
Жұмысшы мамандар жылы: Елдегі ең ірі кен орнын электрмен кім қамтамасыз етеді?
2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл – елдегі ең ауқымды мұнай-газ жобасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген адамдар туралы айтуға жақсы мүмкіндік. Өйткені ірі технологиялар мен заманауи жүйелердің артында әрқашан адам еңбегі тұрады.
Теңізді сенімді электрмен жабдықтау міндетін электромеханикалық цехтың шебері Нуриддин Максимовтың бригадасы атқарады. Олардың үйлесімді жұмысының арқасында кен орны тәулік бойы үздіксіз энергиямен қамтамасыз етіледі.
Нуриддин Теңізге жақын орналасқан Қошалақ ауылында дүниеге келген. Бала кезінен ТШО туралы естіп өсті, бірақ бір күні компанияның бір бөлшегіне айналып, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін 20 адамдық бригаданы басқарамын деп ойлаған жоқ. Мамандық таңдауы да кездейсоқ болмады – оған үлгі болған әкесі мен ағасы да электротехника саласында еңбек еткен.
2013 жылы колледжді тәмамдап, бірнеше жыл тәжірибе жинаған соң, 2018 жылы ТШО-ға кезекші электрик болып жұмысқа кірді. Алты жыл ішінде ол цех шеберіне дейін көтерілді. Бүгінде Нуриддиннің бригадасы бүкіл Теңіз кен орнының сенімді электрмен жабдықталуына жауап береді.
«Бұл мамандықты мен сүйіспеншілікпен таңдадым. Электрик жұмысы тәуекелдермен байланысты, сондықтан мұнда тәртіп, мұқияттық және тез шешім қабылдау қабілеті ерекше маңызды», – дейді ол.
Нуриддин үшін ең басты құндылық – оның бригадасы: әріптестерінің қолдауы, ұйымшылдығы және ірі жобалардың бір бөлігі болу мүмкіндігі. Басшы ретінде ол әр қызметкердің жұмыстан аман-есен үйіне оралуына жауапкершілікпен қарайды. Бұл ұстаным Теңізде ең бірінші кезекте тұратын еңбек қауіпсіздігі қағидаларымен тығыз байланысты. Оның үстіне, заманауи технологиялар электриктердің еңбегін анағұрлым қауіпсіз ете түсті:
«Бұрын жабдыққа жақындап, барлық операцияны қолмен орындау қажет болса, бүгінде мұның бәрін компьютер арқылы қашықтан жасауға болады», – дейді ол.
Нуриддин Максимов пен оның бригадасының тарихы – кәсібилік, жауапкершілік және өз ісіне деген сүйіспеншілік стратегиялық маңызы бар салада биік нәтижелерге қол жеткізуге және ел дамуына үлес қосуға қалай көмектесетінінің жарқын мысалы.