ҚАЛА ӘКІМІНІҢ КУБОГЫ АТЫРАУДА ҚАЛДЫ

Мұнайлы астанада Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Атырау қаласы әкімінің кубогына арналған дзюдодан 2000-2001 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен жарыс өз мәресіне жетіп, кубок өз иесін тапты.

Он екі команданың, атап айтсақ, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Атырау қаласының және аудандарының 270-тен аса палуандары тоғыз салмақ дәрежесінде татамиде айқасты.

Турнирдің ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова мен «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қанат Әзмұханов сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.

– Атырауда Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Соның бірі – бүгінгі турнир. Аталған доданы біз өлкеде дзюдо спортын дамыту, Олимпиада спортшыларын дайындау, Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майданда қаза тапқан батырларды еске алу мақсатында тұңғыш рет ұйымдастырып отырмыз. Жыл сайын осы жарысты қолға алып, дәстүрге айналдыру жоспарда бар. Ағымдағы жылы Атырау қаласы әкімінің кубогы жүлдесіне арналған футбол мен таэквондодан да турнирлер өтпекші, – дейді Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Айтқалиев.

Екі татамиде жеңіс үшін таласқан жас палуандардың өнерін әр өңірден келген 16 төреші бақылады. Жарыстың бас төрешісі Жандос Қияновтың айтуынша, Атырау облысының өзінен тоғыз команда шыққан.

– Бүгінгі бәсекеде Серікболсын Шынтасов, Ермек Амангелдиев, Жәнібек Тельмановтарға үлкен үміт артып отырмыз. Олар 1999-2000 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы биылғы ел чемпионатында жеңімпаз-жүлдегер атанған болатын. Мұндай бәсекелердің жас палуандар үшін берер өнегесі зор. Қазіргі уақытта дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында қызылордалықтар алда келеді, – дейді халықаралық дәрежедегі төреші және доданың бас төрешесі Жандос Қиянов.   

Жарыстың алғашқы күні бес салмақ  дәрежесі бойынша жекпе-жектер өтсе, екінші күні тартыс одан әрі қыза түсті. Жалпыкомандалық есепте оңтүстікқазақстандықтар бір қола, екі күміс және екі алтын медальмен ІІІ орынға іліксе, Мақат ауданының жас дзюдошылары үш алтын, екі күміс жүлдемен командалық есепте ІІ орынға жайғасты. Ал, кубок Атырау қаласында қалатын болды. Қоржынға төрт алтын, бір күміс және төрт қола медаль жинақтаған атыраулық дзюдошыларға кубокты қала әкімі Нұрлыбек Ожаев өзі табыстап, құттықтады.

Атыраулық  Ермек Амангелді, Жәнібек Тельман, Дінмұхамед Шәменов, Әлішер Нұрғожа және Шынтас Серікболсынның бақтары жанып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубок, медаль, дипломдармен және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз