Журналистер тәлімгері
Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Атырау» газетінің бұрынғы бас редакторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қызмет еткен Теңдік Жауыровтың өмір жолы өлкеміздің баспасөзімен тығыз байланысты. Ғұмырын журналистика саласына арнап, оның ішінде екі рет аудандық және облыстық газеттерді басқарған кездерінде, кейін университеттің журналистика кафедрасында ұстаздық еткен жылдарында оның шекпенінен талай шәкірттер түлеп ұшты.
Бас редакторлық баспалдақ
Қазақ журналистикасының ғылыми негізін қалаған филология ғылымдарының докторы, профессор Тауман Амандосов өзінің «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы» атты ғылыми еңбегінде былай деп жазған-ды: «Редактор редакцияның жұмысын жай ұйымдастырушы ғана емес, ол – саяси жетекші, ұйымдастырушы және редакция коллективінің тәрбиешісі. Сондықтан оның саяси және идеялық әзірлігі жан-жақты болуға тиісті. Редактор тәрбиеші ретінде өз қызметкерлерінің журналистік қабілетін жете білуге тиісті. Әрбір қызметкердің өз орнына лайықтылығын білумен қатар, олардың журналистік шеберлігін, жалпы білім дәрежесінің өсуіне, жас журналистердің өз мамандықтарын жан-жақты меңгере түсуіне үнемі қамқорлық жасап отыруға тиісті».
«Шәкірт болу да оңай емес» деген сөз бар. Теңдік Жауыров 1961 жылы шілде айында облыстық газеттегі әдеби қызметкерліктен Қызылқоға аудандық газетінің редакторлығына тағайындалғанда біраз қиыншылық пен қызыққа толы өмір жолын бастан кешті. Алдымен өзіне ұстаз деп таныған сол кездегі облыстық басылымның басшылары Түсіп Бисекенов пен Хабир Нұрмұхамедов сынды ағаларының редакторлық мол тәжірибесін басшылыққа алды. Олардың газетті оқырмандарға жақындатқанын, бұл іске штаттан тыс тілшілерді тартқандығын пайдалана білді. Сол кездегі ауыл шаруашылығы науқандарын Орталық комитеттің пленумдарының шешімдерін жүзеге асыруға үн қосқан шопан сөздерін дайындау, малшы қыстақтары туралы хабарларды тұрақты беру бірінші кезекте тұрды.
Осы орайда редакцияда журналистік арнаулы білімдері бар мамандардың аздығы қол байлау болды. «Осы тұста университеттік біліммен жас журналист Мақат Хайрулиннің келіп қосылуы соны леп әкелгендей болды. Мақат осы жердің жігіті, жұрттың көбін таниды. Біршама қолымыз ұзарғандай болып қалды. Аудан ішінде алыс-жақын жерлерге барып, газетке хабар-ошар алып келу үшін онша қиын еместей көрінді» деп еске алып отыратын еді Теңдік Жауыров.
Осы қызметте газет басшысының журналист Қабижан Сағиевтың тапсырмаға өте мұқият, хабарларды барынша жатық тілмен келісті жазатындығын, өлеңге де әyecтігі барын байқайды. Кейін ол Махамбет аудандық «Малды өңір» газетіне редактор болған сәтінде әріптесін 1977 жылы қызметке шақырады.
Тілшілердің «Құрмет кітабы»
Т.Жауыров еңбек еткен өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жұмысшы-село тілшілерінің қозғалысы өрлеп тұрды. Редактор газеттің жұмысына оларды тартудың жаңа тәсілдері мен әдістерін іздестіріп отырды. Тілшілер еңбек адамының бейнесін айқынырақ көрсетіп, өзара көмектің, коллектившілдіктің өнегелерін баспасөз бетінде көтере білуіне ақыл-кеңес, нұсқаулар беріп отырды.
Теңдік ағамыздың 1977 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Аудан ақиқаты және жұмысшы-село тілшілері» атты кітабының маңызы зор. Аталған еңбектің алғысөзін жазған профессор Тауман Амандосов былай деп баға береді. «Т.Жауыровтың бұл кітапшасында аудандық газеттердің іс-тәжірибелері негізінде жергілікті баспасөзде бұқаралық жұмысты ұйымдастыру, жұмысшы және ауыл-село тілшілерімен, жұртшылықпен байланысты нығайту мәселелері жан-жақты әңгіме болады. Автор тілшілердің рөлі, газет редакцияларының бұқаралық жұмысы туралы өзінің тың ой-пікірлерін ортаға салады».
Аудандық газет – аудан еңбекшілерінің үні. Сондықтан да, оның беттерінен олардың ой-пікірлері айқын, ашық көрініп отыруы тиіс. Тілшілердің мақалалары мазмұнды, сауатты, көтерген мәселелері айқын болуы тиіс. Газет басшысы ауыл-село тілшілеріне хат жазып, осыны үнемі ескертіп отырды. Осы газеттің штаттан тыс тілшісі, Фурманов атындағы орта мектептің оқушысы ретінде талай хаттар алғанымды әрдайым еске алып жүремін.
Аталған кітапта редактордың қоғамдық тілшілерге жасаған қамқорлығы, тілшілердің семинар-кеңестерін өткізіп, оқуын ұйымдастырғаны, оларды ынталандыру, көтермелеу шараларын жүзеге асырғандығы туралы кеңірек айтылады. «Редакцияға бас сұға кетіңіз…» атты тарауында тілші-авторлармен жүзбе-жүз жолығысып, оларға нақты көмек көрсетуде журналистер ісссапарының рөлі ерекше. Теңдік Жауырұлы іссапарға шығатын әр газет журналисіне алдымен тілшілер тобы жетекшісіне жолығуды және келгеннен кейін тілшілермен істеген жұмыстары туралы редакторға жазбаша есеп беруді міндеттеді.
Осы тәжірибе Махамбет ауданындағы «Забурын», «Новобогат» кеңшарларындағы тілшілер қосы жұмысының нәтижелігін арттырды. Сол жылдары сауыншы Қаншайым Қуанбаева, есепші Жолдас Абдолов, мал дәрігері Әміржан Мұратов, Сатқан Айжарықов, Сүндетқали Аманғалиев, Жетібай Шұғаепов және басқалары газеттің тұрақты тілшілері атанды. Олардың есімдері жазылған «Құрмет кітабы» ашылып, баспасөз мерекесі күні сыйлықтармен марапатталды.
«Редакцияларда тілшілерге арналған «Құрмет кітабы» бар, оларға әр жыл сайын ең таңдаулы, белсенді деген тілші-авторлардың есімдері енгізілді. «Малды өңір» (қазіргі «Жайық шұғыласы») газет редакциясындағы «Село тілшісінің Құрмет кітабы» 1969 жылы белгіленген еді. Қазір мұнда 48 тілші, автордың есімдері жазылған. Бұған енгізілерде авторлардың жыл ішінде редакцияға жолдаған материалдарының саны мен сапасы, негізгі міндетті жұмысын қалай атқарып жүргені, қоғамдық белсенділігі ескеріледі. Кітапқа тілші есімі редакциялық алқа мәжілісінің шешімі бойынша жазылады» деп жазады Т.Жауыров.
Т.Жауыровтың журналист пен автор ынтымақтастығының, яғни бірлecin материал жазып, дайындау әдісі республикаға таратылды.
Жауыровтың шекпенінен шыққандар
«Мұнайлы Астана» газетінің редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Құттыгерей Смадиярға тәлімгер болған ағамыздың естеліктері туралы көптеп жазылды. Солардың бірі Т.Жауыров өзі жазған «Қалам қызметі – қастерлі қарекет» атты кітабында Құтекеңнің кәсіби журналистік жолына түсуіне себепші болғанына мысалдар келтіре келіп: «Бір сөз бір сөздің қуғыншысы» дегендей, жаңағы Құттыгерей сияқты оқушы күнінен Махамбет аудандық газетінің тілшісі саналып, кейін шығармашылық немесе лауазымдық қызметтерге жоғарылаған әріптестеріміздің өздері де кездесулерде ағынан жарылып айтып жүр», — дей келе, шәкірттері болған Төлеген Берішбаев, Қылышбай Сүндетұлының есімдерін атайды. Осы естелігінде оқырман ықыласына бөленген Мақсот Неталиев, Ыбырай Сүйінов, Қырықбай Бекбаев, Зұлқарнай Дабылов, Күзембай Әмір, Қабижан Сағиев, тағы басқаларына тоқталады.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» дегендей, редактор Т.Жауырұлын тәлімгер санап, мақтан тұтатын Исатай Балмағамбетов, Мендібай Сүмесінов, Тарас Наурызәлі, Ерболат Қамен, Жолдас Дүсіпұлы, Бағыт Көшербайұлы және тағы басқаларының есімдерін айтуға болады.
Қорыта келгенде, журналист, редактор, ұстаз Теңдік Жауыровтың тәлімгерлік жолы көпке үлгі. Ол туралы талай ғылыми еңбектер жазылады деп тұжырым жасауға болады.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты