АТСАЛИМ ИДИГОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ «ОГНИ АЛАТАУ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ, ПРЕЗИДЕНТ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ: БЕЙБІТШІЛІК – ЕЛБАСЫ САЯСАТЫНЫҢ ЖЕМІСІ

Тәуелсіздік жылдары Қазақ елі көптеген табыстарға қол жеткізді. Ең алдымен Қазақ елі ішкі және сыртқы саясатта өзіндік позициясын айқындап алды.

Ішкі саясатта Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде жарияласа, әлемдік қауымдастық Қазақ елін бейбіт өмірді қолдаушы ел деп таниды. Ал, бір кездері Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуі әлем тарихындағы елеулі жаңалық болды. Себебі, Қазақстан Еуропаға төрелік еткен Орта Азия жеріндегі ең алғашқы мемлекет еді.

Ислам Ынтымақтастық Ұйымына жетекшілік ету арқылы да Қазақ елі әлемге террордың исламға жат дүние екендігін паш етті. Және ең бастысы, бүгінде әлем Қазақстанды бейбітшілік пен келісімнің киелі бесігі деп таниды. «Қазақстандық модельді» зерттеу объектісіне айналдырған бірқатар елдер де бар. Мұның барлығы, сайып келгенде, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі. Біз осы мәселені ерекше бағалауға тиіспіз.

Әдетте «қоғамдық пікірді бұқаралық ақпарат  құралдары қалыптастырады» деген сөз жиі айтылып жатады ғой. Осы мәселеде бізге сақтық керек деп ойлаймын. Әрине, Қазақстанда қазір ұлттарды этносқа бөліп қарастыруға деген қажеттілік жоқ. Себебі, біз тарихы мен тағдыры ортақ біртұтас халыққа айналдық. Сонау ашаршылық кезінде, депортация заманында қазақ халқы тағдыр айдап келген діні мен тілі, ділі басқа ұлттар мен ұлыстарды өз туысындай қабылдады. Жат жұрттықтардың жаңа ортаға бейімделуіне жағдай жасады, көмек қылды. Міне, біз сол ауыр жылдар туралы көбірек айтуға, көбірек жазуға тиіспіз. Сол арқылы біз қазақтың даналығын, дархандығын тарихи фактілерді келтіре отырып, тағы бір мәрте дәріптей, насихаттай аламыз.

Мемлекеттік тілді меңгеру және оны насихаттау мәселесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы басты назарда ұстап келе жатқаны белгілі. Осы ретте тіпті арнайы бағдарламалар да жүзеге асырылды. Бірақ, қазақстандықтардың отыз бес пайызының әлі күнге дейін қазақ тілін білмеуі барлығымызды ойландыруы тиіс. Өйткені, қазақстандықтар деген біртұтас атауға ие болған халықты қазақтың мемлекеттік тілі ғана біріктіре алады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз