Ақпарат адастырмасын десек…
Күнделікті келіп түскен жаңалықтардың арасында жалған ақпараттың болуы әбден мүмкін. Заман тілімен айтқанда, «хайп», «фейк», «дезинформация» хабарларды ажырата білген жөн. Оның көпшілігі «жүрекше» жинау мақсатында жасалатыны түсінікті. Әсіресе, су тасқынына байланысты төтенше жағдай кезінде кейбір ақпараттың рас-өтірігін ажырата алмай дал болғанымыз еске түседі.
Республика Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, су тасқыны жағдайына байланысты жалған ақпарат таратқаны үшін Маңғыстау және Қостанай облыстарында екі қылмыстық іс қозғалған. Екі факт бойынша психологиялық-филологиялық және фонетикалық сараптама жүргізуге қаулы шығарылды.
Ал, әкімшілік құқық-бұзушылық бойынша елде 13 дәйек анықталды. Мәселен, 14 сәуірде Атырау қаласының тұрғыны WhatsApp әлеуметтік желісінде өңірдегі су тасқынына қарсы күрес жағдайы нашарлап, Атырау облысын су басу қаупі төніп тұрғаны туралы аудиожазба таратып, халықты біраз әбігерге салды. Соған сай жедел жұмыстар нәтижесінде ұсталған азамат республика Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі нің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни 36 920 теңге айыппұл салынды.
Сондай-ақ Ақтау қаласының тұрғыны «Махамбет ауданының орталығы – Махамбет ауылына 300-ге жуық әскери қызметші келіп, жергілікті тұрғындар салған бөгетті қиратуға тырысқан» деп хабарлама таратты. Бұл үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл төледі.
Тіпті, мектеп оқушылары да жайына қарап жүрмей, жұрттың назарын жалған ақпаратпен аударуға тырысады. Мысалы, биыл 15 қаңтар күні 23 сағат 44 минут шамасында «102» нөміріне хабарлама түсіп, қаладағы мектептердің бірінің директоры мектептің Instagram әлеуметтік желісінде «оқушыларға қарулы шабуыл жасалады» деген анонимді хабарлама түскенін айтты. Мұны естіген ата-аналар үрейленіп, балаларын мектепке жіберуден бас тартты. Тексеру нәтижесінде бұл хабарламаны 2010 жылғы кәмелетке толмаған жасөспірімнің қорқыту мақсатында жариялағаны анықталды.
Республика Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің басшысы Мейірбек Төлемістің мәлімдеуінше, мемлекеттік органдар жалған ақпаратқа тұсау салу бағытында ақпарат айдынын тәулік бойы үздіксіз бақылайды. Ал, анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін онлайн платформалардың меншік иелеріне 145 ескерту хаты жолданған.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, кейде жалған ақпаратты білместікпен таратуы немесе бөлісуі мүмкін. Бірақ ол ешкімді ақтай алмайды екен, «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» деп ескертті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Атырау облысында Қылмыстық кодекстің 273-бабының негізінде тіркелген жалған ақпарат саны:
2023 ж. – 5;
2024 ж. – 6.