ӨМІР ЖОЛЫНА ӨНЕГЕ ТҰНҒАН ЖАН

Саққұлақ шешен «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» деген екен. Жұмыр басты пенде емеспіз бе, осы талаптарға екінің бірі сай болмайтындығы мәлім. Ал, биыл жетпіс жастың жалына жармасқан Мәлік Есмұқашұлы Көптілеуов – осындай азаматтардың бірі.

 Тектінің тұяғы

Кім өзінің арғы-бергі бабасын жаман дейді? Кім өзінің кіндік қаны тамған жерін өзгенің пейішінен артық көрмейді? Мәлік те солай. Ол қасиетті Нарын құмында өмірге келген. Бұл өңірден аттыға жол, жаяуға сөз бермейтін шешен де, дауысы алты қырдан асқан әнші де, қос ішекке жан бітірген домбырашы да, айтқаны алашқа тараған ақын да, жазғаны жүректерге жеткен жазушы да, басқа да атақты адамдар шыққан.

Нарын топырағы – тек төрт түлікке жайлы қоныс қана емес, баурайына мол мұнай мен табиғи газды жасырған бай өлке. Қос өзен аралығында сонау жылдардан бері көмірсутегі шикізаты өндіріліп келеді. Мәліктің мұнайшы мамандығын таңдауына да осы жай әсер етсе керек. Кейін отбасы Құлсарыға көшіп келгенінде балаң жас нағыз «қара алтынның» селін ағызған құрыш білек мұнайшылардың ортасынан табылған. Ендеше, Мәлік осы мамандықты таңдамағанда қайтеді?

Оның әкесі Есмұқаш ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарғанда бір адамға қиянат жасамапты.Үлкенді аға тұтып, кішіні іні ретінде қамқорлапты. Әлсізді демеп, сүрінгенді сүйеген. Мұны көзі көргендер әлі күнге жыр етіп айтады. Сол қадірменді қарт 93 жасында өмірден өтті. Жасарын жасап, асарын асап аттанды ақыретке.

Мәліктің анасы Зүбайда да – тегін жердің қызы емес. Он құрсақ көтеріп, ұрпағына ұлағатты тәрбие берген жан. Жібектей мінезімен, ақпейіл болмысымен алысты жақын, жақынды туыс ете біліпті. Әулет табалдырығын алғаш аттаған сәтінен-ақ өзінің келіндік кішілігін сақтай білген.

Міне, осындай ортадан өнегелі тәрбие алған Мәлік неге жаман болады? Ол да әке-шеше атына кір келтірмеуге тырысты. Мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ ерекше елгезектігімен, алғыр ойымен, білімге аса ынтасымен дараланыпты.

Содан Құлсарыдағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы бұрынғы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында білімін жалғастырады. Студенттік өмірінде де сабаққа құштарлығымен көзге түседі. Қолынан кітабы түспейтін жігітті ұстаздары да жақсы көреді. Болашағынан үлкен үміт күттіретін маман боларына сенеді. Сол сенім кейін артығымен ақталды.

Қамыстыдағы қадам жылыойда жалғасты

Қолында табақтай дипломы бар жас маманның алғашқы еңбек жолы бүгінгі Исатай ауданының Қамысты кен орнында басталды. Бөтен жер емес, өзінің кіндік қаны тамған Нарындағы кеніш. Алдымен аға оператор болып істеді. Дипломға қосып беретін баға кестесінде кілең «бестікті» көргендер осылай шешсе керек. Ол кезде алғыр басшылар білікті маманды алғашқы адымынан-ақ аңдайды, сыртынан сынап жүреді. Соның нәтижесі ғой, Мәлік еңбекке араласқаннан кейін екі айдан соң аға геолог қызметіне кіріседі. Арада тағы да аз ғана уақыт өтті. Енді Мәлік Мартыши учаскесіне аға инженер-геолог лауазымына тағайындалады. Осы қызметтің бәрін ол бір-ақ жылдың жетегінде игерді. Жас жігіттің институтта алған терең білімі өмірде кәдеге асып жатты.

Қамыстыдағы бастапқы қадам Жылыойда лайықты жалғасын тапты. Сонау 1972-78 жылдары Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясында геология бөлімінің басшысы болып, талай кен алаңдарының ашылуына үлкен үлес қосты. Ол кезде геологияға аса мән берілетін. Жоғарыдан «қара алтын» қорын жасақтау жөнінде нұсқау түсіп, даңғайыр дала төсінде бұрғылау жұмыстары жүріп жатты. Арнайы Геология министрлігі құрылды.

Сол экспедицияда жиырма шақты бұрғышылар бригадасы болды. Демек, олар осыншама ұңғымада еңбек етті. Тортай, Шөлқара, Үлкентөбе, т.б. алаңдарда ұшар басы көкке шаншылып, маңғаз мұнаралар тұратын. Солардың бәрінде тұңғиық тереңге бұрғы бойлайтын. Ал, оның тылсым сырын анықтау геологтарға жүктеледі. Сонау төрт-бес шақырым тереңдікте не барын осы мамандық иелері ғана дәл біліп береді. Кейде соншама қаржы шығарып, күш-жігер жұмсап қазылған ұңғыма діттеген жеріне жеткенде бос болып шығады. Яғни, алдында мұнай болуы ықтимал ретінде бұрғыланған ұңғымадан түк табылмайды. Бұрғышылар оған жауапты емес, олардан белгіленген тереңдікті қазып шығу ғана талап етіледі. Ал, кейін қағазға үңіліп, бәрін таразыға тартып, сарапқа салатын – геологтар.

Туған жердің түтіні де ыстық

Мәлік Көптілеуов біраз жыл Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясында кәсіподақ комитетіне жетекшілік етті. Бұл сайланбалы орынға екінің бірі өтіп кетуі де оңай емес. Оның үстіне, бұрғышылар – бет-жүзіңе қарамай, тура сөйлейтін халық. Жақтырмаса, сыйламақ түгілі, маңына да жолатпайды. Ал, Мәлік жұртқа жаға білді. Көптің көңілінен шықты. Өзі де қатардағы геолог ретінде дала төсін талмай кезген азамат қарапайым еңбек адамдарының мұқтажын жақсы білді. Қыста аязға тоңып, жазда ыстыққа күйіп жүретін соларға алдымен жайлы жағдай туғызуға ұмтылды. Рас, мүмкіндік те шектеулі болатын. Бұрғышылар бір орнында байыз таппайды. Берілген тереңдікті межеге жеткізген соң дереу өзге орынға көшеді. Мұндай көшпенді тірлікте өндірістік ахуалды қалыптастыру да жеңіл емес. Бірақ, кәсіподақ комитетінің төрағасы іс тетігін таба білді.

Ал, 1992 жылы облыс тізгінін Сағат Түгелбаев қолына алған соң өңірдегі өндіріс ошақтарына жергілікті мамандарды тарта бастады. Сырттан келгендердің уақытша адамдар екендігін ұғынған аймақ басшысы атыраулық инженерлерді жетекші лауазымдарға тағайындады. Алдымен, «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлес-тігінің бас директоры болып Махамбет Батырбаев іске кірісті. Ұлтжанды азамат маңайына осы өңірдің талантты инженерлерін жинақтады. Бірлестіктегі негізгі тұтқаларды М.Көптілеуов, С.Дүз-баев, Ж.Жұмалиев, М.Ізбасов, Ә.Қалпақбаев, Қ.Балжігітов, Ж.Нәдіров тәрізді жергілікті жандар ұстады. Осы жұдырықтай жұмылған ұйымшыл жігіттердің мігірсіз еңбектерінің нәтижесінде Қисымбай, Аққұдық, Ақінген секілді жаңа кен орындары өмірге келген. Олардан бүгінде де өнім алынып жатыр.

Жалпы, туған жердің түтінін түзу ұшыратындар – оның өз түлектері. Бүгінде облыстағы әлемдік деңгейдегі ірі жобаларға сырттан көптеген мамандар тартылып жатқанымен, түбі солардың орнын осы өңірден шыққан инженерлер басады. Қазіргі талап та – дүниежүзілік деңгейдегі бәсекеге қабілетті қазақстандық кадрларды көптеп дайындау.

Ұлық болсаң,

 кішік бол!

Мәлік Көптілеуов – талай лауазымды қызметтің тізгінін ұстаған азамат. Жиырмадан асқан шағында геология саласында бірнеше белесті бағындырды, орда бұзар отызында көпшіліктің көңілінен шығып, кәсіподақ ұйымына жетекшілік етті, қамал алар қырқында мұнай-газ өндіру бағытына біраз басшылық жасады. «Теңізмұнайгаз» тәрізді ірі өндірістік бірлестікте бастапқыда бас геолог, кейін бас директордың орынбасары болды. Құлсары және Прорва мұнай-газ өндіру, Құлсары ұңғымаларды күрделі жөндеу және қабат қайтарымын арттыру басқармаларын басқарды. Біраз жыл бұрынғы Ембі аудандық партия комитеті өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, атқару комитеті төрағасының орынбасары болды.

Мен бұларды неге санамалап отырмын? Өзімнен он бес жас кіші Мәліктің мерейін көтеріп, дәрежесін өсіру үшін бе? Тіпті де олай емес. Бүгінде жетпіс жастың жетегіне ілескен жанның жеткен жетістігін ел біліп те отыр. Ал, мен айтсам – осындай қызметтерде жүріп, биліктің биігінен көрінген оның бойындағы қарапайымдылығын сақтап қалуы. Данышпан Абай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген екен. Осы айтылғандарды Мәлік Көптілеуовтің бойынан көргендей боламын. Әке-шешеден алған тәлімді тәрбие, өмірден жинақтаған толымды тәжірибе, үлкеннің сөзін тыңдап, кішіге қамқор болып өскен өнеге – бәрі-бәрі оның абыройы асқақ, ары адал азамат ретінде қалыптасуына септігін тигізді.

Мәлік Есмұқашұлы қазір де қызметтен қалып, қол қусырып отырған жоқ. «ЕмбіМұнайГаз» акционерлік қоғамы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде біраз шаруа тындырып жүр. Мұнайлы мекеннің тұтас тарихын жақсы білетін ол кешегі мен бүгінгіні салыстырады. Осы жылдар аралығында жеткен жетістігімізді саралайды. Толымды табыстарымызды таразыға тартады. Солардың тасасында егде тартқан байырғы мұнайшылар мүддесін қорғайды. Олардың атаусыз болмауын, қолдаусыз қалмауын қадағалайды. Бұл да – мерейлі міндет.

Нұр-Мұхаммед ЕСЕНӘЛІҰЛЫ,

еңбек ардагері,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз