Жылыжай салып, жемісін терді
Бірден айтып кетуіміз керек, ауылдастарының біразына аға танылып қалғанына қарамастан бұл азамат тәуекелге бел байлапты. Сөйтіп, осыдан бірер жыл бұрын «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы 2,4 млн. теңге көлемінде несие алады. Алдын ала ойластырып, жобалағанындай, қарызға еншілеген қаражатына аумағы 150 шаршы метрді қамтитын, көкөніс өсіретін жылыжай салады. Күтіп-баптауы келіскен, агротехникалық шаралары ойдағыдай жүргізіліп, талаптары сақталған шағын шаруашылық көп кешікпей өнімін бере бастады. Қазіргі уақытта мұнда күніне 20 килограмға дейін қияр алуға қол жеткізілген.
— Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында, қала берді қазақстандықтарға арнаған дәстүрлі Жолдауында атап көрсетілгеніндей, бүгіндері халықтың қалыпты тіршілік қылып, сапалы өмір сүруі үшін біздің елімізде оңтайлы ахуал орнықтырылып, қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Ел ішінде елеулі серпіліс тудырып, талайлардың тың істі қолға алуына қозғау салған байыпты бағдарламаның тұрақты жұмыс таппай, отбасын қалай асырарын білмей, қиналып жүрген жандардың да оң жамбасынан тигені жасырын емес, — дейді шаруагер.
Аталған ауданның Бейбарыс ауылының тұрғыны Қайролла Әбілов те еңбек десе ерінбейтін азаматтың бірі болып шықты. Былтыр аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 2,0 млн. теңге несие алуға қол жеткізген бұл жігіт те алдындағы әріптесі ағасы тәрізді егіншілікпен шұғылдануды шешіпті. Есебі бойынша 196 шаршы метрге жобаланып, жоспарланған нысанның сыртын қоршап та қойған. Биыл төбесін жауып, ашық-тесік тұрған тұстарын қымтамақшы. Тамшылатып суаратын технологияның қондырғы-жабдықтары да енді орнатылмақшы. Оның есесіне жылыжай қысы-жазы жүретін тұрақты су құбырына жалғанып қойылған.
Қысқасы, әңгімемізге арқау етіп отырған қос азаматтың бастамасы басқаларына да үлгі болғандай.
Дәулетқали АРУЕВ.
Махамбет ауданы.