ӘНШІ-САЗГЕРЛЕРГЕ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ

Елімізге белгілі әнші-cазгерлер Атырауда бас қосты. «Атырау – асыл мекенім» атты республикалық ән-сазгерлер байқауының қатысушыларын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдап, құрмет көрсетті.
- Ежелден айдынында аққу қонып, шалқарында шағала шалықтаған, өнер мен мәдениетін өркендеткен Атырау жеріне қош келдіңіздер,- деген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы «Атырау – асыл мекенім» атты республикалық ән-сазгерлер өнер додасының облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын ерекше атады.

– Сіздер әкелген тың туындылар Атырауды халыққа кеңінен таныту, шығармашылық тәжірибе алмасу, аға буын сазгерлердің, ақындардың, әншілердің жолын қуған талантты да дарынды жастарды іздестіруге үлкен ықпал етеді деп сенемін.
Облыс көлемінде жыл бойына өткізілген шаралардың әрқайсысына егжей-тегжейлі тоқталған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алдағы уақытта да олардың жалғасы табыла беретініне сенім білдіріп, шығармашылық сәттілік тіледі.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз