Әділетті қоғам – адам құқығын қорғаудан басталады
Атырауда өткен аймақтық сараптамалық комиссияның кезекті мәжілісі адам құқықтарын қорғау күніне орай ұйымдастырылып, қоғамның назарын елдегі өзекті проблемаларға аударды. Жиын барысында азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқық қорғау саласының тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.
10 желтоқсан – Адам құқықтары мен азаматтардың еркіндігін қорғау халықаралық күнінің маңызы ерекше, себебі бұдан 75 жыл бұрын дәл осы күні Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы адамзаттың құқықтары мен еркіндіктерін қорғаудың негізін қалады.
– Біздің алдымызда әлі де көптеген мәселелер тұр. Азаматтарды физикалық, психологиялық, сексуалдық және экономикалық зорлық-зомбылықтан қорғау – ең маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді механизмдерді дамыту қажет, — деді Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдары өз қызметінде заңдылық, әділдік, объективтілік және ашықтық қағидаттарына сүйене отырып жұмыс істеуі тиіс.
Шара барысында Ұлттық адам құқықтары орталығының өңірлік өкілдігі биыл қаңтар-қараша айларындағы жұмыс нәтижелерін жария етті. Биыл 137 азамат шағым түсірген, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Шағымдардың басым бөлігі құқықтық түсіндіруді қажет етті.
– Түскен 137 шағымның 95-іне заң бойынша түсініктеме берілсе, 25 шағым басқа мемлекеттік органдардың қарауына жолданды. Бұл көрсеткіш қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыру қажеттілігін көрсетеді. Жыл басынан бері Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Атырау облысы бойынша өкілдігіне азаматтардан түскен арыз-шағымнан бөлек, жеке қабылдауға келген 55 азаматтың өтініші бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Оларға жүргізілген талдау жұмыстары азаматтардың құқықтарын қорғау мен заңдылықты қамтамасыз етуге деген ұмтылысты көрсетеді. Әрбір шағым – біз үшін маңызды және олардың әрқайсысына заң аясында тиісті жауаптар мен түсініктемелер берілді. Басты мақсат – азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру және олардың құқықтық мәселелерін шешуге барынша жәрдемдесу, — деді А.Абдолов.
Өңірде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында да біраз жұмыс жасалған. Облыстық комиссиямен бірлесе отырып, қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығында әйелдерге арналған жеке қабылдаулар да өткізілді. Бұл кездесулер барысында отбасылық заңнамадағы өзгерістер мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар түсіндірілді. Өйткені қоғамдағы әйелдер мен балалардың әл-ауқатын жақсарту да өкілдіктің басым бағыттарының біріне жатады. Әрбір азамат қауіпсіздік пен әділдікті сезінуі тиіс.
Құқық қорғау мекемелеріне түскен шағымдардың басым бөлігі қылмыстық-атқару жүйесіне қатысты екен. Жазасын өтеушілер мен күдіктілерден келген өтініштер мекемелердегі тамақтану сапасының төмендігі, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы, сондай-ақ қызметкерлердің дөрекі мінез-құлқына қатысты. А.Абдоловтың айтуынша, қазір осы мәселелер бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жолданған ұсыныстарда мекемелердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылау және тамақ сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі айтылған.
Жиында құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында құрылған сарапшылар кеңесінің жұмысы туралы да сөз қозғалды. Қоғамдық бастамалар негізінде жұмыс істейтін бұл кеңес құқықтық мәселелер бойынша сараптамалық пікірлерді ұсынады.
– Біз құқық қорғау жүйесінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге тырысамыз. Сарапшылар кеңесінің мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға және оларды шешу жолдарын ұсынуға қатысады, — деді Өңірлік уәкіл.
Жиында өз ұсынысын ортаға салған Сарапшылар кеңесінің мүшесі Бақыт Шеркешбаева құрылымның басты мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін атап көрсетіп, жұмыс барысында бірнеше топқа бөлініп, түрлі мекемелердегі адам құқықтарының сақталуына саралау жасалғанын айтты.
– Анықталған мәселелерді талқылап, тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды қарап, олардың шешілуіне ықпал еттік. Барлық мәселе кеңес отырыстарында жан-жақты қаралды. 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткен «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн» акциясы аясында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы акция аясында жастардың құқықтарының қорғалуы және ата-аналардың бұл мәселеге деген көзқарасын талқылауға арналған «Мейірімді ұрпақ – зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты жиын өткізуді жоспарладық. Шараға әріптестерімді белсенді түрде қатысуға шақырамын, — деді Бақыт Кеңесқызы.
Мәжіліс соңында өңірлік өкілдік жанынан жақында құрылған сарапшылар кеңесінің мүшелері бекітіліп, қоғамдық бастамалар негізінде жұмыс істейтін консультативтік-аналитикалық органның мүшелеріне арнайы куәліктер табысталды. Ал құқықтық саланың дамуына қосқан үлесі үшін заңгер және қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты Салтанат Рахимова Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілінің Алғыс хатымен марапатталды.
Адам құқықтарын қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы бағыттағы жұмыстардың сапалы орындалуы азаматтардың сенімін арттырып, елдің тұрақтылығына әсер етеді. Атыраудағы сараптамалық комиссияның мәжілісі құқық қорғау саласындағы жаңа бастамалар мен бірлескен жұмыстардың негізін қалады.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ