Ақсақал болудан қорқамын…

0001 Жаңалықтар

Atr.kz/21 мамыр, 2019 жыл. Қазіргі ғаламдану заманында бабалар даңғылынан адаспай, ұлттық бітімболмысымызды сақтау үшін бірегей салт-дәстүр, мәдениет, тіл, қазақы әдетғұрыптарды қастерлеу ауадай қажет.

«Атырау» газетінің «Қазына» ардагерлерге арналған бет ашып, оқырманды ашық пікірге шақыруы, ақсақалдардың «дөңгелек үстел» басында еркін ой-пікірімен бөлісуі құптарлық іс. Бұны ұлттық тәрбиеге жанашырлық таныту, елдің ертеңі – болашақтың қамына қобалжушылық таныту деп түсінген ләзім.

Қазақта жасы ортадан асқан адамның оғаштау іс-әрекетін көргенде, не ерсілеу сөзін естігенде айтылатын «ата сақалы аузына біткенде», «ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады» деген нала сөздер бар. Бұл үлкен бола тұра, өзінің орнын білмеген, адами әдепті қаперге алмаған парықсыз, өнегесі жоқ адам дегенді білдіреді. Осыған үндес «Ұлға көрсетер үлгісі жоқ, қызға көрсетер қылығы жоқ, ақыл-ойдан құр қалған, жан дүниесі жарлы адам – бәрінен де сол жаман» – деген аталы сөз де көкірегі көрсоқыр, надан, ойы қортық болымсыздықтан сақтандырады. Осы орайда жылойлық оқырман Қалыбай Жағыпарұлы «Ақсақал болудан қорқамын…» атты мақаласында үлкендеріміз кейінгілердің алдында жауапкершілікті сезініп, абырой-бедел мен қадір-қасиетімізді қашырмай, ақсақал деген ажарлы да айбынды атақты аласартпасақ дегенді меңзегені ғой. Қазіргі ел ішінде, баспасөз беттерінде «қарттарымыз сиықсыз, қарақұрым қауымға қарақшы боларлық салиқалы ойы, салмақты пікірі бар үлкендер қалмады, тартымды құлқы, татымды сөздері жоқ» деген сөздер айтылып қалады.

«Бұрынғы заманда бір рулы елді бір ақсақал өргізіп тұрғызатын, ауыл сол үлкеннің сөзіне құлақ асатын» деген пікір де жиі айтылады. Дүниеден мақұрым, оқу-білімнен ада, меңіреу, ауылда кигені қазақы түйе жүн шапан, мінгені түйе, «үлкенді тыңда, соның айтқаны жөн» деген салт-санамен мәңгіріп, мал артында жүрген баяғының қазағында солай болмағанда қайтпек. Айтпағымыз, қазіргі дәуірді феодалдық заманмен салыстыруға болмайды. Бүгін салт-дәстүр, тірліктің әлеуеті түбірімен басқаша. Адам – заманның қуыршағы. Заманына қарай адамы деген емес пе?

Өткенде сол «Дөңгелек үстелге» қатысқан ел ағаларын өресіз, жетесіз деуге бола ма? Тыңдар құлақ, зерделер жас болса солардың кез келгені сөзі мен ісінен ғибрат, үлгі-өнеге алуға болатын адамдар. Ел ішінде ондай үлкендер баршылық. Жастары 70-80-ге келген ақ жаулықты әжелердің басына бөрік, сыптай болып еркектің шалбарын киюі, жасы 20-25тегі жап-жас қазақ баласының сапсиған қабасақал қойып, өзінше «араб» болуы, ер адамның бетіне тура қарамаған ибалы қыздардың жалаңаштанып жұдырықтасуы (бокс), «мен сізді ұнатамын» деп телеарнада жігітке сөз салуы қай заманда қазақтың салтында болып еді?! Көзге қораш, қазақы ұлттық дәстүрге жат болғанмен теріс дей алмайсың.

Себебі, жалпыадамзаттық өркениет мидай араласқан мынау аласапыран заманда ізгілік, парасат, адамгершілік сияқты адами құндылықтар кейінге ысырылып, билік, байлық, ақша алға озған қазіргі қоғамда адамдардың түсінігі мен санасы, табиғи болмысы басқаша екенін мойындауымыз керек. Осындайда ұлы Абайдың «Заманға жаман күйлемек, адамды заман илемек» деген сөзі еріксіз ойға оралады.

Біздіңше, бұған қарттарымыздың «сиықсыздығы» кінәлі емес. Бұл бір. Ал, той-топыр мен садақалардағы «ауыз өзімдікі», «мен кімнен кеммін» деген жапатармағай пәтуасыз сөзжарыс бөлек әңгіме. «Тауып айтсаң береке, таппай айтсаң келеке» деген аталы сөзді кім қаперге алып жатыр бүгінде. Қазақ «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөзді өнер атаулының озығы, құдіреті санаған. Сөз – адамның ақыл-ойының, көзқарасының, парасат-пайымының дыбысталу түрі. Ол ойдан туады. Адампенде ала-құла, біреу – дана, біреу – топас, біреу – озбыр, біреу момын. Бұл – табиғаттың сыйы.

Ордалы ой, пәтуалы пікір, келелі кеңес, аталық ақыл айту үшін адамда терең білім, табиғи шешендік, өмірлік мол тәжірибе, заман мен қоғам дамуын бағдарлай алатын зор түсінік, қысқасы рухани биіктік керек. Ал, барша ақсақал атаулының бойынан осындай қасиеттердің табылуы мүмкін бе? Олай болмағаны үшін адамды жазғыруға да болмас, себебі, адамның қабілет-қарымы әртүрлі ғой. «Он сегіз мың ғаламға бір мысқал ақыл таратты» деген тұжырымды сөз Пайғамбар заманынан бар емес пе?

Бір мысқал ақыл кімге жетеді. Ол тапшы. Жаратушымыз «өзімнен асып кетпесін» деп адамның ақыл-ойын шектеген деген де бар. Кәміл болмаса да ақиқатқа меңзейді. Ендеше, асқақ ақыл-ой, сындарлы көзқарас, терең парасат-пайым, ділмар шешендік санаулы пенденің ғана пешенесіне бұйырған. Бұған мысал жеткілікті. Абай – дара. Абайдың замандастарынан неге ондағанжүздеген Абай сынды данышпан-ойшылдар шықпаған. Тіпті, оның бауырлары Құнанбайдың балаларының арасынан Абайға жетеғабыл біреуінің болмауы сол сөзімізге дәлел. Ендеше, жаппай қария атаулыдан озық ой, шешендік сөз дәм ету артықтау болар.

«Қорқамын» дегеннен шығады. Егер ұлттың ертеңі, ұрпақ тағдыры, Қазақ елінің өзгелермен терезесі тең жарқын болашағын ой елегінен өткізсек, шын қорқынышты жағдайлар баршылық. Әсіресе, мемлекеттің көзі халық сеніп отырған билік басындағылардың жең ұшынан жалғасқан жемқорлығы, болашақ ұлт анасы – қыздарымыздың ар-ұяттан безген тән саудасы, табиғи апаттар мен ауаның ластануы, жастардың рухани таяздығы мен ұлттық намыстың кемшіндігі, жаңа технологияны меңгеруде өзге елдерден кенжелеп қалуымыз, даңғаза дақпыртқа құмартып той-думанға шашпалық кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?

Халық жұмылса алынбайтын қамал жоқ. Осы тығырықтан шығудың жолын ойластырып, бүкіл ел болып бас біріктіріп, жұмыла көтеретін ауыр жүк, жалпы бұқаралық міндет осы. Мұны қоғамның әрбір мүшесі терең сезініп, үлес қосып, қолынан келгенше іс атқаруы керек. Бүгінде ел аман, жұрт тыныш, іргеміз бүтін, түтініміз түзу. Тәубе делік! Қарт болу ұят емес, қырт болу – ұят. Ұрпағын өмірлік өнегесімен өсірген қазақтың ақылы дария, иманды қариясы қадірімен қартайған. «Өзгені танысаң ақылдысың, өзіңді танысаң данышпансың» деген қағида бар. Ендеше, өзімізді тануға тырысайық.

Әміржан СӘРСЕМАЛИЕВ,

ардагер ұстаз,

Құрманғазы ауылы, Атырау қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз