Жүректе қалған сағыныш

IMG 20190125 WA0014 Қоғам

  Atr. kz / 15 – ақпан.  Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік ауылының тумасы Болат Үмбетовтің  сағынышқа айналған балаң сезіміне арнаған бір топ жырын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

IMG 20190125 WA0014
Болат Үметов

Аялаған  бір жылылық сеземін…

Атырапқа алтын сәуле таратып,

Алақайлап келеді бір таң атып.

Сыршыл әуен ­– Сары құмды қимадым,

Сапар шегіп астанаға баратып.

Қол ұстасқан сексеуілдер сұйылды,

Қызғалдақтар қия алмай қиылды:

«Туған жерге ұлтан болар ұл едің,

Қазық қылып барамысың қиырды?

Қара қазан қайнататын азамат!

Қара алға түсірмейтін – қазанат!

Қара орман халқың қалып барады»

Қаптаған ой түрткілейді мазалап.

Шағыл айтты: – сағынатын шығарсың?

Шағып айтты: – жалғыз жүріп сынарсың».

Тауым айтты: – туған жерде биіксің.

Тауып айтты: – еліңменен шынарсың!

Қызғалдақтар қия алмай қиылды,

Қол ұстасқан сексеуілдер сұйылды.

Қырат қария қоштасуға жұмсаған,

Қара бұлт та жылап алып, тыйылды.

Айналаға алтын сәуле таратып.

Алақайлап келеді бір таң атып.

Аялаған бір жылылық сеземін,

Алматыға сапар шегіп баратып.

* * *

girl 3421489 960 720

Қамқор болған ел-жұртына қарасып,

Дастарханы жиылмайтын, қолы ашық.

Қонақ келсе, сойып тастап бір қойды,

Отыратын әзіл сөзі жарасып.

Қуанышты қайғы-мұңды бөлісіп,

Шаруа жайғар,

Көңілі бір – кең ішік.

Сол ақсақал аунатып ап шағылға,

Сырқаттансақ жасайтұғын жерұшық.

Шалып, қағып, қалжың айтып, ілетін,

Шын пейілмен ақтарыла күлетін.

Шектен шыққан кезімізде айбар қып,

Білегіне білем қамшы ілетін.

Сол ақсақал – тарих кәрі құлақ-ты,

Сол ақсақал – терең, қайнар бұлақ-ты.

Өтерінде өндірлерін еске алып,

«Сағындым ғой, тентектер» деп жылапты…

Ауыл осы –

байлығы көп, талы көп.

Ауыл осы –

Арқасүйер шалы жоқ!

Ақылгөйім жүретұғын алыптай,

Алқа топтың ажары боп, ары боп.

Тағдыр осы –

күрмеуі  сан сұрақ бір.

Тұнжырауда қария жатқан жырақ қыр.

Еркелікпен  ренжіткен сан рет,

Шалдуары басына кеп жылап тұр…

* * *

*Сулыкөлге сән беріп, қаз қона ма,

Қаңқыл үнге құба бел мәз бола ма?

Ой бағамын бұл күні, мұңданамын –

Көп бола ма, қуаныш, аз бола ма?

Осы ма екен шынымен заманақыр,

Қырат дала қуарып бара жатыр.

Сұлулықтан айырылған Сулыкөлге

Сағынса да құс келмес қара да тұр!

Сұр шекпендер сұлуға санамайды,

Сулыкөл маған қайғы, саған қайғы.

Сұры қашып, құс кеткен бұл маңайға,

Су ішуге киік те жоламайды.

Өкінесің ішіңнен жанасың да,

Маған салса, бермес ем бар асылға!

Сулыкөлде оқ-дәрі жетіп жатыр,

Тазартуға, жан досым, барасың ба?!

Тазартуға денесін барасың ба?

Жазып, емдеп көрейік жарасын да,

Қиял қуған құлын кез есіңде ме,

Балапандар өретін жағасында?

Сулыкөлге биыл да қаз қонбады.

Қаңқыл үнмен қыратым мәз болмады.

Әскерлердің алаңы – азған жерде,

Ағайынның жылауы аз болмады…

* Сулыкөл – Сүйіндік ауылындағы жер аты.

* * *

Хабар болмай, достарым сағындырып,

Алақайлап атпады таңым күліп.

Мұңдасқалы өзіңе келдім тағы,

Ақ қайыңым, жабырқау жанымды ұқ.

Қуаныш пен қайғыны бөлісетін,

Керісетін, кетіспей келісетін.

Бір хабар жоқ достардан жомарт көңіл,

Ризығын тірліктің терісетін.

Өтіп жатыр осылай күн ағыным,

Тіршіліктің өшуде шырағы мың.

Сенім Сары жапырақ сияқты ма?

Сары күздің Сары алтын құрағымын.

Жақсылыққа жан құмар кеңдікпенен,

Күлгін күдіктің түсін серпіп берем.

Ақ қайыңым, қайыңым, құлағың сал,

Қоңыр үнді домбырам шертіп келем…

* * *

Тайғанақ мынау жалғанда,

Мұңымды кімге шағайын?

Арманда қалдым, арманда,

Қара түн болып арайым.

Өзенім ерте тартылды,

Жаныма кеттің жара сап.

Жарқ етіп сөнген жалқын нұр,

Жалғанбай қалған болашақ.

Бор болдым, едім болаттай,

Тұңғиық ойға тұншығып.

Жапырағын желге таратпай,

Қиылған қыршын бір шыбық.

Құрылмай қалды шаңырақ,

Бір отау қалды тігілмей.

Бір ана қалды аңырап,

«Қыршыннан кеткен күнім» дей.

Жасырып жатыр денеңді,

Кішкене ғана төбешік.

Сыңсумен шерлі өлеңді,

Жоқтайды күнде жел есіп.

Атырау ұлын жоқтайды,

Жоқтайды туған ауылың.

Ажалдан ауыр жоқ қайғы,

Езіліп кетті бауырым…

* Жастық шақ жырлары

Тұнып  қалды көзде  мұң

Сол бір алаң, сол маңай,

Жүрегімді сызып мұң.

Сылқ-сылқ күліп жалған-ай,

Сырғып кетті қызық күн.

Оралдым мен жыл салып,

Оны ешкім сезбеді.

Бұтақтары ырғалып,

Терек күтті өзгені.

Кекілді қыз шықпадың,

Көк көйлегің желбіреп.

Көңілімді ұқпадың,

Алып ұшып келді деп.

…Көлеңкесін арқалап,

Келіп қапты күз, міне.

Күте-күте жол қарап,

Күдеріңді үздің бе?

Сол орындық, сол терек,

Сол бір алаң, сол маңай.

Күн өтпеді не керек,

Саған өлең арнамай!

Құстай ұшты құлын шақ,

Құсы болдың өзгенің.

Оралмайды тұнық шақ,

Тұнып қалды көзде мұң…

Болат  ҮМБЕТОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз