Жарнама
Құқық

АЙЫППҰЛ ТӨЛЕП, БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУ

 

Елімізде жыл басынан айыппұл төлеп босағандар саны 400-ге жуық екен. Ал, Атырау облысында 2015 жылдың он айы ішінде 25 адам еркіндікке шыққан. Атап айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексінің ескі нұсқасымен «есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сатуды» қарастыратын 259-бабы бойынша 5 адам; «жалған құжаттарды, мөрлерді, мөрқағаздарды, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізуді» қарастыратын 325-бабы бойынша 1 адам; денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген 6 адам; ұрлық жасаған  3 адам; қарақшылық жасаған 2 адам; өкімет өкіліне қатысты күш қолданған 1 адам; тонау қылмысын жасаған 1 адам үй-ішімен ертерек қауышуға мүмкіндік алыпты. Олардан барлығы 9 млн. 846 мың теңге қаражат өндірілген. Бұл сома 4 күнге бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде есептеліп, жылына 200 мың теңгедей сомаға шығады.

Жалпы, айыппұл төлеу арқылы бостандыққа шығу – әлемнің көптеген, соның ішінде батыс елдерінде бұрыннан қолданылып келе жатқан үлгі. Бұл тәжірибе көршілес Ресейде де қолданысқа енген.

— Мұндағы мақсат – біріншіден, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру; екіншіден, сотталған азаматтарды түзету; үшіншіден, сотталған азаматтар мен бөгде адамдардың арасында жаңа қылмысты болдырмау,-дейді Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Данияр Туашев. 

Ол «көпшіліктің қылмыскерлерді жаппай бостандыққа шығып кеткендей көріп алаңдауы, айыппұл төлеу әдісін қалай болғанда да қазынаға қаражат түсіру деп түсінуі негізсіз» деген пікірін білдірді. Алдымен, кез келген жазаланушының айыппұл төлеп, еркіндікке шығатын құқығы жоқ. Жазалау мерзімінің белгілі бір бөлігі өтелгеннен кейін түрме басшылығы мінездеме беріп, сотта айыпкердің түзелгені, қайтып заң бұзу әрекетіне бармайтыны дәлелденіп, барлық сот шығыны төленгеннен кейін ғана бас бостандығын беру туралы сот шешімі шықпақ.

— Жазасын өтеп жатқандар арасында түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, айыппұл төлеп шығуға ұмтылу жаппай сипатқа ие болып отырған құбылыс емес. Айыппұлды да барлығының бірдей қалтасы көтермейді,-дейді Данияр Кеңесұлы.

Қазіргі таңда облыстан айыппұл төлеу арқылы босаған 25 адам барлық сотталғандардың 14 пайызын құрайды. Ал, шартты түрде мерзімінен бұрын босағандармен қосқанда барлығы 303 адам болды. Бұл 8,2 пайызды құрайды екен. Жаңсақ қадамға барғанымен, қолымен істегенді мойнымен көтеріп, түзу жолға түскен, қоғамға қаупі жоқ сотталушының түрмеден босап шығуы материалдық жағынан тиімді деуге болады. Себебі, республика бойынша 41 мыңнан астам жазаланушы бар десек, олардың әрқайсысына жылына 600 мың теңгеге дейін қаржы жұмсалатын көрінеді. Сол сияқты, ҚР Қылмыстық кодексінің 312-бабы, яғни «пара алу» бойынша, қылмыс жасаушының айыппұл төлеп, жазалау орнынан құтылуы қарастырылған. Бұдан өзге, қазынаға қол сұққан мемлекеттік қызметкердің бұдан кейін мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуіне үзілді-кесілді тыйым салынады. Қазірде жемқорлық әрекетіне барғандардың түрмеде отырғанынан гөрі, айыппұл төлегені тиімді шешім ретінде қарастырылып отыр. Жаңа реформаның нәтижесін алдағы уақыт көрсетпек.

Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button