ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ПЕРЗЕНТТЕРІ

Жаңа жылдың алғашқы күнінің өзінде облыс бойынша 62 сәби дүние есігін ашты. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелованың айтуынша, жылдың алғашқы егіздері қаңтардың бесі күні өмірге келді.

Биылғы Жылқы жылының алғашқы күні облыстық перзентханада өмірге шыр етіп келген 22 сәбидің 11-і ұл бала болса, 11-і – қыз бала. Облыстық перзентхананың бас дәрігері Ұлжан Хасанованың мәлімдеуінше, балалардың жағдайлары қазір жақсы. Аналар өзін бақытты сезінеді. Енді жаңа жылдың алғашқы күні бұл отбасылар үшін қос мерекеге айналды.
Айта кетсек, өткен жылы облыстық перзентханада жаңа жылдың алғашқы күні 12 бала дүниеге келген екен. Ал, биыл көріп отырғанымыздай, көрсеткіш артып отыр. Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы Жолдауында елдегі демографиялық ахуалды одан әрі жақсарту қажеттігі жөніндегі тапсырмасы өңірде жылдан-жылға нақты орындалып келетіндігін байқауға болады.
Облыстық, аудандық және қалалық перзентханаларда мереке күндері дәрігерлер қызмет істеп, түнгі кезекшіліктерін де мінсіз орындады.
Психолог-ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, Жылқы жылы дүниеге келгендер парасатты, ақылды, қиындыққа еш мойымайтын, батыл да батыр, орақ тілді шешен, пысық болады екен. Біртуар тұлғаларымыз – Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Қаракерей Қабанбай, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің де осы Жылқы жылы өмірге келгенін ескерсек, биылғы сәбилердің де ішінен ел абыройын асқақтатар, ұлтымыздың атын өрге шығаратын ұландарымыз көп болатынына сенім мол.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз