КЕҢСЕГЕ ҚАРАҚШЫЛЫҚ ШАБУЫЛ ЖАСАЛДЫ

Атырауда букмекерлік кеңсеге (бәстеспе ойындарда бәске тігілген ақшаны қабылдайтын орын) қарақшылық шабуыл жасалды. Оның анық-қанығын бізге облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА айтып берді.
Оқиға 28 қаңтар күні сағат түнгі 3 пен 4-тің аралығында болған. Бетперде киген төртеу қоғамдық орынға аяқастынан кіріп келеді. Қолдарында тапанша. Мұндай сұмдықты көрмеген ғимараттағылар аң-таң болып қалса керек. Осынау ұрымтал сәтті пайдалана қойғандар күзетші мен есепшіні ә дегеннен таяқтың астына алады. Жұлқыласып жүріп кассадағы 100 мың теңгені, жәбірленушінің бірінің ұялы телефонын қалталарына және басады.
Қарақшыларға қарсылық көрсете алмағандар кейін полицейлерді шақырыпты. Сондағы тергеушілердің анықтағаны «қару» дегені жай ойыншық болып шыққан.
– Қазіргі күні осы іс бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр, – деді баспасөз қызметінің жетекшісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз