Жарнама
Құқық

Әділет жолындағы маңызды қадам

Ата заңның 30 жыл толуына орай мемлекет тарапынан маңызды әрі мазмұнды қадам жасалып, рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – еліміздің қылмыстық саясатындағы гуманизм қағидатына негізделген маңызды шешім.

Азаматтарға рақымшылық қолданылу тәртібі заңда нақты көрсетілген, ол тек нақты санаттағы адамдарға қатысты жүзеге асырылады. Заң бойынша онша ауыр емес немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар, егер келтірілген зиян болмаған немесе толық өтелген болса жазадан босатылады.

Әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын кейбір санаттағы сотталушылар тіпті зиян өтелмесе де жазадан босатылады: ардагерлер, оның ішінде жергілікті соғыс қимылдарына қатысқандар, қылмыс жасаған кезде кәмелет жасқа толмағандар, 50 жастан асқан әйелдер, 60 жастан асқан ер адамдар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары бар ата-аналар (соның ішінде қамқоршылар), ерекше бала тәрбиелеп отырғандар, I және II топ мүгедектері.

Сонымен қатар жазасын өтеп шығуына бір жылдан аз қалған жазаны өтеу тәртібін бұзбаған тұлғалар да толық босатылуы мүмкін.

Заңмен жазадан толық босатуды көздемесе де, кейбір тұлғалар үшін жазаны жеңілдету шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, орташа ауыр қылмыс жасағандар үшін – жаза 50%-ға қысқарады, әлеуметтік осал санаттағылар үшін – ауыр қылмыс жасағандардың жазасы 1/3-ке, аса ауыр қылмыс жасағандардың жазасы 1/4-ке қысқарады. Басқалары үшін, егер келтірілген залал толық өтелсе – тиісінше 1/3 немесе 1/4-ке қысқарады. Басқа жағдайларда ауыр қылмыс – 1/5, аса ауыр қылмыс – 1/6 қысқарады.

Мемлекет қанша гуманизм қағидатын ұстанса да, қоғамға аса қауіпті және ізгілік пен мораль нормаларына мүлдем қайшы келетін қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілікпейді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм үшін сотталғандар, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында қылмыс жасағандар, азаптау жасағандар, рецидив деп танылған қылмыскерлер, жаза өтеу барысында қайталап қасақана қылмыс жасағандар, адам мен балаға қарсы аса ауыр қылмыс жасағандар (кісі өлтіру, зорлау, адам саудасы, ауыр дене жарақатын салу).  Жалпы, заңда Қылмыстық кодекстің 40-тан астам бабында көзделген қылмыстар үшін рақымшылық қолданылмайтыны атап көрсетілген.

Құқық қорғаушы әрі заңгер ретінде, мен Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жариялауды – уақытылы және орынды шешім деп бағалаймын. Бұл – қылмыс жасап, бірақ өкініп, түзелуге дайын адамдарға берілген мүмкіндік. Алайда рақымшылық – барлық сотталушыларға арналған кешірім емес. Бұл – қоғамға қауіп төндірмейтін, бірінші рет және онша ауыр емес әрекетке барған жандарға ғана арналған құқықтық мүмкіндік.

Әрине, «темір тордың арғы жағынан шыққандардың көбейіп кетуі» қоғамда алаңдаушылық туғызатыны сөзсіз. Сондықтан, рақымшылыққа іліккен адамдарға арнайы бейімдеу бағдарламалары қолға алынуы тиіс. Ресми кешірім емес, шын мәніндегі  –  жұмысқа орналастыру, психологиялық көмек көрсету, әлеуметтік бейімдеу шаралары сияқты шаралар жүзеге асырылса, рақымшылыққа ілінгендердің қайталап қылмыс жасау мүмкіндігі айтарлықтай азаяр еді.

Рақымшылыққа ілінгендерге әлеуметтік қолдау болғанда ғана рақымшылық – қоғам үшін қауіпсіз әрі ізгілікті шешімге айналатыны сөзсіз.

Салтанат РАХИМОВА, заңгер

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button