ЖУРНАЛИСТ МЕРЕЙІ

Атыраулық қаламгерлер арасында өмір жолы өзгелерге өнеге боларлықтай азаматтар баршылық. Солардың санатында Өтеген Аманшаұлы Нәукиевтің есімін атаған ләзім.

1953 жылдың шілде айында Ембі мұнайының қарашаңырағы Доссор кентінде дүниеге келген ол мектеп бітірісімен еңбекке араласты. Кейіннен ҚазМУ-ды журналистика мамандығы бойынша, одан соң Алматы Жоғары партия мектебін тәмамдады. Мақат аудандық «Мұнайшы», Балықшы аудандық «Каспий таңы», облыстық «Атырау» газеттері редакцияларында, облыстық радиода жемісті еңбек етіп, кәсіби шеберлігі шыңдалған, ойы ұшқыр, қаламы үшкір журналист, қарымды қаламгер ретінде танылды. Әкімдіктерде түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Соңғы он жылдан астам уақыттан бері (2001 жылдың маусым айында «Атырау-Ақпарат» КМК құрылған сәттен бастап) кәсіпорын басшысының бірінші орынбасары.

Тегінде, бұл өмірге келген әр пенденің жастайынан мақсат қылған арманына жетуі – ерлікке тең құбылыс десек артық айтқандық болмас. Міне, осылайша есімдерін ел білетін журналист аға-апаларымның жолын қусам, осы жолға түссем деген бала күнгі, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ пайда болған балауса арман, ойдағы талап пен бойдағы талант Өтегенді Доссорда орналасқан аудандық «Мұнайшы» газетінің редакциясына жетелеп әкелген-ді. Әңгімеміздің әлқиссасында айтқанымыздай, онжылдықты бітірісімен «Доссормұнай» басқармасында жұмысшы, аудандық орталық ауруханада жүргізуші болып еңбек жолын бастаған жас жігіт өндірісті ортада, еңбек ұжымында жүріп жазған мақалаларын, әдеби туындыларын редакцияға әкеліп, журналистермен жүздесіп, араласып-құраласып тұратын. Содан 1975 жылы осында жұмысқа қабылданып, әдеби қызметкер атанды. Басшылық тарапынан берілген қандайма тапсырманы да ұқыпты да тиянақты орындауымен көзге түскен Өтеген бір жылдан кейін Қазақ мемлекеттік университетіне жолдама алады.
1981 жылы осы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтап, дипломмен елге оралған жас маман Атырауына келіп, облыстық радиода редактор, сонан сол кездегі Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетінде бас редактордың орынбасары болып журналистік қызметін жалғастырады. Аталған қызметтерді атқара жүріп, Өтеген Аманшаұлы журналистиканың ұңғыл-шұңғылын жете меңгеріп, кәсіби біліктілігі мен саяси көрегенділігін, шығармашылық тұрғыдан да қабілет-қарымын арттырды.
1987 жылы Алматы қаласындағы жоғары партия мектебін бітіріп келгесін балаң шағынан таңдап, қалаған журналистік кәсібін қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметпен алмастырады. Алдымен облыстық Халықтық бақылау комитетіне жұмысқа жіберіледі. Осында үш жыл бойына жауапты қызметтердің тізгінін ұстап, кейіннен Балықшы аудандық Кеңесінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімшілігінде аппарат жетекшісі болды. 1993-1999 жылдар аралығында облыс әкімінің баспасөз хатшысы міндетін де мінсіз атқаруға тырысып, бедел биігінен көрінген Өтекең билік пен бұқараның арасын байланыстырушы дәнекер ретінде баспасөздің қоғамдағы орны мен рөлін айқындап, мәртебесін көтеруге, өңірлерде, аймақта, қала берді ел өміріндегі оқиғалар мен жарқын жаңалықтардың жамағатқа дер мезгілінде жеткізіліп, мерзімді басылымдар мен теле-радио хабарлардың уақытында, жедел түрде таратылуына ұйытқы, ұйымдастырушы бола білді.
Соңынан өзін шыңдаған, журналист кәсібінің қыр-сырын үйреткен шығармашылық ортасына қайта оралып, облыстық «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары, «Атырау-Ақпарат» КМК төрағасының (бүгіндері осы аттас серіктестік директорының) бірінші орынбасары қызметтерінде де өзіне сеніп тапсырылған жұмыстардың жүйесін тауып, бір қалыпқа түсуіне жылдар бойына жинақтаған бай тәжірибесі мен білім-білігін сарқа жұмсауда. Кәсіпорынның филиалы болып табылатын екі облыстық және жеті аудандық газеттер редакцияларының материалдық-техникалық базасын жақсартып, ұжымның шығармашылық әлеуетін арттыруға атсалысып, өлшеусіз үлесін қосып келеді. Еңбегі лайықты еленіп, кеудесіне «Құрмет» орденін тақса, облыстық әкімдік пен мәслихаттан, салалық министрлік пен қоғамдық ұйымдардан алған марапаттары мен еншілеген байрақтары да жетерлік.
Осының бәріне мақтанып, масаттанбай, қашанғы байыпты қалпын сақтап, алдындағы ағаларына ізетті іні, өзіне ілескендерге қамқоршы аға бола білген әріптесімізді асқаралы алпысымен құттықтап, игі тілегімізді жолдағанды жөн көрдік.

Дәулетқали АРУЕВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз