Балалар жылы: ЖАҢА ЖОБАЛАР БАСТАЛДЫ

5e43f584a150e Жаңалықтар

Аймақта «Балалар жылына» арналған іс-шаралар жоспары жасақталып, жаңа жобалар бастау алды. «Бір оқушы – бір пән – бір нәтиже», «Жас талант», «Зерделі бала» атты жобалар балалардың білімін шыңдап, талантын танытуына таптырмас мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, инклюзивті білімді қажет ететін балалармен жұмыстарға баса назар аударылмақ. Осы мақсатта білім беру мекемелерінде арнайы кабинеттер ашылып, кураторлар мен тьюторларға қолдау көрсету де жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында  өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Орыс тілді ұстаз жетіспейді

Облыста 200-ге жуық орта білім беру мекемесі болса, балаларға білім беретін ұстаздың саны 12 000-ға жуықтайды. Биылғы оқу жылында олардың қатары мыңға жуық жас маманмен толыққан. Дегенмен, кадр тапшылығы мəселесі əлі де өзекті. Баспасөз мəслихатына қатысқан облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова мұны тұрғындар санының көбеюі жəне жаңа мектептердің пайда болуымен байланыстырады.

– Кадр тапшылығын шешу үшін жыл сайын педагогикалық мамандықтарға гранттар бөлінуде. Əйткенмен, өңірде əлі де орыс тілді мамандар жетіспейді. Əсіресе, бастауыш сынып мұғалімі, физика, математика, химия пəнінің орыс сыныптарына қажетті мамандардың тапшылығы сезіліп отыр. Мектеп бітірушілерді жұмысқа орналастыру жұмыстары да басталды. Қазіргі кезде педагог қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудың өзіндік ережесі бар екендігін қаперге бергім келеді. Əр мұғалім сол талапқа сай болуы тиіс. Бағалау парақшасын толтырып, конкурсқа қатысады. Егер бірнеше мұғалім бір орынға бірдей балмен түскен жағдайда арнайы комиссия үміткерлермен əңгімелесу арқылы шешім шығарады. Ал, жоғары оқу орындарын бітіруші түлектер міндетті түрде ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп келеді. Оның тиісті балын жинаған жас маман ғана конкурстық негізде жұмысқа қабылданады, – деді ол.

ҰБТ – үлкен мүмкіндік

Бүгінде мектеп бітіруші түлектер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны мəлім болды. Биыл облыс бойынша алты мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді.

–Түлектердің жоғары оқу орнына түсу емтиханы болып табылатын Ұлттық бірыңғай тестілеу ережеге сəйкес жылына 4 мəрте өтеді. Қаңтар, наурыз жəне тамыз айларындағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен түлектер ақылы негізде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алады. Ал, маусым айында өткізілетін ҰБТ бітіруші түлектерді мемлекеттік жəне жергілікті атқарушы орындар бөлетін грантты иеленуіне мүмкіндік береді. ҰБТ-ға түлек 4 рет қатысса да оның əрқайсысы өз алдына нəтиже болып саналады. Бүгінде Атырау қаласында 2 273 бала, Құлсарыда 560 бітіруші түлек ҰБТ тапсырып отыр. Осы қатысушылардың 57 пайызы шектік балл жинаған, – деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары А.Дүйсекенова.

Оның айтуынша, білім беру мекемелеріндегі кітапханаларда толықтай жаңартылып, жаңа əдебиеттермен толыққан. Осылайша, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына маңыз беріліп отыр. «Зерделі бала» – ауылдағы оқушылар үшін Баспасөз мəслихатына қатысқан облыстық білім беру басқармасының «Таланттарды анықтау жəне қолдау орталығының» директоры Руслан Сарбалин биылғы жыл балалар үшін тың бастамаларға толы екендігін жария етті.

– Биыл ауылдық жерлерде тұратын, сондай-ақ əлеуметтік жағдайы төмен жəне көп балалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдау мақсатында 5-сынып оқушыларына арналған «Зерделі бала» жобасы іске қосылады. Оның аясында «Зерделі ақыл-ой» мектебінің мамандары оқушыларды онлайн арқылы мамандандырылған мектептерге қабылдау конкурсына дайындайды. Өткен оқу жылында пəндік олимпиада қорытындысы Атырау облысының жалпы білім беретін мектеп оқушыларының жаратылыстану-математикалық бағыттағы пəндер бойынша көп дайындықты қажет ететінін көрсеткен болатын. Осыны жақсарту мақсатында орталық жанынан «Бір оқушы – бір пəн – бір нəтиже» жобасы ұйымдастырылуда. Бұл жобаға жалпы білім беретін мектептердің 7-сынып оқушылары конкурс арқылы іріктелді. Алдағы уақытта осы балаларға арналған олимпиадалар, жазғы лагерьлер ұйымдастырылады – деді аталған орталық директоры.

«Жас талант» атты жаңа жоба да осы жылдың жаңалығы болмақшы. Оның мақсаты – талантты балаларды жұртшылыққа таныту. Жалпы, қолға алынатын жобалар аясында мектеп оқушылары арасында олимпиадалар көптеп ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытуға басымдық берілмек.

Мəлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз