rrrrrrrrrrrrrrrrrrrrrrrrrr

КӨКБӨРІ рухты ҚАЛАМГЕР: Атырауда жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың III республикалық театр фестивалі өтуде

Жаңалықтар Рухани жаңғыру Қоғам

Atr.kz/22 қараша, 2019 жыл. Өзі өмір сүрген дәуірінің алағайлы-бұлағайлы тұстарын шығармаларына арқау еткен қазақтың көрнекті жазушы-драматургі Рахымжан Отарбаевтың әдеби мұраларына тән сарын – бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың, еркіндік аңсаған ер қазақтың, табиғаттың бел баласы болған көшпенділердің өр тұлғасы, асқақ рухы. Қаламгердің қай туындысын оқыған кезде де менмұндалап тұратын қайсарлық пен өршілдік, сертке адалдық, антқа беріктік – өздерінің тұқым-тұқиянын көкбөріден тарайды деген аңызға сенген, көкбөріні тотем еткен түркі халықтарына тән қасиет.

Ауыл амазонкалары және бүгінгі күн

Күнделікті өмірде кездесетін түйткілді мәселелерді бүкіл адамзаттық деңгейде көтеріп, күйбең тірліктің тұтқынынан босап шығуға үндейтін туындыгердің әңгімелері, повестері мен романдары рухани кеңістіктегі еркіндікті ту етеді.

Материалдық дүниеге тұтқын болған жерлік пенденің қалыбын өзгертуді көксейді жазушы.

Бір кездердегі ұлтымыздың бойындағы өрлікті, асқақ адамгершілікті, мәрттікті бүгінгі ұрпақ бойынан көргісі келеді жазушы. Мәселен, «Біздің ауылдың амазонкалары» әңгімесінің тақырыбы – ауыл өмірі. «Теңіз жағасындағы үш үй…» деп басталатын әңгіменің кейіпкерлері – ауыл адамдары.

Жазушы кішкене ғана а у ы л д ы ң б а с ы н д а ғ ы көкейкесті мәселелерін барша адам баласының проблемасы тұрғысына дейін көтере білген. Шындығында, қазіргі таңда адам баласының бірбіріне жаны ашып, көмекке келмейтіні, жеке бас мүддесінен аса алмайтыны, уақшылдығы осы әңгімеде жеңіл әзіл, сарказммен берілген. Қазақ баласының басынан қаншама қанды тағдыр өтпеді?!

Алайда, қазақты ұлт ретінде тарих сахнасынан өшірмеген әуелі тіл болса, одан кейін тұрған бауырмал, қонақжай, ақкөңіл, өзім дегенге өзегін жұлып беретін қасиеттері еді ғой. Енді не болып кетті? Неге біз осы қасиеттерден ажырадық?! Жалпы, табиғаттан іргемізді бөлуіміз өз алдына, сонымен бірге халықтан кие, сөзден жүйе кеткенін жазушы бүгінгі таңның басты дерті деп санайды.

Уақыттың әлі жетпеген аңсар

Елі үшін атқа қонып, ақырып теңдік сұраған Исатай мен Махамбеттің рухын қашан жоғалттық? Түрік, орыс тілдерінде жарық көрген «Бас» романының да негізгі түпқазығы – осы. Романдағы Құрақ қарт пен Дәурен – екеуі екі ұрпақтың өкілі. Қазіргі таңдағы құлмінез қырттардың, екіжүзді суайттардың, даңғаза дүмбілездердің талайын көрген Құрақ қарт Махамбеттей бабасының басын іздейді.

Антрополог-ғалым Ноэль Шаяхметов ақын мүсінін жасау мақсатында алып кеткен Махаңның басын өзі Мәскеуге аттанарда аманаттап кететін пенде баласын таба алмай сандалып, ақыры жас жігіт Дәуренге тапсыруға мәжбүр болғаны да – метафора. Дәл осы бір жағдайды, батырдың басын алып қалудан сақтанған шенеуніктердің сықпытын жазушы өткір тілмен түйреп, улы сарказммен әдіптеген.

Міне, осы Құрақ қарт пен Дәурен – әлі де қазақ арасында сирек те болса кездесіп қалатын өр мінезді, қайсар, табанының бүрі
бар батырлардың сойы. Жазушы осы арқылы қазақтың әлі де болса айбыны мен айбарынан айырылмағанын, қасиеті мен киесін табанға таптамағанын бейнелейді. Туындыда Махамбетпен параллель сонау Америка құрлығында өмір сүрген үндіс тайпаларының көсемі, халқының бостандығы мен теңдігі үшін өз басын қатерге тіккен Джеронимо образын жарыққа шығарады.

Аңыз астарында ақиқат бар десек, туындыгер үндістердің сонау мыңмиллиондаған жыл бұрын Беринг бұғазы арқылы Америкаға өтіп кеткен түркі тайпаларының ұрпақтары екенін майдан қыл суырғандай етіп жеткізген. Одан беріде талай шың басындағы мұздықтар еріп, талай су ақты, бір кездегі ортақ тіл де, діл де өзгеріске ұшырады.

Алайда, уақыт өзгерте алмаған бір-ақ нәрсе бар. Ол – осынау арасын алты айшылықтан да көп шақырымдарда қоныстанған елдердің көкірегіндегі көшпендіге тән асқақ рухқа деген аңсар. Алмағайып замандар, қудалау мен жазалау, ашаршылық пен қантөгістер осынау алғаусыз арманды көкірегімізден жұлып тастай алмағанына тәуба!

Бүгінгі Дәурендер мен Джеронимоның немересі Харлиндердің атасының басын іздеп атқа қонуы, осы жолда бастарын қатерге тіксе де мойымауы, ата-баба салтына адалдықтары – осының айқын куәсі. Қаламгердің замана бетіне тіке қарап айтқан Шындығы – осы!

Қараша қазбен жаны туыс…

«Қараша қаздар қайтқанда» кітабында да сол бір өткенге сағыныш, Еділ батыр шеру тартып Еуропаны тітіренткен кездерге деген аңсау бар. Иә, қанаттылармен жаны туыс көшпенділер ұрпағының оны аңсамасқа, іздемеске дәті шыдар ма? Көктемде жайлауға көшіп, ел мәре-сәре болып жатқанда көктемді қанатына ілестіре оралатын жыл құстары, қазақтар күзеуден қыстауға көшкенде жылы жаққа қайтады емес пе?! Соның ішінде қараша қаздар туған жерден қыстың алғашқы белгілері білінбей, жылы жаққа шеру тартпайды екен.

Алғашқы қар қылаулап, өзен-көлдің беті шәуіштене қатқан мезгілде ғана олар алыс та қасиетті сапарға, жанкешті сапарға аттанады. Бұл жолда олар сан кедергіден өтеді, мергендердің қарауылына ілігеді. Алайда, мәреге жетпей тоқтау жоқ. Исі қазақ баласы көк жүзіндегі үшбұрышты тізбекті көргенде тебіренбей қалмайтыны кәміл. Туындыгердің де айтпағы осыған саяды.

Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрында «Жалғыздық» әңгімесінің желісімен қойылған спектакльдің премьерасы өтті. Қойылымның режиссері – Мұханғали Томанов.

Пенденің жер бетіндегі жалғыздығы, өз шындығымен, өз мұңымен, өз күрсінісімен, өз қуанышымен жалғыздығы – шығарманың түйіні. P. S. Ауыздығымен алысқан арғымақ қазақтың сайын даласында тұяғымен жер тарпып, аспан астын күңіренте кісінеп барады.

«Біз қазанға жеткенше қан жаумасын, қар жаусын! Біз қазанға жеткен соң қар жаумақтан, қан жаусын» деп көк сүңгіні жауына бойлата сұққан ер Тама мен Шора батырдан, «Ақырында еш болды-ау ел үшін еткен еңбегім» деп күңіренген Исатай мен Махамбеттен қалған еркіндіксүйгіш рух жердің бетін, аспанның астын кезіп жүргендей. Рахымжан Қасымғалиұлы да сол батырлардың жалғасы еді. Оның дәлелі – жазушының рухқа толы шығармалары, том-том кітаптары. Қазақ аман тұрғанда қаламгер есімі ұрпақ жадынан өшпек емес.

Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың республикалық театр фестивалі бүгін мәресіне жетеді. Бұл ауқымды да, рухани шара жөнінде газетіміздің келесі нөмірінде кеңінен жарияланатын болады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған