Жарнама
Қоғам

ЖЫР АРҚАУЫ – «МӘҢГІЛІК ЕЛ»

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мақсат – қазақ халқының бірегей мұрасы – айтыс өнерін дамыту, мәдени құндылықтар мен тарихымызды насихаттап, жастарды патриоттық рухқа  тәрбиелеу, шығармашылық кәсіби деңгейін өсіру, оларды өнерсүйер қауымға кеңінен дәріптеу  болды. Бастысы, жетістіктерді де, қоғамдағы келеңсіз жайттарды да ақындар уытты сөзімен көпшілікке жеткізіп бақты. Ал, қатысушылардың өнерлерін саралап, таразыға салып, бағалау Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері Өтепберген Әлімгереев, облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, ақындар Жәниба Қарасаева мен Бақытгүл Бабаш, теолог Айбек Аташев сынды қазылар алқасының  еншісіне тиді.

Бірінен бірі оза шапқан әр өлкенің ақындары келесі айналымға өтуге бар күш-жігерлерін салды. Көрермендер де ауыздығымен алысқан тұлпарлардың делебесін қоздырып, әр жерден қиқулап дем берді.

Алғашқы жұпты құраған маңғыстаулық Абай Жолмағамбетов пен атыраулық Жәнібек Садыровтар  тақырыпты тереңнен толғады.

Шырмауықтай шырмаған жат ағымдар

Қаншама қаракөздің түбіне жетті.

Адаспаудың жалғыз-ақ хақ жолы –

Бір Алладан тілейік шын медетті, — деп жерлесіміз Жәнібек Садыров бүгінгінің басты мәселесін төтесінен қойса, маңғыстаулық ақын да дес бермеді.

Телеарналар үндінің киносымен

Буддизмнің мәнісін танытып жатыр,

Көк жәшікке телміру міндет болса,

«Асыл арнада» талай асыл жатыр.

«Әй» дейтін әжелерім сериал көріп,

«Қой» дер қожа әженің қасында отыр.

Баласы Сирияға кетемін деп,

Кеудеде қандай  иман «тасып» жатыр,

Анасы сериалға тәуелді боп,

Баласы Сирияға қашып жатыр, — деп ащы да болса шындықты жырына арқау етті.

Енді бірде Жәнібек Садыров «әскерге бармадың» деп орағытқан қарсыласына әскерге бармай-ақ елін, жерін қорғаған Исатай мен Махамбет бабасын мысалға келтіріп, «Бел шешіп соғысқанда, сойқанды салатұғын түрім бар ғой» деп әзілмен ұтымды жауап қайтарды. Қарсыласы Абай Жолмағамбетов те осал емес:

«Қол бастаған Исатай, Махамбеттер,

Бұрынғының майоры мен генералы» — деп сұлу сөзден сыр ақтарды. Осылайша, бірін-бірі біраз ширатып, ширықтырып алып, екеуі де ел көңілінде жүрген көкейкесті мәселелерге тоқталып, тамаша айтыс жасады. Сондай-ақ, «Отыз бірде аштықты көрген қазақ, Отыз күн оразаға төзетінін» де жырға қосқаны әсерлі шықты.

Ал, мақаттық Нұрбек Сарбасов  пен  ақтөбелік ақын Нартай Тілеуқұлдың жұбы құрдастардың әзіліне құрылды. Бабы келіскен сөз сүлейлері тіл, дін, тарих, жетімдер тағдырын толғап, арасында қағытпа әзілдерін де жырға қосып отырды.

Көпшілікке тамаша айтыс сыйлаған жұп Ақтөбе облысынан ат терлетіп келген Ершат Қайболдин мен жерлесіміз Шалқарбай Ізбасаровтар болды. Замандастар арасындағы жарасымды қалжыңмен өрілген жыр додасы қоғамдағы келеңсіздіктер мен ортамызда орын алып жатқан оралымсыздықтарды сынға алып, тыңдармандардың айызын қандырды.

Ата-анасын қарттар үйіне тапсырған кейбір ұл-қыздың тірлігін жыр садағымен түйреген Шалқарбай Ізбасаров:

«Жүз мектеп бере алмайтын тәрбиені,

Бір әкенің беретіні – ол да мәлім.

Сондықтан, иманға кел, есіңді жи,

Адасқан ағаларым, бауырларым», — дей келе: 

«Бойы қысқа адамдар емес қазір,

Балағы қысқа адамдар қауіптірек» немесе «Ақ сақалды атадан, Қара сақалды жастар көп» деп қоғамдағы кейбір келеңсіз мәселелерді көтерген ақын  ішіндегі шерін бүкпесіз ақтарды. Сериалдарды сын садағына алып,  тапқыр оймен ұтқыр жауапты ұтымды қолданған ақтөбелік Ершат Қайболдиннің сөзіне халық та сүйсініп отырды. 

«Хакім Абай Кальянидің айқайы емес,

Зеренің тәрбиесін көріп өскен» деп теледидарға телмірген кейбір жастардың жаман әдеттеріне де жыр жебесін қадады. 

Сондай-ақ, тақырыпты тұздық ете білген жұптардың бірі – атыраулық Сырымбек Сәрсенбаев пен ақтөбелік Марат Ахметовтің, жерлесіміз Серікбол Панабердиев пен батысқазақстандық Бауыржан Ширмеденұлы болды.

Дінді дәріптеген дода дарабоздары дауыс және аспапта ойнау шеберліктерін, қабілет-қарымдарын  барлық қырынан ашуға тырысты. Дегенмен,  сөзден сарай салған ақындардың ішінен суырылып шыққан он екі ақын ақтық сайыста сөз жарыстырды. Екінші кезеңнің жыр көшін келешегінен үлкен үміт күттіріп жүрген жас өрендер бастады. Атыраудың ақын қызы Әсел Таушанова мен Ақтөбенің ақыны Абай Жолмағамбетовтердің елдің азаттығы мен егемендігі жайлы айтылған сөздері көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ, сыр алдырмай шымшыма сынды да сөз арасына салып отырған ақындар айтыс көркін қыздыра түсті. Дінді дәріптеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген бұл айтыс өте тартысты өтті. Ақтөбенің арынды ақыны Ершат Қайболдин мен мұнайлы мекеннің марқасқасы Өнербек Дәулекенов, Атыраудың ақтаңгерлері Шалқарбай Ізбасаров пен Амангелді Панабердиев, сыры мен сазы келіскен жерлесіміз Айзада Дәулекенова мен Ақтөбенің қарымды ақыны Марат Ахметов, Батыс Қазақстанның тумасы Бауыржан Ширмеденұлы мен жылыойлық Сырымбек Сәрсенбаев, атыраулық ақындар Ерболат Қарағойшиев пен Жәнібек Садыров, Шынарбек Қабиев пен Серікбол Панабердиевтер  жекпе-жекте халық көңілінен шығып, сүбелі ойларымен дараланды.

Сонымен, өнерпаздар өнерін сараптай келіп, қазылар алқасының ұйғарымымен «жүзден жүйрік шығып», «шашасына шаң жұқтырмаған» Айзада Дәулекенова бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал, бірінші орынды ақтөбелік жас ақын Ершат Қайболдин жеңіп алса, екінші орынның байрағын Шалқарбай Ізбасаров қанжығасына байлады. Үшінші жүлде Сырымбек Сәрсенбаев пен Бауыржан Ширмеденұлына бұйырды.

Айтысқа қатысқан жиырма бес ақынның қай-қайсысы да олжасыз қалған жоқ. Орынға ілікпеген сөз шеберлерінің барлығына да қаржылай сыйлық табысталды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button