Жұмыссыздық – құлықсыздықтан
Күнде көзің көріп, құлағың естіп жүрген соң жасыруды да қажет етпейтін мәселелер жетіп артылады. Қоғамда жұмыс жасауға ынтасы жоқ жандар бар. Олар маңдай терлетіп, еңбек еткеннен гөрі, телефон шұқылап, ата-анасының зейнетақысымен жан баққанды жөн көреді. «Жұмыс жоқ» деген сылтаудың тасасына тығылған олар бос жүрісінен ұялмайды да. Кейбіреуі сыныққа сылтау іздеп, айлығының аздығын алға тартып, ұсынған жұмыстан бас тартып жатады.
«Жұмысы жоқтық, Қарыны тоқтық, Аздырар адам баласын» деп дана Абай айтпақшы, жатып ішер «жалқаулардан» қауіп көп. Қылмыстық жолға оңай түсіп, діни теріс ағымдардың жетегіне ілесуі де әбден мүмкін. Елде жұмыс жоқ па, әлде жұмысқа мойны жар бермейтін еріншектік пе? Жұмыс жасаймын деген адамға, екі қолға бір күрек қашан да табылады. Оның үстіне Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланып, аталған кәсіп иелеріне басымдық берілгелі отыр.
Жастардың жұмыспен қамтылуы – өзекті мәселе. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуынша, өткен жылы қала, аудандардағы мансап орталықтарына жұмыспен қамту мәселесі бойынша 25 399 жас хабарласқан екен.
– Бұл жастардың ішінен 25 226-сына әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілді. Оның 13 497-сі жұмыспен, 843 жас онлайн «skills» оқумен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне 1 228 жас жіберілді. Қайтарымсыз мемлекеттік гранттарды (400 АЕК) көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар (аз қамтылған отбасы), мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды асыраушылар және асыраушысынан айырылғандар есебінен 148 жас алды. Ал кәсіптік бағдарлаумен 9 510 адам қамтылды. Былтыр облыс көлемінде 467 жұмыс берушінің қатысуымен 41 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді, оған 4 417 адам қатысты. Жәрмеңке қорытындысымен 3 897 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, оның 2651-і – жастар, — деді Гүлболат Екпінқызы.
Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды және жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,5 пайызды құрайды екен. Бұл статистика департаментінің өткен жылғы үшінші тоқсанның мәліметі.
Бағдарламалардан бейхабар жастар да бар
Заманның озығы болар, жастар төрткүл дүниеден хабардар, көргені де, естіп жатқаны да жетерлік. Десе де, жастарға қолдау көрсететін көп бағдарламадан бейхабарлары да жетіп артылады екен. Алысқа ұзамай, қаладағы «Дина» базарының артқы жағынан сөмке асынып, жұмыс іздеген жандарды күнде көреміз. Тепсе темір үзетін, қазақтың «мен, мен» деген жігіттері жақындасаң қаумалап, қоршай кетеді. Бірімен бірі таласып, анталай жүгірген топтың қоятын алғашқы сауалы «жұмыс бар ма?» Жұмыстың жоқтығынан жоқшылықтың тауқыметін тартқан жандар мұндай бағдарлама барынан бейхабар болып шықты. Тіпті «таныстарынан ауыспайды ғой» деп әбден көңілі қалғандарын айтады. Тұра тұрыңыз… Бір таңғалғанымыз, жұмысқа орналасқысы жоқ жастар да бар болып шықты.
– Несием көп, есепшоттарым бұғаттаулы. Жұмыссыздық арқылы жұмысқа орналасуыма болады, олар қолма-қол бермейді. Банкомат картама «тиын» топ етсе, аш қасқырдай қаумалаған банктер қауып алуға әзір тұр. Осы жүргенде банктерден қашып жүрмін,-дейді бетін бүркеп алып, әр сөйлеген сайын түкіріп, айналасын ластап тұрған Айбол.
Айболға «бай бол» деген тілегімізді айтып, әрі аса бергенімізде жеңімізден түрткен Айболдың «әріптесі» «жұмыс тауып бере аласың ба не?» дейді. Басқармадан естіген ақпаратымызбен бөліскеніміз сол, «өтірік қо, ит қырғын құжат сұрайды. Жүруің керек. Соны өзің жасай берш» деп қолын бір сілтеді. Қолындағы гаджеті арқылы көп шаруаны бітіруге болатынын түсіндіруімізге де мүмкіндік бермеді… Көзіміздің жеткені, жұмыссыздық құлықсыздықтан. «Дайын асқа тік қасық» демекші, ақпаратты тыңдап, құжат жинауға да ерінеді екен көпшілігі. Айтпақшы, Мемлекет басшысының жасап жатқан қолдауын пайдаланып, банктердегі несиелерінен құтылғандар да құтырып жүр. Енді күнара іздеп тұратын коллектордан құлақтары тынышталып, екі қолды қалтаға салып көше кезіп жүргендер де жетерлік. Бар энергиясын төбелес, ұрлық-қарлыққа жұмсап жүрген жастарға жасалатын бар мүмкіндікті сарқа пайдаланып, жұмыссыздықты жүйелі түрде шешу бүгінгінің кезек күттірмейтін шаруасы болып тұр.
Иә, жастар мәселесі күллі қоғамға қозғау салатын кең көлемдегі әлеуметтік проблемалардан да ауқымды һәм күрделі.
Жұмыссыз жүргендер көп
Байқасақ, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді құп көретіндер көбейіпті. Мұны масылдық дейміз бе, әлде жалқаулық па? Жалпы, масылдық көктен түскен нәрсе емес.
– Ол – адам баласының бойында жүре пайда болатын жағымсыз қасиет. Сондықтан масылдықпен күрес өмір бойы жалғасады. Адам өз бойындағы жалқаулықты қалай жеңуге тырысса, масылдықты да солай жеңуге ұмтылуы керек. Бұл орайда ғалымдардың ойы «бәрі де адамның өзіне байланысты» дегенге саяды. Өмірде өз жолын дұрыс таңдап, сүйікті кәсібін таба білген адам ғана бұл қылығынан арылады,-деді өзінің пікірін білдірген психолог Мәрзия Ермұханова.
Облыста мықты кәсіпкер болған марқұм Әлия Бекқожиевамен кезінде сұхбаттасып, өзін не алаңдататынын сұраған едік. Сол кезде «Ең бір көңілге өкініш ұялататыны, кейбір аналардың 24-25 жастағы ұлына жұмыс сұрап келетіні. Тепсе темір үзетін жігіттердің үйде жатып алып анасын, әйелін жұмсайтыны не сұмдық? Намыс қайда? «Қарға баласын аппағым, кірпі жұмсағым» дейді ғой. Көп ана «менің баламның дипломы бар, еш жерге жұмысқа қабылдамайды. Үкімет жұмыс тауып беруге шарасыз. Несие алып оқыттым» деп жатады. Неге ол бала өз білімімен оқуға түспейді? Әлі келмей ме, білімі мен білігі жететін колледжге құжаттарын тапсырып, ақысыз бөлімде оқысын. Бізде «ананың баласы институтта оқып жатыр. Менің баламның одан қай жері кем?» деген түсінік бар. Баласының мүмкіндігі басқаның қабілетінен төмен шығар… Оны ешкім мойындағысы келмейді. Шауып барып жоғары оқу орнына түсіреді, шет елдерде мақтан үшін оқытады да, сұраныс жоқ мамандықты алып беретіндері де бар. Қазір заңгер, экономистер көп. Сол толып жүрген қаржыгердің ішінен білікті бухгалтер таба алмайсың» деп қазір де бар проблеманы сол кезде де дөп басқан болатын.
Масылдық – қоғам дерті
Бұл түйінді шешу үшін біздің өңірде қандай жұмыстар жасалып жатқанын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы айтып берді. Тіпті, жастарды жұмыспен қамту мәселесі республикамыздың өзге өңірлерінен көшілгері секілді. Десе де мұндай құлықсыз жастардың көбеюіне не себеп? Бұл турасында өзіндік пікірі бар, жастармен тығыз байланыста жүрген облыстық жастар мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Нұрсейіттің ойын білмек болғанбыз.
– «NEET» ұғымы жастардың еңбектен, білімнен, әлеуметтік белсенділіктен, өзін-өзі дамытудан ерікті түрде немесе түрлі себептермен бас тартуын білдіреді. Жалпы жастардың жағдайы мен көңіл күйіне жұмыссыздық тікелей әсер етеді. Көп жағдайда жылдам дамып келе жатқан қоғамнан қашып, оқшауланып қалады. Олар әлеуметтік ортада өздерін керексіз сезініп, жеке жол табуға ұмтылады. Суицид, дивиация секілді проблемалардың бәрі осыдан туындайды. Отбасы құндылықтары бұзылады. Бұл – біздің қоғамға қауіп. Дегенмен белгілі бір пайыздық көрсеткіштің ішіне кіретін жастардың барлығын құлықсыз деуге болмайды. Өйткені қазір нарық заманы, әлеуметтік желі мен цифрлық технология заманы. Бұл дегеніміз, ешқандай арнайы органдарда тіркелмей-ақ табыс тауып, жұмыс жасап жүрген жастарымыз да бар деген сөз. Сондықтан көрсеткіш әлдеқайда төмен болуы мүмкін.
Менің ойымша, NEET санатындағы жастардың басым көпшілігі ауылдық жерлерде, үй шаруасында жүр. Үйдің үлкендеріне қарайлап, қалаға келе алмай немесе өндірістерде жұмыс жасау мүмкіндігі болмай отырған жандар,-деген пікірін білдірді. Және… еңбек адамының қоғамдағы рөлін төмендетіп алғанымызды да айтып өтті. Оның ойынша, әлеуметтік желілердегі әдемі өмір кеңінен насихатталады да, сол сән-салтанатқа, сол қаржылық жағдай қаншалықты еңбектің күшімен келетіндігі насихатталмайды. Соның салдарынан «тез байып кетсем, ақшаны оңай тапсам» деген түсінік қалыптасқан. «Бізде мемлекет тарапынан қанша қолдау, гранттар, субсидиялар бөлінгенімен өндірістің дамымай жатқанының бір себебі де осы – «Еңбек адамының» қоғамдағы орны төмендегендігінен» деді ол.
Мүмкін…
Президенттің халыққа арнаған Жолдауында осы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Стратегиялық құжат та, Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты да азат елдің озат ойлы жалынды жастары үшін жарқын жетістіктерге жол ашатын мүмкіндіктердің бастауы болады деген сенім бар.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ