Жарнама
Құқық

…Адамнан айла артылған ба?

Мемлекет басшысы Жолдауында алаяқтық пен қаржы пирамидаларына, әсіресе, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес ашу жөнінде құқық қорғау органдарының алдына нақты міндеттер қойды. Расында, қазір «технология ғасыры» десек те, соның жетістіктерін жетік меңгеріп алған арамзалар халықты сан соқтыруда. Қоғамда белең алған мұндай келеңсіздікті құрықтау тәртіп сақшыларынан үлкен күш-жігерді талап етіп отыр.

Тұзаққа түспеудің амалы бар

Иә, адамнан айла артылған ба? Енді, алаяқтар халықты алдау үшін жаңа айла-тәсіл ойлап тапқан. Бұл жолы олар емдеу мекемелерінің атынан тұрғындарды флюорографиядан өтуге жазылуға шақыратын болыпты. Тұрғыннан уақытты таңдауды өтінеді, содан кейін SMS-кодпен жазбаны растауды сұрайды. Осылайша, олар адамның бүкіл жеке деректеріне қол жеткізеді.

Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Асхат Нұрмановтың айтуынша, әр адам мұндай шара тек емханада жүргізілетінін ескеруі керек.

– Сондықтан тұрғындарды қырағы болуға және алаяқтардың айла-амалдарына түспеуін сұраймыз. Егер қаскүнемге SMS-кодты айтсаңыз, олар кодтың сәтті расталғанын нақтылап, сіздің атыңызға несие рәсімдеуі мүмкін, — деп ескертті тәртіп сақшысы.

«Заманауи ұрылар» дербес дерекке қол жеткізіп, атыңызға несие рәсімдемеу үшін шектеу қоюға болады. Ол үшін «eGov» мобильді қосымшасында немесе «eGov» электрондық үкімет порталында несие алудан ерікті түрде бас тарту туралы өтініш беру арқылы өзіңізге несие алуға шектеу қоя аласыз. Несиелерді алуға салынған тыйым ең азы 6 айға белгіленеді. Бұл шектеуді кез-келген уақытта алып тастауға болады. Осылайша, өзгелердің атынан заңсыз несие алмақшы болған алаяққа тыйым салу мүмкіндігі бар.

Ал, бір танысым алаяқтың тұзағына түсірмейтін лайфхакпен бөлісті. «Маған да бейтаныс нөмірлермен жиі қоңырау шалып, әбден мезі болдым. Содан кезекті қоңырауға қазақ тілінде жауап бердім, телефонның арғы жағынан «не слышно…» деп тұтқаны қоя салды» деген ол қазір ешкім мазаламайтынына мәз.

Жалпы, банктердің қауіпсіздік қызметі немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің атынан шалынған қоңырауларға мұқият болу керек. Әңгімелесу барысында қаскүнем банктік шоттарды пайдалана отырып, қоңырау шалған адамға несие рәсімделгені туралы хабарлауы мүмкін. Бұл жағдайда әңгімені үзіп, бұл туралы полицияға хабарлау қажет.

–  Қандай да бір күмәнді қосымшаларды орнатудан сақтану керек, әсіресе құрылғыларды қашықтан басқаруға арналған қосымшылардан аулақ болған жөн (AnyDesk, RustDesk, TeamViewer және т.б.). Екіншіден, әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда тауарлар мен қызметтерді сату. Әдетте, бұл автомобильдер, тұрмыстық техника, жиһаз, тұтыну тауарлары, тамақ өнімдері және т.б. Олар кез-келген жолмен ақша қаражатын алдын-ала төлем ретінде аударуды сұрайды. Егер сіз өнімді өз көзіңізбен көрмесеңіз, мұндай сатып алулардан бас тартқаныңыз дұрыс, — деді А.Нұрманов.

Алаяққа заң бар ма?

Кибералаяқты құрықтау оңай емес көрінеді. Жаңа заманның ұрылары жазадан сытылып кетудің жолын, өздеріне заңның дәрменсіз екендігін білсе керек. Осы орайда биыл наурызда Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде киберқылмыспен күресудің өзекті мәселелеріне арналған алқалы жиын өтіп, қатысушылар қоғамдағы проблемалық жағдайлар мен олардың шешу жолдарын талқылады.

Комитет төрайымы Снежанна Имашеваның айтуынша, былтыр елімізде 21 мыңнан аса интернет-алаяқтық тіркеліп, халыққа 21 миллиард теңге залал келтірілген.

Жиынға қатысқан  Ішкі істер вице-министрі Айдос Рысбаев өзекті мәселеге қатысты деректер мен дәйектерді көптің талқысына салды.

–  Соңғы 7 жылда Қазақстанда киберқылмыс саны 10 еседен астам өсті. 2017 жылы 2046 болса, 2023 жылы 21637-ге жетті. Биылдың өзінде 3645 интернет-алаяқтық тіркелді. Бұл жалпы қылмыс санының 18 пайызын және барлық алаяқтықтың  43 пайызын құрайды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 4 мың интернет-алаяқтық жасаған 2 мыңға жуық адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушілерге 850 млн. теңге көлемінде шығын өтелді, — деді вице-министр.

Осылайша, талқылау барысында айтылған барлық пікір мен ескерту ұсыныстарға енгізілді. Енді заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті оларды қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында қарастыратын болады. Сондай-ақ күмәнді, жалған парақшаларды Мәдениет және ақпарат министрлігі бұғаттайды екен. Қазір осы функцияны Ішкі істер министрлігіне беру туралы мәселе қарастырылуда екен.

– Біз жалған парақшаларды анықтап, бұғаттау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдаймыз. Уақыт жоғалтпау үшін бұғаттауды бізге беру туралы ұсыныс та жасадық. Қазір осы мәселе қаралып жатыр, — дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері.

Сондай-ақ ІІМ-і үшінші тұлғалардың, яғни «дропперлердің» жазасын қатаңдатуды да ұсынған.

«Сужұқпастардың» сайрандауына жол жоқ

Облыс тұрғындарының ең көп алданатын қылмыс түрлері – бұл алдын-ала ақша салымдарын жасау немесе әлеуметтік желілер арқылы тапсырыстар беру екен. Соңғы кездері интернет алаяқтар әлеуметтік желілерде, соның ішінде Telegram, Facebook, Instagram-да белсенді болып, жалған боттар жасау арқылы қолданушылармен хат алмасып, олардың сеніміне кіреді. Тіпті, «зейнетақы қорынан ақша шешуге», ««Даму» қоры арқылы субсидия алып беруге» көмектесетін қызметті онлайн ұсынатын делдалдар бар көрінеді.

– Жуырда атыраулық тұрғын «OLX» арқылы алдын-ала төлеммен терезе жапсырмасына тапсырыс қабылдап, 9 адамды алдады. Қылмыстық іздестіру жұмысының нәтижесінде алаяқты Астанада құрықтадық. Сондықтан, тұрғындарды жарнамада көрсетілген ақпараттарды тексерудің қажеттігін, алаяқтардан сақ болуды ескертемін, — деді криминалдық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі Асхат Нұрманов.

Бүгінде тетікті басып қалсаң, «батпан құйрыққа батыратын» интернет-бизнеске шақырушылар да көп. Тек оның жалғаны мен ақиқатын айырсаңыз жақсы ғой… Сондай-ақ қазір алаяқтардың WhatsApp мессенджеріндегі нөмірінің профиліне әкімнің немесе мекеме басшысының фотосын қойып, олардың атынан хабарлама тарататын деректер жиі кездеседі екен. Көбінесе жәбірленушілер құқық қорғау органдарына арызданбай өз бетінше жағдайды түсіндірген хабарлама таратып, сенбеуге шақырады.

«Өтемақы» өтірік сөз…

«Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» демей ме?! Табиғаттың тосын мінезінен келген қиындық та алаяқтардың қулық әрекеттеріне себепші болыпты. Қаскүнемдер интернет арқылы «Сілтемені басып, 3 млн. теңгеге дейін өтемақы алыңыз» деген сынды жалған ақпарат таратып, тұрғындардың дербес деректерін қолға түсіруге әрекет жасап жүр. Сондықтан тұрғындар өтемақы төлеу шаралары тек жергілікті атқарушы орындар арқылы ұйымдастырылатынын есте ұстағаны абзал.

Тіпті, интернетте тасқыннан зардап шеккендерге көмек ретінде қаражат жинау туралы ақпараттың өзін жан-жақты тексеру керек. Мысалы, хабарландыруда көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалыңыз немесе телефон нөмірін ақша аудару үшін көрсетілген нөмірмен салыстырыңыз. Олай дейтініміз, алаяқтар кейде шынайы жарнамаларды жариялайды. Бірақ, жиналған қаражат олардың қолына түсуі үшін шот нөмірін өзгертіп көрсетеді.

«Видеоқоңырау арқылы тексеруге болады. Әдетте алаяқ өзінің шынайы түр-әлпетін көрсеткісі келмейді» деген полицейлер тұрғындарға кез-келген қаржылық ақпаратты мұқият тексеруге кеңес береді.

Қаржылық сауаттылық қажет

Кейде «адамнан айла асқан сайын ақымақтар көбейе ме?» деген сауал туындайды. Өйткені, адамдар сақ болудың орнына не болса соған сеніп, сан соғып қалып жатады. Әсіресе, халық «тегін», «арзан», «акция» деген жарнамаларға әуес… Бірақ «тегін ірімшіктің» қайда болатыны белгілі ғой?!

Мәдениет және ақпарат министрлігі-нің қолдауымен белсенді жастардың жобасы – «Alayaq.net» интернет-порталы іске қосылды. Аталған сайтта онлайн дүкендердің қитұрқылығы, түрлі блогерлердің «пайдалы» курстары секілді әлеуметтік желілердегі алаяқтықтың түрлі схемалары нақты көрсетіліп, көпшілікті алданудың алдын алуға әрі қаржылық сауатын арттыруға шақырады.

– Онлайн порталда адамдарға «Алаяқты қалай тез білуге болады?», «Алаяқтар қалай алдайды?», «Алаяқтықтың расталған фактілерінің тізімі» тақырыптары бойынша қолжетімді ақпарат бар. Сондай-ақ белгілі бір инфлюенсердің «қара тізімде» бар-жоғын тексеру мүмкіндігі де қарастырылған. Тіпті, «Алаяқтықпен бетпе-бет келдіңіз бе?» деген бөлімге өтіп, өзіңіздің оқиғаңызды баяндауға болады. Одан бөлек, ғаламтордағы әккі ұрылардың айласы жүзеге аспауы үшін олардың қалыптасқан әрекеттерінің үлгісі жинақталып, жобаның әлеуметтік желілерінде еріктілердің қатысуымен бейнежазбалар да жарияланады. Жастар азаматтарға заң тұрғысынан кеңес беріп, түрлі алаяқтық әдістерді қалай тез анықтауға болатыны жайлы егжейлі-тегжейлі түсіндіреді, — деді жоба жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков.

Бұл ақпараттық порталда алаяққа алданбаудың жолдары адамдарға подкасттар арқылы түсіндіріледі. Сондай-ақ «қара тізімге» ілінген телефон нөмірлері мен сайттарды білуге болады.

– «Alayaq.net» сайтында адамдар интернет-алаяқтық белгілері байқалған қызмет көрсетушілерді тіркей алады. Мысалы, сізге белгісіз нөмірден қоңырау шалып, әлдебір жеке деректеріңізді енгізуді сұраса және бұл сізге күмәнді көрінсе, ол туралы бізге хабарлай аласыз. Бірақ, мұнымен ол алаяқ деп танылмайды.  Ал, өзінің «қара тізімге» енгенін білген адам өз ісінің дұрыстығын дәлелдесе, оның деректері тізімнен алынып тасталады. Айта кетерлігі, біздің мақсатымыз – алаяқтарды әшкерелеу, ұстау емес, олардың үлгі, жүйесін көпке жариялау, түсіндіру. Сол арқылы адамдарды алаяқтың құрбаны болудан сақтау, — деп түсіндірді Н.Орынбеков.

Интернет алаяқтар жұрттан айласын асырып, ChatGPT нейрожелісін ақша бопсалау үшін пайдалана бастаған. Оның көмегімен кез-келген адамның бейнесін, дауысын айнытпай салуға болады.

Жуырда әлеуметтік желіде жасанды интеллектінің көмегімен құқық қорғау органының қызметкері болып бейнеқоңырау шалған жазба тарады. Кейін бұл оқиғаның Қарағандыда тіркелгені, 60 жастағы тұрғыннан 3 миллион теңге алдап алмақ болған алаяқтың ұсталғаны туралы дерек анықталды.

Жәбірленушінің WhatsApp желісіне «мекеме басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары қаржылық заң бұзушылықтардың алдын алу үшін қызметкерлеріміздің есепшотын тексеріп жатыр» деген хабарлама келген екен.

– Арада он бес минут өткен соң телефоныма белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін «құқық қорғау органының қызметкерімін» деп таныстырды. Есепшотым арқылы есірткі қылмысынан түскен ақша өтіп жатқанын айтты. Осыдан кейін маған басқа адам қоңырау соғып, өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, менің атыма сегіз несие рәсімделгенін айтты. Сөйтіп басқа банктен несие алып, жиналған қарызды жабуға кеңес берді. Мен қаладағы банктердің біріне барып, 3 миллион теңге несие рәсімдеп, оны қолма-қол ақшамен алып кеттім. Содан кейін олар басқа банкке барып, WhatsApp желісіне жіберілген есепшотқа ақшаны жіберуді талап етті. Сол жерге барғанда банк операторы есепшоттың шетелде тіркелгенін айтты. Бұл маған күдік ұялатты. Сол кезде банктің бөлім басшысы не жағдай болғанын сұрады. Мен оған оқиғаны баяндадым. Кейін ол полиция қызметкерлерін шақырды, — дейді алаяққа алдануға сәл-ақ қалған қарағандылық тұрғын.

Жедел әрекет еткен киберполицейлер тұрғынның банктен алған несиесін және есепшоттарын қайтадан жапқызып, оны алаяқтардың арбауынан аман алып қалды.

Мұндай дерек біздің өңірде тіркелмесе де жергілікті тәртіп сақшылары тұрғындардан банк немесе құқық қорғау органынан деп белгісіз адамдар қоңырау шалса, бірден телефон тұтқасын қойып, полицияға хабарласуды ескертеді.

– Сондықтан ең алдымен сақ болыңыздар, егер бопсалап, алдап-арбап жатса міндетті түрде «102» нөміріне хабарласыңыз. Киберқылмыстың шекарасы жоқ, мысалы былтыр Украинада отырып телефон арқылы мыңдаған қазақстандықты сан соқтырған 50-ден астам алаяқ ұсталды, — деді криминалдық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі Асхат Нұрманов.

ТҮЙІН. Иә, оңай олжа табу үшін күн сайын қитұрқы тәсілін жаңартып отыратын алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін осындай түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу қажет-ақ. Интернет алаяқтарының арбауы оңай, құрықталуы қиын болып тұрған заманда тұрғындардың ескертулерге бейжай қарамай, барынша сақ болуы керектігін түсіндік. Ендеше, қулықтың құрбаны болма, оқырман!

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button