АДАМ ҚҰҚЫҒЫ және АЗАМАТ ҚҰҚЫҒЫ
Біздің қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді АЙТАЛЫ мырзамен бұл жолғы сұхбатымыз осы «адам құқығы» және «азамат құқығы» деген ұғымдардың ара жігін саралай талдауға негізделді.
— Бұл өзімді көптен толғандырып жүрген мәселе еді. Кейінгі кезде «осы адам құқығы және азамат құқығы дегеніміз не? Біз үшін бұл құндылық па, әлде құндылық емес пе?» деген сұрақтар төңірегінде ой қорытумен жүрмін, – деп бастады Амангелді Әбдірахманұлы әңгімесін.
— Сол ойларыңызды біз де тыңдасақ…
— Біз осы уақытқа дейін азамат құқығы мен адам құқығын айқындай алмай, шатастырумен келеміз. Көптеген халықаралық ірі ұйымдардың тұжырымдамасы бойынша мынандай бір пастулат бар: «Кез келген азамат – адам. Ал, кез келген адамның бәрі бірдей азамат емес».
— Түсінбедік…
— Оның мәнісі мынада: Мысалы, біздің елде көптеген шетел азаматтары, Қазақстан азаматтығын алып үлгермеген адамдар бар. Міне, осылар Қазақстан азаматтарына берілген құқықтарды пайдалана алмайды. Бірақ, адам ретіндегі құқықтарын пайдаланады. Сондай-ақ, оралмандар Қазақстанның азаматтығын алғанға дейін олардың мәртебесі басқа болса, азаматтық алғаннан кейін мәртебесі де өзгереді. Елімізде адам құқықтарын пайдаланып, тұрып жатқандардың өмір сүруіне кепілдік беріп, сақтауымыз қажет. Сондықтан, кез келген азамат – адам. Біз өз елімізде әрі адам құқығын, әрі азаматтарына берілген құ-қықтарды пайдаланамыз және сол құқықтарымызбен өмір сүруге тиіспіз. Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтары Республика Конституциясынан бастап, көптеген заңдарда жазылған.
— Амангелді Әбдірахманұлы, сонда әр мемлекеттің азаматы өз елінде адам құқықтарымен қатар, Конституциясында, заңдарында белгіленген құқықтарымен өмір сүретін болса, басқа елге барғанда тек адам құқығын ғана пайдаланады ма?
— Солай. Азамат құқығына байланысты біз «мынау заңды, мынау заңсыз», адам құқығына байланысты «мынау – адамгершілік, мынау – адамгерші-лікке жат, қатал» деп жатамыз. Азамат құқығы мен адам құқығын шатастыру Кеңестер дәуірінде үлкен қателіктерге апарды. Егер қылмыс жасаса, азаматтық құқықты шектеуге болады. Бірақ, оның адамдық құқығын шектеуге болмайды, оның өміріне қиянат жасауға болмайды, оны өлтіруге болмайды, өмірін қиюға болмайды, оның ішкі өміріне араласуға болмайды. Кеңестер дәуірінде мәселенің бұл жағына мән беріл-меді. Қазір де кейде адамдық құқық мен азаматтық құқықты пайдалануда кереғарлық көрініс беріп қалады.
— Қандай кереғарлық?
— Адам құқығын бұзуға болмайтындығы туралы жиі айтылғанмен, іс жүзінде басқаша жағдай орын алатыны да бар. Мынадай мысал айтайын: Менің айтқалы отырған мәселем кезінде Парламентте де біраз әңгіме болғанмен, оның нүктесі әлі қойылған жоқ. Қазақстаннан шетелдіктер бала асырап алады. Оның басым көпшілігі – өзінің құқығының қандай екенін әлі білмейтін үш жасқа дейінгі сәбилер. Ал, Гаага конвенциясына жүгінсек, ол бірде-бір елге «жетіміңді шетелдікке асырауға бер» дегенді айтпайды. Керісінше, онда бала өзінің отбасында тәрбиеленуін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды әр мемлекет алдымен өзінде қабылдауы қажеттігі айтылған. Яғни, әр мемлекет алдымен баланы өзінің туған Отанында тәрбиелеуге жағдай жасауы керектігі – конвенцияның негізгі талабы. Өз елінде жағдайдың бәрі жасалып, сарқылғанда ғана басқа елдерге асырауға беруге болады.
«Адам құқығын шектеу, дискриминация бар» деп ашық айтушылар көп болмағанмен, бұқаралық ақпарат құралдарында пікір айтып жататындар бар. Сонда олар жұмыс берушілер жұмысқа қабылдаған кезде «тәжірибесі жоқ» деп жастарды, «егделеніп қалды» деп жасы елуге таяғандарды шеттететінін, сондай-ақ, құқығын жынысына қарай шектеу фактілері кездесетінін айтады. Шын мәнінде, мұндай шектеулердің бәрі адам құқығын бұзу болып табылады.
Тағы мынандай жағдайға назар аудару керек. Қоғамда байлар бар, кедейлер бар. Байлар қаланың ең тәуір жерінде хан сарайындай үйде тұрады. Кедейлердің бірі күркесі де болмай, біреудің бұрышын сағаласа, енді біреулері саяжайларда тұрады. Тұрар күркесі болса, соған шүкіршілік етеді. Бұл әлеуметтік әділетсіздік пе, әлде заңдылық па? Бұл жерде адам құқығын шектеу бар ма, жоқ па? Бір топтағылар «бұл – адам құқығын шектеу, бұл – әділетсіздік, теңсіздік» десе, екінші топтағылар «мұнда ешқандай дискриминация жоқ, бұл – нарықтық экономиканың заңдылығы. Баю адамның өзінің іскерлігіне, біліміне, еңбекқорлығына, қабілетіне байланысты. Мұндай жағдай барлық қоғамда, әр елде бар. Біреудің арқасында, біреудің нанын тартып жеп, бай болып отырған жоқ» деп оған дау айтады.
— Бұл пікірталасқа ара би болар ма едіңіз?
— Нарықтық экономиканың заңдылығы қоғамды жіктеуге алып келеді дейтін болсақ, бұл адам құқығын шектеу емес.
— Қазір мектеп оқушыларын бір үлгідегі киімге көшіру үрдісі тәжірибеге еніп жатыр. Бұған да «әлеуметтік теңсіздікті теңестіру шарасы» деп қараған жөн бе?
— Бәрімізді бір үлгідегі киіммен киіндіру арқылы әлеуметтік теңсіздік шешілмейді. Бір мұғалім жұмысқа қоғамдық қарапайым көлікпен келеді, екінші бір мұғалім «мерседеспен» келеді. Оқушы да осылай. Бір мұғалім баспанасыз, екінші мұғалім кең сарайда тұрады. Сондықтан, әлеуметтік теңсіздіктің мәні – тереңде. Ал, балаларды бірыңғай мектеп формасымен киіндіру Кеңес заманынан жалғасып келеді. Мен мұны да дұрыс дей алмаймын. Себебі, қалай болғанда да, біреулері қымбатын кисе, екіншілері арзанқолдысын киеді.
— Сонда адам құқығы мәселесі баршаны бірдей ойландырмай ма?
— Ойландырмайды. Осыған байланысты ана бір жылы астаналықтар арасында жүргізілген бір сауалнаманың қорытындысын айтайын. Ол сауалнама «қазіргі күні сізді қандай мәселелер алаңдатады?», «қандай құндылықтар сізді ойландырады?» деген сауалдар бойынша жүргізілген екен. Сонда тұрғындар негізінен алты мәселенің алаңдататынын айтқан. Олар – бағаның өсуі, шаhар ауасының ластануы, пәтерлердің қымбаттауы, жол сапасының төмендігі, қоғамдық көліктердің жетіспеуі. Осыған қарасақ, адам құқығы, азамат құқығы мәселелерінің көпшілікті анабір ойландыра қоймайтынын, күнде-лікті күйбең тіршілікпен өмір сүріп жатқанын көреміз.
Енді зиялы қауым арасында жүргізілген сауалнамаға да тоқталайық. «Сізді не ойландырады?» деген сұраққа олар жем-қорлық қылмысының өсуі, білім мен денсаулық сақтау қызметінің сапасы, моральдық тұрғыдан азғындау мәселелері ойландыратынын айтқан. Бай-қайсыз ба, бірінші жүргізілген сауалнама қорытындысына қарағанда мұндағы жауаптың мәні басқа. Деңгейі жоғары. Дегенмен, «зиялылардың бәрін бірдей адам құқығы, азамат құқығы мәселесі ойландырады» дегенді тағы айта алмаймыз. Сонымен, заң жүзінде теңдік, адам құқығы туралы айтылғанмен, шын мәнісінде біз күнделікті өмірдің жетегінен шыға алмай қаламыз. Өйткені, азаматтық сана әлі жеткілікті деңгейде емес.
«…Азамат құқығына байланысты біз «мынау заңды, мынау заңсыз», адам құқығына байланысты «мынау – адамгершілік, мынау – адамгершілікке жат, қатал» деп жатамыз. Азамат құқығы мен адам құқығын шатастыру Кеңестер дәуірінде үлкен қателіктерге апарды. Егер қылмыс жасаса, азаматтық құқықты шектеуге болады. Бірақ, оның адамдық құқығын шектеуге болмайды, оның өміріне қиянат жасауға болмайды, оны өлтіруге болмайды, өмірін қиюға болмайды, оның ішкі өміріне араласуға болмайды…»
Қорыта айтқанда, адам құқығы мәселесі – біздің санамыз-ға әлі терең сіңбеген құндылық. Өйткені, азаматтық қоғамға әлі толық үйрене алмай жатырмыз. Ата Заңымыз бар, онда адам құқығы да, азаматтық құқық та толығымен қорғалатындығы атап көрсетілген. Сол құндылықтарымызды іс жүзінде пайдалануға келгенде тым енжармыз, белсенділігіміз төмен. Десек те, уақыт көші бәрін де үйретеді, бәрі де орнына келеді деп ойлаймын…
Сұхбаттасқан:
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.