Миллиард теңгеге жуық қаржылық қылмыс анықталды
Облыста бюджеттің тиімді игерілуін тексеру жұмыстарының қорытындысы жарияланды. Алты ай ішінде 14 мемлекеттік және 10 квазимемлекеттік мекемеде аудит жүргізілген.
Тексеріс барысында 776 млн тг астам бұзушылық анықталыпты. Оның 93 млн тг қаржылық бұзушылық болса, 214 млн тг астамы тиімсіз пайдаланылған қаражат. Ал 468 млн тг жуық ақша тиімсіз жоспарланған.
Аудит материалдары негізінде 43 әкімшілік іс қозғалып, 19 лауазымды тұлғаға айыппұл салынған. Бюджеттен бөлінген қаржыны дұрыс пайдалана алмаудың кесірінен облыста бірнеше мектеп құрылысы да аяқсыз қалған.
«Атырау қаласы Дамбы ауылдық округінде де 300 орындық мектеп құрылысын салу бойынша бюджет қаражатын сұрап, артынан түрлі себептерге байланысты «тергеу орындарының ісінде» деп қысқартты. Әлі күнге дейін балалардың білім алуына толықтай жағдай жасалмаған. Сол сияқты Индер ауданында да 120 орындық Б. Нысанбаев атындағы орта мектептің жапсаржай құрылысын салу бойынша да монтаждау жұмыстарына рұқсатнама алу кезінде жобаға кешенді ведомстводан тыс сараптаманың уақыты 3 жыл өтіп кетті. Сондықтан, жоба әлі күнге дейін іске қосылмады», — деді Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Асылан Құмаров.
Аудит қорытындысы бойынша мемлекетке қайтарылуы тиіс 93 млн тг астам қаражаттың 63 млн тг қалпына келтірілген. Бұзушылықтардың 80%-ға жуығы Бюджет кодексі талаптарының сақталмауы кесірінен болса, 5% мекеме бухгалтерлері тарапынан жасалатын шикілік көрінеді. Мәселен облыстағы 174 мемлекеттік органда 64 штаттан тыс есепші еңбек етеді, 18 орын бос тұр.