Жарнама
Қоғам

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: «Атырауға әйнек зауыты керек»

Бұл – біз тілдескен әйнек шебері Николай Юннің пікірі, — деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Кейіпкеріміз әйнек өңдеумен 2011 жылы айналыса бастағанын айтады.

«Әйнекті алғаш кескен сәтте-ақ бұл істің қолымнан келетінін түсіндім. 2011 жылы үй сатып алып, гараж салдым. Түрлі тәжірибенің бәрін сол жерде жасап, шеберлігімді шыңдай түстім. Күндіз «Интергаз Орталық Азия» мекемесінде жұмыста жүрсем, кешке шыны кесу және өңдеу жұмыстарымен айналыстым. Ал, кейін әйнек қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жаңа бұйымдар жасауға көштім. Қарапайым үрлеу мен балқыту әдісі арқылы түрлі заттар дайындадым. Бұл – экологиялық тұрғыда өте тиімді тәсіл. Осылайша, қалдықсыз өндіріс жүйесін қалыптастыруға болады» дейді ол.

Сонымен, бизнес қалай басталды?

«Жалпы, менің әйнекке қызығушылығым компаниядағы қызметтен кеткен соң басталды. Сол кезде бос жүрген жарамайды, өз ісімді бастауым керек деп шешім қабылдадым. Сөйтіп, бүгінгі нарықтағы бос орындарды қарадым. Жоғары сұранысқа ие кәсіптерді іздедім. Ақыры, әйнекпен жұмыс жасауға тоқталдым. Осылайша, тереземен айналысатын шеберханаларды аралап, шыны қалдықтарын алдым. Содан базарға барып, әйнек кесетін құрал сатып алдым» дейді кейіпкеріміз.  

Бүгінде бесаспап маман осы кәсібі арқылы төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Білуімізше, оның алда үлкен арманы бар екен. Бұл – Атыраудан әйнек өңдеу бойынша толық циклді зауыт салып, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту.

«2013 жылы менің өнімдеріме тұтынушылар тарапынан сұраныс артып, тапсырыстар көптеп түсе бастады. Бірақ, ірі тапсырыстарды қабылдай алмадым. Себебі, компаниядағы негізгі жұмысымнан босамадым. Сондықтан кейін тағы бір цех салдым. Осылайша, бірнеше цехы бар шағын өндіріс орнын құрдым десе де болады. Әлі де болса бұл кеңістік өндіріспен толық айналысу үшін тар болып тұр» дейді Н.Юн.

Қазір қалада не көп, өкінішке орай, шашылып жатқан қалдық көп. Арасында әйнек те бар. Міне, соның бәрін жинап алып, қайта өңдеуге болады. Ендеше, Николай да алдағы уақытта өз білім-білігін басқалармен бөлісіп, өндіріс орнын ашқысы келеді. Әзірге бұның бәрі тек жоспар ғана…

«Еліміздің батыс аймақтарында алғаш рет суретті айна, түрлі пішіндегі шынылар мен оларды балқыту арқылы бұйым жасауды бастаған – біздер болатынбыз. Қазір кез келген шыны мен айна бұйымдарын жасаймыз. Әзірге тек шыны шынықтыру үрдісі өнбей тұр. Өйткені, оған қымбат құрал-жабдық пен қуатты электр энергиясы қажет. Мен өз командама шынымен жұмыс жасаудың қыр-сырын үйретіп қойдым. Негізгі жұмысты олар өздері атқара береді. Ал, мен қазір шыны үрлеу бағытын дамытуға бет бұрып жатырмын. Бұл әдіс арқылы шыны қалдықтарын қайта өңдеп, жаңа бұйымдар жасап шығаруға болады. Атырауға мұндай қалдықсыз өндіріс ауадай қажет!» дейді шебер.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button