталсақ деп едік.
Жаңа заң қалта телефоны құлағынан түспейтін жүргізушілерге талапты күшейтті. Бұған дейін де тәртіп осал емес еді. Соған қарамастан олардың қатары азайғандығы байқалмады. Ал, алдағы уақытта көлік жүргізіп келе жатып тынбай сөйлесетіндер бармағын тістеп қалуы мүмкін. Алдыменен, тәртіп бұзғандарға бес айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде (2014 жылы 1 АЕК-і 1 852 теңгені құрайды) айыппұл салынады. Тәртіпсіздік жыл ішінде қайталанса, жүгенсіз жүргі-зуші 18 550 теңгені (бұрын 12 964 теңге) төлеуге мәжбүр болады. Айта кетейік, көлік рөлінде ұялы телефон, радиостансамен құлаққап немесе дабылдатқыш арқылы сөйлесуге болады.
Бүгінде қала көшелерінің бұрыш-бұрышын таксишілер «жаулап» алған. Мұндай жүргізушілерді жол сақшыларының «көре бермейтіні» қызық. Жаңа заң енді еркелікке жол бермейді деген үміт бар. Кез келген жерге тоқтай салатын, аялдамаларға аялдап, мүгедектерге арналған орынға «темір тұлпарларын» тұсаулай қоятындарға талап күшейді. Құжаттың осы тұсына екі жаңа тармақша қосылып, жоғарыда келтірілген заңсыздықтар үшін жауапкершілік айтарлықтай өсіп отыр. Жыл ішінде жүргізуші заңсыздықты айыппұл төленгеннен кейін де қайталаса 30 және 75 АЕК көлемінде (55 560 және 138 900 теңге) айыппұл төлейді.
Жол жүрісіне қатысты қандайма заң бұзушылықтар енді ескерусіз қалмайды. Оның бәрін санамалап шығу мүмкін болмас. Дегенмен, жаңа заңдағы мас күйінде көлік жүргізетіндерге қатысты тұсты ерекшелеп айтқан жөн. Ішімдік ішіп, рөлге отырған адам қауіпті қылмыскермен бірдей. Мұны ащы суға әуестердің әлі күнге түсінбей келе жатқандығы өкінішті. Әкім-шілік полицейлердің айтуынша, көлікті мас күйінде жүргізгендер алғашқы әзірде 3 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылады. Қайталанса, оның мерзімі 6 жылға ұзартылып, ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Заң бұзушылық үшінші қайтара жасалынса, жүргізуші 30 тәулікке абақтыда жатуға мәжбүр. Қолындағы көлік жүргізу құжатынан 10 жылға айырылады. …Қатал, бірақ, қажетті шешім.

ЖЕЛМЕН ЖАРЫСҚАНДАРҒА ШЕКТЕУ

Жолдағы оқиғалардың күрт көбеюі көліктің жоғары жылдамдықпен жүретіндігіне байланысты. Сарапшылар «елдегі әрбір төртінші апат осы жағдайдан туындайды» дейді. Сондықтан, бүгінде проблеманы ауыздықтау үшін облыста жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Атырау қаласының көшелерінде қазірдің өзінде бірнеше жасанды бөгет салынды. Бұрын құйындай құйғытып жүретіндердің осы себептен амалсыз жылдамдығын тежейтіндігін күнделікті өмірден жиі көреміз. Ал, жаңа заңда желмен жарысатындарға қатысты талап күшейтілді.
– Жүргізуші белгіленген жылдамдық мөлшерін сағатына оннан жиырмаға дейін өсірген жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Жиырмадан қырық шақырымға арттырса, оның көлемі 15-ке ұлғаяды. Қырық шақырымнан жоғары болса, айыппұлдың көлемі 55 560 теңгені құрайды. 462 баптың бірінші, екінші және үшінші бөлімдеріндегі жағдай жыл ішінде әкімшілік жазаға тартылғаннан кейін де қайталанса, айыппұл мөлшері 40 айлық есептік көрсеткішке (74 080 теңге) дейін өседі, -дейді әкімшілік тәжірибелік бөлімше аға инспекторы Арман Сейт-қазиев.
«Аюға әріп үйреткен таяқ» десек те, айыппұл көлемін ғана өсіріп, жарысқандарға тыйым салу қиын. Оны полицейлер де жете түсінеді. Сондықтан, қазір бұл мәселеге орай алдын алу, болдырмау шаралары жасалып жатыр.
Бүгінде облыс орталығында «RedSpeed» деп аталатын 7 жылдамдық өлшегіш құрылғы бар. Олар Атырау қаласының әр тұсында орналасқан. Жыл басынан бері мұндай аппарат жылдамдықтың артуына байланысты 1 976 тәртіп бұзушылықты анықтапты. Жүгенсіз кеткендерге 24 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Алайда, әңгіменің өзегіне айналған жылдамдық өлшегіштің бұзылып қалатын кезі көп (оның біреуін (әуежайдың жолындағы) қаскөйлер әдейі жарамсыз еткен). Ақиқатында, «RedSpeed» -тің пайдалылығын өмірдің өзі көрсетті. Ол «бармақ басты, көз қысты» жағдайды білмейді, жүргізушінің «бөркіне» де қарамайды. Жылдамдық артса, тәртіп бұзылса, оны компьютер тіркеп қана қояды. Сол себептен шығар, құрылғы қойылған тұстан жүргізушілер байқап өтетін болып жүр. Әкімшілік полиция басқармасынан білгеніміз, қазіргі күні қалаға «ақылды камераларды» орналастыру мақсатында жұмыстар қолға алынуда. Ол жол ережесін бұзушыларды инспектордың көмегінсіз-ақ тіркей береді. Мәселен, жолдың қарсы бағытына шығып кеткендер, бағдаршамның қызыл түсіне қарамай өтіп, көше қиылысында кептеліс туғызғандар, тағысын тағылар енді жауапкершіліктен жалтара алмайды.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз