ЖЫР ҚҰЙЫЛЫП КӨМЕЙДЕН…

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың               75 жылдығына арналған  1-ші Республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің конкурсы өтті.

Сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 18 үміткер жиналды. Конкурстың беташарын жасаған қазылар алқасының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп ақын жырларының өміршеңдігі туралы айта келіп, қатысушыларға конкурстың мақсатын, талаптары мен шартын түсіндіріп, сәттілік тіледі.

Атыраудың абыз ақыны сайысты ұйымдастырушыларға Фаризаның мыңдаған оқырмандары атынан алғыс айтты. Қазақ поэзиясынан ойып тұрып орын алған, барша оқырмандарын өршіл өлеңдерімен сусындатқан поэзия падишасының жырларын жас ұрпақтың тебірене оқуы – көрермен көңіліне жылу ұялатқандай.

Конкурстың Бас жүлдесін атыраулық Нәзира Әшім жеңіп алды. Ал, ақынның «Жетімнің монологы» өлеңін оқып, көрермен жүрегін те-біренткен астаналық Ақмейірім Қуашбаева 1-орынды иеленді.

Кесек мінезді, Каспийдің ақжал толқындарын еске салатын ақын жырларын оқыған павлодарлық Еркежан Төлеубек пен Оңтүстік қазақстандық Мақсат Әбдіқадыр 2-орынды бөлісті.

Халқын жырмен аялаған, есімі ел жадынан мәңгі ұмытылмас қазақ Фаризасының махаббат пен мұңға толы өлеңдерін толқи оқыған атыраулық Аяжан Әнесова, Оңтүстік қазақстандық Ер-қасым Зұлпыхаров, қызылордалық Мөлдір Айтбай 3-орынды місе тұтты.«Көрермендер көзайымы» сыйлығы маңғыстаулық Сымбат Мұханғалиеваға табысталды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз