Жарнама
Құқық

Аңдамай сөйлеген …айыппұл төлейді

Енді жасөспірім былапыт сөз айтса, оның жауапкершілігін ата-анасы көтереді. Осы жаңалық тараған сәттен бастап, ата-аналар топтарында ескерту жазбалар жиі айтыла бастады. Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл мәселеге келгенде пікірлері екіге жарылып, қызу пікірталасқа түсіп жатыр. Бұл тақырып отбасылық дастархан басында да жиі талқыланады.

«…Бала ғой»

Расында, соңғы кезде жеткіншектердің, тіпті бесіктен белі шықпаған балалардың былапыт сөздер айтып, балағаттауға тілдері әбден үйренгені байқалады. Тәртіпті талап етудің орнына «бала ғой» деп жылы жаба салатын қоғамда жауапкершіліктің жүгі ата-анаға артылып отыр. Енді баласының балағат сөзі үшін олар айыппұл төлейді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі нақты заңнамалық негізді жария етті.

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте ата-ананың баланы тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Алғаш рет – 5 АЕК (шамамен 19 660 теңге), қайталанса – 15 АЕК (шамамен 58 980 теңге), ал ауыр жағдайларда – ата-ана 5 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

– Біз Сингапур сынды тәртіпке негізделген ел болғымыз келеді. Тәртіпке бағыну – мемлекеттің іргетасы. Бейәдеп сөз, түкіру, темекі тұқылын тастау – бәрі де тәртіп бұзушылық, — дейді ол.

Министрлік өкілінің айтуынша, кішкентай баланың аузынан шыққан бейәдеп сөз үшін қатаң шара қолданылмайды. Бірақ 14-15 жастағы жасөспірімнің қоғамдық орында боқтауы – саналы түрде жасалған әрекет ретінде бағаланып, соған байланысты жауапкершілік қарастырылады.

Дәлелдер ретінде патрульдік полицияның бейнежетоны, куәгерлердің айғақтары, әлеуметтік желідегі жазбалар, тіпті лингвистикалық сараптама ұсынылады. Жиналған материалдар учаскелік полиция арқылы сотқа жолданып, шешімді тек судья қабылдайды.

Баланың бейәдеп сөйлеуі тәрбиенің кемшіндігінен немесе қоғамдық ортаның әсерінен туындаса керек. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақ баланың тілін отбасындағы тәрбие мен қоғамдық ортаның көрінісі санайды.

Балағат сөзге үйір болмасын…

Дегенмен, бейәдеп сөз үшін салатын айыппұлды тәрбиелік және құқықтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған нақты қадам ретінде қарастыруға болады. Осы ретте тұрғындар тарапынан «Қандай жағдайда балағат сөздер үшін айыппұл салынады?»  деген сұрақтар туындауы мүмкін. Бұл сұраққа жауап берген облыстық ювеналдық соттың төрағасы Жанат Хабаров біреуді балағаттағаны үшін айыппұл төлеу заңда бұрыннан қарастырылғанын айтады.

–Тек жасөспірімдердің тәртібіне қатысты жауапкершілік күшейді. Әлеуметтік желілер мен қоғамдық орындарда айтылған бейәдеп сөздерге бірден айыппұл салынбайды. Алдымен шағымданушы тараптың өтініші бойынша дәлелдемелер жиналып, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысымен сарапталады. Ал оған құқықтық бағаны сот органдары береді, — деді сот төрағасы.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістердің мақсаты балалардың тәрбиесіне қоғамды жұмылдыруды, әсіресе ата-ананың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Баланың ісі арқылы бүкіл қоғамның тәрбиелік мәдениетіне қозғау салу.

–Соңғы жылдары кәмелетке толмағандар арасында әлеуметтік желілерде бейәдеп сөйлеу, дөрекі сөз жазу, тіпті кибербуллинг әрекеттері көбейіп отыр. Бұл – алаңдататын жағдай. Жасөспірімге тәрбие беруде отбасының рөлі ерекше. Сондықтан заңнамада мұндай құқықбұзушылықтар үшін ата-аналардың немесе заңды өкілдердің жауапкершілігі белгіленді. Мақсат – жазалау емес, баланы жауапкершілікке, әдепке баулу, — дейді Жанат Хабаров.

Облыстық ювеналдық сот төрағасының айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 127-бабының «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) білім беру, құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамау» бабы негізге алынады.

 «Басқа пәле – тілден» дейді дана қазақ. Айта кетейік, еліміздің әр өңірінде тілдік лексикон да әртүрлі. Мысалы, оңтүстік өңірде жиі қолданылатын сөз адамның эмоциясы, тіпті қалжың ретінде айтылса, өзге өңірдің тұрғыны үшін  қорлау ретінде естіледі. Мұндай бір ауыз сөз кейде дау-жанжалға, тіпті қайғылы оқиғаға себеп болып отыр. Енді «аңдамай сөйлеген айыппұл арқалайды» деген жаңа мақалды есте ұстауға тура келеді. Егер әрбір отбасы өз сөзін түзесе, қоғамның да сөзі түзеледі. Өйткені ұрпақ – бейәдеп сөздің емес, өнегелі орта мен ұлттық тәрбиенің жемісі болуы керек.

Сіз не дейсіз?

Жәнібек АМАНИЯЗОВ, облыстық халық шығармашылығы
орталығының басшысы:
Мәдениет – отбасынан басталады

– Меніңше, мәдениетті ұрпақ қалыптастыру – ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрден басталады. Ал айыппұл салу арқылы тәртіпке шақыру – бүгінгі қоғам үшін қажет шара. Дегенмен бұл мәселені тек жазалаумен шешу мүмкін емес. Адамның сөз саптауы мен мінез-құлқы бала күнінен қалыптасады. Балағат сөз айту – бүгін ғана пайда болған қылық емес, бұл – қоғамда түрлі қырмен көрініс тауып келе жатқан жағымсыз әдет. Бұрынғы ата-әжелеріміздің алдында жастар тосылып сөйлейтін.
Үлкен кісілердің жанында тұрып, бейәдеп сөз айту көргенсіздік болып саналатын.
Ал бүгінгі кейбір жастардың сөз қолданысында салиқалылықтың сиреп бара жатқаны көңіл қынжылтады. Бұл бейжай қарайтын мәселе емес. Қоғамдық мәдениеттің көрінісі алдымен отбасыдан басталады. Баланың бойына ұлттық тәрбиені, ізеттілікті, сөз әдебін кішкентайынан сіңірсек, ол сырт ортада да сол мінезін сақтайды. Қазақтың салт-дәстүрі мен сөз әдебі – өзінше бір рухани заңдылық. Белгілі заңгер, ғалым Нағашыбай Шәйкеновтің «Қазақтың салт-дәстүрінен биік заң жоқ» деген сөзі осыған дәлел. Сондықтан да ұлттың сөз мәдениетін сақтағымыз келсе, тәрбиенің тамырын тереңнен тартуымыз қажет.

Рысты ҚАЛИЕВА, атыраулық құқыққорғаушы:
«Қалта» арқылы санаға әсер ету

– Былапыт сөзге айыппұл салу – жаһандану заманындағы қоғамды тәртіпке шақырудың амалдарының бірі. Бүгінде адамдардың өмірі қаржымен тығыз байланысты екені айтпа-
са да түсінікті. Ешкім де қалтасындағы қаржысынан оңай айырылғысы келмейді. Меніңше, айыппұл арқылы адамның әрекетіне бір сәт те болса ой салуға болады. Мұны қоғамға зиян келтірмей, жауапкершілікпен өмір сүруге үндеу деп қабылдаған жөн. Жалпы мәдениеттің негізі үйдегі тәрбиеден бастау алады. «Бала – үлкендердің айнасы» деп текке айтылмаған. Әркім үйінде не көрсе, соны көшеге алып шығады. Баланың мінезі үйдегі сөзді немесе әрекетті қайталау арқылы қалыптасады. Үйде дауыс көтеріп сөйлейтін, былапыт сөз айтатын ата-ана болса, баланың бойынан сыпайылық күту – бос үміт. Ал егер отбасыда сабырлы, салиқалы орта қалыптасса, бала да соған бейімделеді. Сондықтан да ең алдымен ересектер өз әрекетіне сын көзбен қарап, үлгі
болуға тиіс. Ал қоғамдық орында балағат сөз айту фактісін қалай айғақтауға болады? Қоғамдық орынға көлік, көше, дүкендерді жатқызамыз. Балағат сөз айтылғанын аудио және бейнежазба арқылы, сондай-ақ куәгерлердің көмегімен дәлелдеуге болады. Ешкім балағаттау фактісін растай алмаса да, істің мән-жайын анықтау үшін полицияға жүгінуге мүмкіндік бар. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button