Жүйесіз жұмыс жайсыз хабарды жиілетіп тұр

zzz Жаңалықтар

Жуырда қала іргесіндегі Көкарна ауылындағы жекеменшік үйде газ жарылып, бір отбасыны ауыр қайғыға душар етті. Ал зардап шеккен отбасының қайғысы дүйім жұртты дүрліктірді. Сол себепті осындай оқыс жағдайлардың алдын алып, елді сақтандыру үшін бұл тақырыпта әңгіме өрбітуді жөн санадық.

Қаңтардың алғашқы күндерінде болған сол апатқа құтқарушылар «жарылыс газ бен ауа қоспасының дүмпуінен болуы мүмкін» деген болжам айтты. Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті анықтау бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Саламат Оспанов қазір оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын айтты.

– Тағайындалған өрт-техникалық сараптаманы Ақтөбе өңірлік сот-сараптама орталығының мамандары жасап жатыр. Сарапшы маман 19 қаңтар күні оқиға орнына зерттеу-тексеру жұмыстарын жүргізді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалды кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректерін жариялауға жол берілмейді, – деп түсіндірді С.Оспанов.

15 қазан мен 15 сәуірдің аралығына бекітілген жыл сайынғы жылу беру маусымында департамент қызметкерлері де қауырт жұмысқа кірісіп, халық арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіретін рейдтерді жиілетеді. Дәл сондай түсіндірме жұмысы апат болған Көкарна ауылына да былтырғы қазанда жүргізілген.

– «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қызметкерлері және еріктілермен бірлесіп, бұл үйдегі жылу қондырғысын тексергенде күмәнді ештеңе анықталмады. Жалпы, газ құбырларын тұрғын және жуынатын бөлмелер, санитарлық тораптар арқылы өткізуге болмайды. Ал шағын көлемді газбен жылыту қазандықтарын немесе сыйымды газды су жылытқыштарды биіктігі кемінде 2 метр тұрғын емес үй-жайда орнатқан жөн. Күз айларында сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 1702 үйге де ерекше көңіл бөлінді. Рейд кезінде 320 газ датчигі қондырылды, – деді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Дәурен Берденов.

Мамандардың айтуынша, газ датчигі адамның өмірін сақтап қалуға ықпал етеді. Өйткені бұл құрылғы ауа құрамында улы газдың концентрациясы көбейген жағдайда дабыл қағу арқылы үй иелеріне белгі береді.

Осы тақырыпқа редакцияға хабарласқан Еркінқала ауылы тұрғынының көтерген мәселесі тұздық болғандай. Ол газ жабдығына техникалық қызмет көрсету туралы жекеменшік компаниямен келісім-шартқа отырып, кейін оларды таппай қалғанын, бұлардың қызметіне «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің қатысын сұрады. Мұның анық-қанығын білмек оймен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының бөлім басшысы Құрманбек Өмірзақовқа хабарласқан едік. Ол компанияның газды таратып тасымалдау, тұрғындарды, коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік кәсіпорындарды авариясыз және үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ететінін айтты.

– Техникалық қызмет көрсету ашық нарықта және абонент кез келген компанияны таңдауға құқылы. Көгілдір отынға қатысты техникалық қызметті сертификатталған 10-нан астам жекеменшік компания атқарады. Олар жауапкершілігіне алған шағынаудандар мен ауылдық округтер тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бірақ «104» нөміріне түскен хабарламаға «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның апаттық бригадасы жедел қызмет көрсетеді. Мұндай жағдайда біз газ келіп тұрған құбырдағы кранды жауып тастаймыз. Ал орын алған ақауды үй иесімен келісім-шартқа отырған қызмет көрсету компаниясы жөндейді. Халықтың көпшілігі оны түсіне бермейді, жауапкершілікті біздің мекемеден талап етеді. Негізінде, лицензиясы бар компания  қызметкерлері жоспарлы тексерулер жүргізіп, қажет болса тұтынушының жабдығын жөндеп, ауыстыруы тиіс. Жалпы, қауіпсіздік мәселесі газ тұтынушыға жүктелген. Сондықтан компания дұрыс қызмет көрсетпесе, тұтынушы «еОtinish» порталына шағымдануға құқылы, – деп бөлім басшысы мәселеге егжей-тегжейлі түсінік берді.

Бұған қарағанда техникалық қызмет көрсететін жекеменшік компанияларға бақылау жоқ деген сөз. Мұндай жүгенсіздік осы қызметке қатысы бар барлық мекемелердің қызметін үйлестіруші, газ жеткізуші, қызмет көрсетуші компанияларға, соның ішінде жұртшылыққа жақсы таныс Коммуналдық қызметтердің есеп айырысу орталығына (РЦКУ) да қатысты. Демек шағымдарды қарайтын мемлекеттік бақылаудың осалдығы екеніне дау жоқ.

Мамандар «тұрғындар үйдегі газ жабдықтарын, мұржа-пештерін жылына бір рет тексеріп тұруы тиіс» дейді. Бірақ тексеру жұмыстарына да қойылатын талап жоқ. Өйткені, оны лицензиясы бар кез келген жекеменшік компания жасай береді. Ендеше олардың жұмысын қадағалайтын газ-техникалық инспекциясы қайда қарап отыр екен?

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының газ және газбен жабдықтау саласындағы өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті жөніндегі 7-бабының 5-1 тармағында «облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады» делінген. Ал Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Гүлфайруз Өмірғалиева облыста газ-техникалық инспекциясының функциясы жергілікті әкімдіктерге жүктелгенін айтты.

Ендеше, жылу маусымындағы жайсыздықтың басым бөлігі көгілдір отыннан туындайтынын ескерсек, мемлекет тарапынан тұтынушылардың газды пайдаланудағы қауіпсіздігін қадағалау қызметі қашан құрылмақ? Әрине, қамданған қапы қалмайды, әр үйдегі жылу қондырғысына тұрғынның өзі жауапкершілікпен қарауға міндетті десек те, әр абонент «өз қауіпсіздігіме өзім жауаптымын» деп селқостық танытып отырғанда әділдіктің негізін қайдан іздеп табуға болады?

Бұл да «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебі…

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

***

Есіңізде болсын!

– газ құрылғыларын пайдаланған кезде терезе ашық болуы тиіс;

– жанып тұрған газ құрылғысын балалар бар жерде қараусыз қалдырмаңыз;

– қолдан жасалған газ құрылғысын қолданбаған жөн, тек зауыттан шыққан құрылғыны ғана пайдаланыңыз;

– газ құрылғыларын өз бетімен жөндеуге және тасымалдауға болмайды;

– газ иісін сезсеңіз дереу жанып тұрған құрылғыны сөндіріңіз;

– бөлмеден газ иісі сезілсе, жарылыстың алдын алу үшін электрлі қосқыштарды пайдалануға, бөлмеде темекі шегуге, сіріңке жағуға немесе оттық тұтатуға мүлдем жол берілмейді;

– газ немесе жылыту электр құрылғыларының ақауы болса арнайы мамандарды шақыртып жөндетіңіз;

– балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін үйретіңіз!

2023 жылғы мәлімет:

266 өрт дерегі тіркеліп, оның 147-сі жекеменшік үй секторында болған. Оның салдарынан:

4 адам қаза болды

1 адам зардап шекті

Улы газдан уланып, 2 адам қайтыс болды, 1 адам зардап шекті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз