ҮЗІЛМЕГЕН ҮМІТ
Кәкімбектің кіші ұлы Атау 1942 жылы 3 қаңтар күні Новобогат аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылады. «Әкем соғысқа кеткенде мен үш жаста болыппын, — деп маған хат жазады қызы Атауова Мұстахима, — яғни 1939 жылы өмірге келіппін. Менімен бірге ағам, апам және анам Қанымсия — төртеуміз үйде қалдық. Әкеміздің соғысқа кетуімен күнкөрістің өзі қиындай түсті, бірақ анамыз колхоздың малын бағып, күндіз-түні еңбек етті.
Кейін соғыс біткенде әкеміз майдан даласында «хабар-ошарсыз кетіпті» дегенді естідік. Анам өмірден өткенше күтумен жүріп, «әкелерің келіп қалар» деумен болды, ақыры 1949 жылы қатты науқастан дүние салды. Одан кейінгі тәрбиеміз әкеміздің жылқы бағатын інісінің қолында өтті. Ес біліп, етек жиған шақта ұлым Мұрат арқылы әкемді іздеп жоғарғы жаққа хат жаза бастадым. Оған түрткі болған нәрсе — әкеме қатысты барлық құжаттарды Исатай ауданында тұратын ағам Салахаденнің іс-қағаздары арасынан тауып алдым. Олардың арасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1944 жылғы 11 қараша айындағы шешімімен әкем марапатталған «Қызыл жұлдыз» ордені бар екен. Одан кейін Л № 826691 санитарлық кітапшасын Исатай аудандық әскери комиссариатының жауапты қызметкерлері әкеліп табыстайды». Міне, осы орден мен кітапшаны арқау етіп Мұстахима ұрыс даласында хабар-ошарсыз кеткен әкесін іздеп сан жаққа хат жазумен болады. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай ұлы Мұратпен 2015 жылдың басында РФ Президенті В.В.Путиннің атына хат та жазады. Жауынгердің қызы РФ Қорғаныс Министрлігінің Подольск қаласында орналасқан Орталық мұрағатына да сұрау салады. Олардың барлығынан да «хабар-ошарсыз жоғалды» деген бір жауап келеді.
Бүгінгі жаһандану дәуіріндегі ғаламтордың игілігін қаншама халық пайдаланып үлгеруде. Мұстахима ұрпақтары да ғаламтор арқылы «Общедоступный электронный банк документов «Подвиг Народов в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» атты сайтына кіріп, қызыл әскер Атау Кәкімбеков туралы біраз мәселеге қанық болады. Атап айтқанда, А.Кәкімбеков ІІІ Беларусь майданының Қызыл Тулы «Суворов» орденді 277 бөлімді Рославльск атқыштар дивизиясының 854-ші Қызыл Тулы атқыштар полкінде станокты пулеметтің көздеушісі болған. Әскери бөлімшенің бұйрығымен пулеметші Кәкімбеков Атауда 1944 жылдың 10 қарашасы күні толтырылған жауынгерлік марапаттау парақшасында «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары бар екендігі айқын көрсетілген. Солардың арасында жоғарыдағы «Қызыл Жұлдыз» орденін беру туралы дивизия командирінің 1944 жылдың 10 қарашасы күнгі № 082/п бұйрығында мынадай жолдар бар: «От имени Президиума Верховного Совета Союза ССР за образцовое выполнение боевых заданий Командования на фронте борьбы с немецкими захватчиками и проявленные при этом доблесть и мужество Н А Г Р А Ж Д А Ю:
Орденом «Красная звезда»
…15. Красноармейца Каимбекова Отау (түпнұсқада осылай жазылған) наводчика станкового пулемета, 854-го стрелкового Краснознаменного полка». Одан әрі марапаттау парақшасында қызыл әскер А.Кәкімбековтің 1942 жылы 1 сәуірде және 1944 жылы 6 наурызда екі рет ауыр жарақат алғандығы айқын жазылған.
Ал, енді «Ерлігі үшін» медаліне ұсынған марапаттау парақшасында қызыл әскер Кәкімбеков Атаудың ерлігі туралы біраз деректер жазылған. Атап айтқанда, «1943 жылдың 9 тамызы мен 17 тамызы аралығында А.Кәкімбеков жауынгерлік тапсырмаларды орындауда асқан ержүректілік көрсетті. Воробьев Гора селосы үшін болған ұрыста тікенек сыммен және миналанған жерден 15 метр жылжып 11 танкіге қарсы қолданылатын мина мен 9 траншеялық минадан тазартты. Оболовка селосы аймағындағы Белва өзенінен өткел салуда Атау Кәкімбеков берілген жауынгерлік тапсырманы мезгілінен бұрын орындады.
Үкіметтің «Ерлігі үшін» атты наградасына лайық. 416 бөлімше командирі аға лейтенант Емельянов».
Міне, қатардағы қызыл әскер Кәкімбеков Атау туралы тарих осылай сыр шертеді. Өмірден хабар-ошарсыз кетсе де артына үлкен ерліктің үлгісін көрсетіп бір сүйем жер үшін жанын оққа байлаған атамызға бір жерден топырақ бұйырған болар деп дәмеленеміз. Бірақ, хабарсыз кеткен сан мыңдаған адамның есімі табылып жатқан шақта бір хабары келіп қалар деп елеңдеген Мұстахиманың үміті бір күні орындалар деп сендік.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты.