Құрманғазыда қағаз шығарылады

Buqara j ne bilik Жаңалықтар

Алыстағы Құрманғазы ауданы ата-кәсіп, мал шаруашылығын өрістетуде жоғары көрсеткіштерге ие. Атырау өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып отырған аталған аймақта таяуда тың жоба қолға алынбақшы. Инвесторлар қаржысына салынатын жаңа кәсіпорын қағаз шығарады.

Ауданның ағымдағы жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігіне қатысты өзге де сауалдарға жауап берді.

Buqara jáne bilik

Су – тіршілік нәрі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифинг барысында белгілі болғанындай, жаңа кәсіпорынның инвесторлары – көршілес ақтөбеліктер. Аудандағы табиғи су көздерінің молдығы мен қамыстың көп өсуі – кәсіпкерлерді қызықтырып отырған негізгі көрсеткіштер. Аталмыш жоба іске қосылып, жүйелі жұмыс жасар болса, 100 адамды қызметпен қамтуға мүмкіндік бар. Цехтың жоспарына сай, әртүрлі форматтағы қағаз өндірісін жолға қою көзделуде. Соның ішінде кең сұранысқа ие А4 қағазын шығару да – келер күннің еншісінде.

Аталмыш ауданда су көзі көп екенін жоғарыда атап өттік. Бұл өз кезегінде су маржандарын аулауға мол мүмкіндік екені де сөзсіз. Аудан басшысының міндетін атқарушы бұл мәселеге де терең тоқталып өтті. «Ауданда балық шаруашылығымен 7 шаруашылық субъектісі айналысады. Ережеге сәйкес Каспий теңізі мен Қиғаш өзені сағалық кеңістігінен 2018 жылға 3905 тонна балық аулау лимиті бөлініп, күні бүгін 90 пайызға орындалды» деген ол жыл  аяғына дейін межелі көрсеткіштің толық жүзеге асырылатынын атап өтті.

Жол азабын жүрген білер…

Құрманғазы ауданы үшін жол тақырыбы – маңызды мәселе. Республикалық маңызы бар Атырау-Астрахан автотрассасына қатысты сауалдарға берілген жауаптан білгеніміздей, келесі жылдың көктеміне жоспарланған жұмыстарға дайындық басталған. Мердігер компания қажетті техникаларды жеткізумен айналысуда. Сонымен қатар, алыстағы Азғыр округімен байланыстың да қиындығы біраздан бері айтылып келеді. Жолдың нашарлығы себепті әуе тасымалын іске қосу туралы да ұсыныстар айтылған-ды. Алайда, шағын авиацияның қажеттілігі туралы мәселеге әлі де нақты нүкте қойылмаған. Құзырлы жобалау институттарының тарапынан бұл сауал зерттелуде.

Жалпы алғанда, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту жұмыстарына, яғни, «Жасталап-Жыланды», «Котяевка-Шортанбай» бағыттарына қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, Шортанбай ауылішілік автомобиль жолдарына асфальт төселген. Сонымен қатар, «Котяевка-Шортанбай» автомобиль жолының 4 шақырымына асфальт салынған. «Жасталап-Жыланды» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша бөлінген қаражат негізінде екі көпір жөндеуден өткізіліп, қазіргі таңда асфальт төсеуге толығымен дайын.

Қарқын  алған құрылыс

Есепті мерзім аралығындағы аудан көлеміндегі құрылыс жұмыстарының құны  14810 млн. теңгені құрады. Кадырка ауылындағы 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысына, Ганюшкин, Асан, Көптоғай, Кудряшов ауылдарында тұрғын үйлі тірек пункттерінің құрылысына, Орлы ауылындағығы дәрігерлерге арналған 2 пәтерлі тұрғын үй құрылысының сметалық құжаттарына қаражат қаралған.

Сонымен қатар, Шортанбай-Жыланды елді мекендерін қосатын Шарон өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі және Ганюшкин ауылындағы Бұзаусылан өзегі арқылы жаяу жүргіншілер көпірінің құжаттарын жасақтауға тиісті сома бөлінді.

Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылып, тиісті жұмыстар жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, Құрманғазы ауылына су құбыры желісінің құрылысына, Ақкөл ауылындағы су тазарту қондырғысын реконструкциялауға, Сүйіндік-Асан-Үштаған ауылдарына магистральды су құбыры жүйесінің құрылысын жасақтауға, Асан селосындағы  поселкеішілік су құбырының құрылысына, Үштаған селосындағы поселкеішілік су құбыры құрылысының құжаттарын жасақтауға қажетті қаражат қарастырылған.

Құрылыс жұмыстарының қатарында мәдени обьектілер де бар. Мәселен, Азғыр ауылдық округіне, Бірлік, Приморье, Көптоғай, Котяевка ауылдарына клуб ғимаратының құрылысының құжаттарын жасақтауға қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар, Балқұдық орта мектебіне асхана мен Хиуаз ауылына 140 орындық Нұрбөбек балабақшасын салу жұмыстарына да алғашқы қадамдар жасалып, құжаттар жасақталуда.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз