«Әулие Валентин» күнін мерекелеу қаншалықты дұрыс?

Den svyatogo Valentina Жаңалықтар

Ақпан айының 14-күні еліміздің жастары ұлттық болмысымызға жат «Валентин күнін» жаппай тойлауды әдетке айналдырып алды. Мейрамдатып, думандатып, атап өтеді. Әрине, барлығы емес. «Валентин күні» дегеннің қайдан, қалай, кім ойлап тапқаны туралы тарихы талай айтылды. Бұл мейрам-сымақ өзінің дінін, ата-бабасының салтын, үрдістерін, дәстүрлерін, тілін сыйлайтын, аз да болса ұлттық санасы, ұлттық ­намысы бар, өзін мұсылманмын дейтін ұлт үшін ең азғындық мейрам екені көрініп-ақ тұр.Den-svyatogo-Valentina

«Валентин күні» бойынша сол күні, сол түні ер балалар мен қыздар ойына келгенін істеуіне болады деген қағида пайда болып, белең алғандай. Базарлар мен көшелерде гүл саудасы, қағаздан жасалған жүрек саудасы қазандай қайнайды. Бірін-бірі құттықтап, құшақтасып, көшенің қақ ортасында аймаласып тұрған қазақ ұл-қыздары. Оны айтасыз-ау, қазақтың жасы егде тартқан еркектері мен қатын-қалаштары бірін-бірі жаңа көргендей қау­қылдасып, құттықтап жатқанын көргенде неткен санасыз, ­намыссыз едік деп ойлайсың. Жастардың осы күнді қиқулап тойлау барысында небір өрескел қылықтарға бой алдырып, қазақи ғұрып пен әдепті де естерінен шығарып алатынын қайтерсіз? Бұл соншалықты естен адасып мерекелейтіндей ата-бабамыздан қалған салт па еді? Қарап тұрып жаның ашиды. «Европизированный», «глобализованный», «цивилизованный» боламыз деп ұрандатып жүретін «горлопан», бержақтағы соларға ерген итаршы «крикундарды» қойшы, сол қыздар мен ұлдардың ата-аналары қайда қарап отыр десейші.

Әне бір жылдары баспасөз бетінде «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мәтел жиі қолданылатын. Сол мақал ол ­заманда қазақты жаны да, тәні де сау, салауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеп шығаратын озық та үздік салт-дәстүрлерінен айыру үшін жиі қолданылғанын енді-енді ғана ұғынып жүрміз. Оның есесіне сол киелі үрдістеріміздің орнына қазақты ұлтсыз-интерна­ционалистікке, көзжұмбай кеңес­шілдікке, әйелдері мен қыздарын еркек сыйламауға тәрбиелеуге арналған мейрам, мереке дегеннің түр-түрі бар болатын. Кеңес өкіметі құлаған бойда көршілес, қазақ пен тілі бір, діні бір, үрдіс-дәстүрлері ұқсас республикалар сол мейрамдардың кейбір түр­лерінен бас тартты. Қарап отырсаңыз, мына тұрған Өзбекстанда бір жылда бар болғаны «Тәуелсіздік ­(мустахиллик) мейрамы», «Құрбан айт», «Наурыз мейрамы» сияқты 3-4 қана мемлекеттік деңгейдегі мейрам бар екен. Ал бізде бір жылда болатын мейрамның ұзын саны 30-дан асып жығылады.

Қайран қазекемнің кей жағ­дайда іске шорқақ болса да, ой тереңдігі сұмдық тұңғиық қой. Оның «Арсыз жұртқа күнде мейрам, күнде той» деген қанатты сөзінің өзі неге тұрады. Ол аз болса, бұл орайда ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері «Пенденің бәрі арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ» деп ащы мысқыл тастайды. Шынында да, біз шет-шек, ынсап-қанағат деген ұғымдардан рабайсыз аттап, үлкен-кішісі жәркелеш думанқұмар ұлтқа айналып, көршілеріміздің мазағына қалған жоқпыз ба деп ойлайтын күн туды. «Валентин күні» деген «мейрамды» қазақтың ұл-қыздары дүркіретіп өткізетінін, солардың телеарналардан көрсетіліп жататынын көргенде өзгелер не дейді? Еліктеп-солықтаудың жөні осы екен деп қашанғы жат елдің мәдениетіне бой ұра бермекпіз? Жастарымызды рухсыздыққа, мәдениетсіздікке, ұлтсыздандыруға апарып соғатын дүниелерге тоқтау салмасақ болмайды. Қазір кейбір ата-аналар өз баласының түзде не істеп, немен айналысып жүргенін де білмейді-ау. Әйтпесе, баласын мұндай жат мейрамдардан тиып отырса, қанеки…

 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз