Жарнама
Қоғам

Жұмыспен қамту масылдыққа жетелемеуі шарт

Былтырдан басталған пандемия салдары көпшіліктің жұмыссыз қалуына әкеліп соқтырды. Дейтұрғанмен, Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тығырықтан шығудың жолдарын кімет бекіткен арнайы бағдарламалар негізінде жүзеге асырып келеді. Бұл туралы аталған басқарма басшысы Азамат Мәмбетов сәрсенбіде өткен онлайн-брифингте айтты.

– Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына жұмыссыз жүрген 16716 адам хабарласып, соның 88 пайызы жұмыспен қамтылды. «Нəтижелі жұмыспен қамтуды жəне жаппай кəсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» негізінде азаматтар жұмыс табуға, мамандық алуға, өз кəсібін ашуға мүмкіндік ала алады. Биыл осы бағдарламаны жүзеге асыруға 3 млрд. 927 млн. теңге бөлініп, 22695 адамды қамту жоспарланып отырса, өткен 6 айда 16 783 адам қамтылып, 1 902,2 млн. теңге игерілді. Қысқа мерзімді оқу курстарына 950 адам жіберіліп, оның 267-cі «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржыландыруымен жүзеге асты. Олар – аспаз, шаштараз, дəнекерлеуші, газ операторы, тұрба құрастырушы, ағаш саты құрастырушы, маникюр шебері, электромонтер, құрылыс, тамақтандыруды ұйымдастыру, басқа да сұранысқа ие мамандықтар. Бірақ мемлекетке масылдық ұғымынан азаматтардың өздері қашық болуы тиіс, – деді Азамат Саматұлы өз сөзінде.

Еңбектенсең – озасың

«Бастау-бизнес» жобасы аясында жұмыссыздар кəсіпкерлік негіздеріне тегін оқытылып, 6%-бен несие алуға мүмкіндігі бар екен. Немесе оларға 200 АЕК – 583400 теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар ұсынылады. Бір қуанарлығы, осындай гранттар алған 1000-ға жуық азамат өздерінің тігін шеберханасын, шаштараз, наубайхана, кондитерлік өнімдер мен қызмет көрсету шеберханаларын (полиграфия, сұлулық салоны, аяқ киім жөндеу шеберханасы, дəнекерлеу цехы) ашып, мал, құс шаруашылықтарын дамытуға қажетті технологиялық жабдықтар мен еңбек құралдарын алыпты. Соның нəтижесінде олар өз істерін бастап кетті.
Жарты жылда 9092 адам – тұрақты жұмысқа, 362 адам – əлеуметтік жұмыс орындарына, 313 жас түлек – «Жастар практикасына», 4823 адам қоғамдық жұмыстарға орналасқан.

Жұмыс тауып береді

«Еңбек» бағдарламасына жыл сайын енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың нəтижесінде жастардың бəсекеге қабілеттілігін арттыру, оларға қажетті еңбек дағдыларын беру жəне алғашқы жұмыс орнына бейімдеуге жағдай жасалған. Биылдан бастап осы мақсатта «Алғашқы жұмыс орны» жобасы енгізіліп отыр. Талап бойынша жұмыс іздеп жүрген түлектер 29 жастан аспаған, жұмыс тəжірибесі жоқ «NEET» санатында болуы керек. Жұмыс беруші бұл жоба бойынша бағдарламаға қатысушыны кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады. Бұл кезде халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыстың бірінші жылы үшін еңбекақыны субсидиялайды. Еңбекақы мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 58340 теңге. Былтырдан бастап елдегі төтенше жағдайға байланысты жұмыспен қамту жəне жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу мақсатында республикада «Жұмыспен қамту» жол картасы жүзеге асып келеді. Осы негізде өткен жылы 64 нысанда үздіксіз жұмыс жүріп, 7000-нан астам жұмысқа алынды. Биыл 7 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға 4,2 млрд. теңге бөлініп отыр.

Бір сөзбен, аталған жобалар бойынша 272 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Алғашқы көмек – кімдерге?
Қазақстан Республикасы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына сəйкес, Атырау облысында коронавирус жұқтырудың алдын алу максатында халықтың əлжуаз топтарына, соның ішінде, мемлекеттік атаулы əлеуметтік көмек алушы отбасыларға медициналық алғашқы көмек жиынтықтарын тарату басталды. Оның ішінде коронавирусқа қарсы қолданылатын дəрі-дəрмектер мен бетперделер бар.
– Биыл маусым айындағы жағдай бойынша облыстағы АƏК алатын 952 отбасына медициналық қорғаныш құралдарының қобдишалары таратылады, – деді басқарма басшысы Азамат Мəмбетов.
Онлайн-брифинг соңында спикер көрермендер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен түскен сан сауалға жауап қайтарды.

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button