Жотасы биік, қойнауы қазыналы Дендерім
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым міндеттерді жұртшылыққа насихаттау мақсатындағы «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің «Туған жер» этномәдени жобасы аясындағы шара Индер ауданында жалғасты. «Жер астындағы алтын сандық» деп бағаланатын Дендер топырағы тұнған байлық. Ауданда мал мен егін шаруашылығы, құрылыс индустриясы, шағын және орта кәсіпкерлік салалары өркендеп, әлеуметтік мақсаттағы нысандар қатары көбейді, инфрақұрылым даму үстінде.
Мұрат рухына мінәжат
Насихаттық топты аудан территориясынан Жарсуат ауылдық округінің әкімі Әлиполла Балахметов және сексен жылдан астам тарихы бар аудандық «Дендер» газеті редакциясындағы әріптестеріміз халықтық салт-дәстүрге сай қонақжайлылық пейілмен, ақ дәмдерімен қарсы алды. Бұдан соң осы ауылдан төрт шақырымдай жердегі ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, от ауызды, орақ тілді айтыскер ақын, төкпе жырау Мұрат Мөңкеұлының зиратына мінәжат етіп, құран бағышталды.
Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында дүниеге келіп, жастайынан жетімдік тауқыметін тартқан Мұрат ауыл молдасынан білім алған. Есет би мен Абыл ақыннан өнеге алып, өзі Мұрын жырау Сеңгірбайұлына ұстаздық еткені, 17 жасында Жылқышы, 20 жасында бала Ораз, 25-інде Жаскелең, Жантолы, Шолпан, Тыныштық сынды ақындармен айтысып, жеңіп шыққаны әдебиет тарихынан белгілі жайттар. Елінің тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы жыр-толғауларын арнаған ақынның «Әуелі жеңіп орыс Еділді алды, Сарытау, Аштарханның жерін алды. Тәмамы су мен нуды орыс ұстап, Қазақтың мұнан жұтап шалынғаны», «Қазақтың жер-мұрасы», «Кең қоныс қайдан іздеп таптырады?» деген жыр жолдары ақынның отаншылдық рухына дәлел болады. Немесе:
Еділді тартып алғаны,
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны,
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны,
Ойдағысы болғаны, — деген шумақтардан Мұраттың озбырлыққа орақ тілін қарсы қойғандығын аңғарасыз.
Осыдан тура ширек ғасыр бұрын Мұрат ақынның туғанына 150 жыл толуы қарсаңында маңғыстаулық шебер Көпбол Демесінұлының жобасы бойынша бой көтерген сәулетті мазар мемлекет қамқорлығында. Тарих қойнауына кеткен ақын өлеңдерін бүгінгі ұрпақтың жадында сақтап, жатқа айтып жүргені қуантады.
Кәсіпорындағы кеңес
Аудан орталығындағы Индер борат руднигінің ізінде құрыл-ған «ИСИ Гипс Индер» ЖШС бүгінде құрылыс индустриясына қажетті стандартты, ылғалға төзімді, төбеге және қабырғаға арналған гипсокартонның бірнеше түрін өндіреді. Немістің «KNAUF» технология-сымен шығарылатын құрылыс материалдарын дайындайтын ұжымда жүзден астам жергілікті маман-жұмысшылар еңбек етеді. Насихаттық топ мүшелерін зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен кәсіпорынның бас директоры Жолдасқали Үмбетияров таныстырды. Оның айтуынша, Индерден шыққан құрылыс материалдары «ЭКСПО-2017» көрмесінің ғимараттарын салуға кеңінен қолданылған.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Рауан Сәбитов, «Прикаспий-ская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева за-уыттықтарға бұл кездесудің мақсатын түсіндіріп, кәсіпорын ұжымына сәттілік пен толайым табыс тіледі.
Бейжай қалдырмайтын мәселе
Аталмыш жоба аясындағы шара бұдан әрі аудандық ауруханадағы кездесумен жалғасты. Облыстық газеттердің журналистері жастарды отансүй-гіштікке, патриоттық рухта тәрбиелеудегі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң-ғыру» мақаласының маңызына тоқталды. Сонымен қатар, туған өлке тарихы, киелі орындары, ұлттық құндылықтар, дені сау, салауатты ұрпақ тәрбиелеудегі зиялы қауым өкілдерінің міндеттерін сөз етті.
Кездесу барысында сөйлеген дәрігер Төлеп Ханалин көпшіліктің көкейінде жүрген толғақты ойды қозғады.
– Осыдан бірер жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған академик Төрегелді Шармановтың «Құндылықтар құлдырауы» атты мақаласын оқығанмын. Аталған мақалада көтерілген мәселелер өте күрделі және әр қазақтың болашақ тағдырына ықпал ете алатын жайттар десем, артық айтқандық емес. Еліміздің идеология саласы қазақы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтай отырып, жастардың болашағына игі ықпал ететін, қазақтың рухани мұрасын меңгерген, елдің, жердің тағдырына жаны ауыратын азаматты тәрбиелеп шығаруға бағытталуы тиіс. Қазір әлеуметтік же-лілерді ғана рухани азыққа айналдырған жастарымыз газет-журнал, әдеби кітаптар оқуды қойды. Нәтижесінде, кейінгі жас буын арасынан ұлы тарихи тұлғаларынан хабарсыз ұрпақ өсіп келеді. Бұл кім-кімді де бейжай қалдырмауы тиіс, — деді сала ардагері.
– Қазіргі таңда біздің ауруханада өз кәсібіне шын берілген, оны сүйетін, талантты, талапты, білікті мамандар аз емес. Болашақта адам жанын ажал тырнағынан аман алып қалуға тер төгіп, уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген әріптестер туралы аудандық, облыстық басылым беттерінде жиірек мақалалар жарияланып тұрса жақсы болар еді, — деген дәрігер Гүлайым Салықованың пікірін өзгелер де қолдады.
Аурухана бас дәрігерінің орынбасары Күләш Қаражанованың айтуынша, қазір аудандағы 32 мыңға жуық тұрғынның бала көтеру жасындағы жеті мыңдай қыз-келіншекті бір ғана гинеколог қамтиды. Индерде онколог, лор, маммолог дәрігерлер жетіспейді. Бүгінде жоғары оқу орындарында білім алып жатқан аудан түлектерінің туған жерге оралуын әлі біраз жыл күтуіне тура келетін көрінеді. Ал, маман дәрігердің келуін аурудың күтіп тұрмайтыны тағы түсінікті.
«Көктем» қазақ орта мекте-бінде ұстаздармен өткен кездесуді аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ашып жүргізіп отырды. Облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі басым бағыттарының басылым бетте-рінде насихатталу жайынан педагогикалық ұжымды хабардар етті. Оларды толғандырып жүрген сауалдарға толымды жауап берді.
Мектеп директоры Орынша Ділмұхашевадан білгеніміздей, мұғалімдердің «Атырау» мен «Дендер» газеттерін жаздырып алуға деген құлшыныстары жоғары екен. Мұғалімнің қоғамдағы орнын сөз еткен директор шәкірттерге ұлттық тәлім-тәрбие беру, тарих тағылымдарына үңілу, ұлттық құндылықтарды сақтау, үйде де, түзде де қыз баланың тәрбиесіне көңіл бөлу, отбасындағы әкенің рөлін көтеру, қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салды.
Білім ордасында еңбек ететін алпысқа жуық ұстаздың тек он шақтысы ғана ер мұғалім екен. Демек, бұл да ойланарлық жайт.
Аудан орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектепте педагогикалық ұжыммен кездесуде де өзекті мәселелер көтерілді. «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов басылымда рухани жаңғыруға орай қолға алынған бастамалар мен газеттегі тың тақырыптарды сөз етті.
Тарих пәнінің мұғалімі Жарқын Құрманбаеваның ойынша, аудандық «Дендер» газетінде Алаштың 100 жылдығына байланысты материалдар жарияланғанымен, тарихымызды әлі де терең зерттеуді қажетсінетін тұстары аз емес.
– Сонау Тәуелсіздіктің алғаш-қы жылдарында елдегі бар қиындыққа қасқая қарсы тұрып, өз мамандығын тастамай, шәкірт тәбиелеу ісін жалғастырып келе жатқан ұстаздар еңбегі туралы суреттеме, очерктерді газеттерден оқығымыз келеді. Бұның өзі мұғалім беделі мен абыройын көтеруге себеп болар еді, — деді тарихшы.
– Әлеуметтік желілер мен интернеттің заманында газеттердің бала тәбиелеудегі басты құрал екендігін мойындауымыз керек, — деді әңгімеге аралас-қан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алма Мырзағалиева. – Басылымдар маңызын жойған жоқ. Оқырманды қызықтыратын, оқылымды мақалалардың жиірек беріліп тұрғанын қалаймыз. Кейбір жекеменшік газеттерде келті-рілген ақпараттардың бәрі бірдей шындыққа жанаспай жатқанын да көріп жүрміз. Демек, шынайы және нақты ақпаратты мемлекеттік басылымдар ғана тарата алады.
Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев қорытындылап, этномәдени шараның табысты өтуіне, басылымдарға жазылушы оқырмандардың көбеюіне тілектестігін білдірді.
Мәдениет үйіндегі салтанат
«Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым міндеттерді насихаттау мақсатындағы «Туған жер» этномәдени шараларының қорытынды кеші аудандық мәдениет үйінде өтті. Фойеде қойылған фотосурет көрмесі, «Дендер» газетінің қалыптасу, даму тарихын бейнелейтін фотоальбом, редакцияның Құрмет кітабында есімдері жазылған байырғы журналистер туралы деректер келушілер назарын аудармай қоймайды.
Салтанатты шараны аудан әкімі Серік Арыстан ашып, қазыналы аймақ өмірін баспасөз бетінде өрнектеп келе жатқан шығармашылық ұжым-ға, насихаттық топқа ризашылығын айтып, табыстар тіледі.
«Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігінің облыс көлемінде ұйымдастырып отырған этно-мәдени шарасының мәні мен маңызына жан-жақты тоқтал-ған серіктестік директорының орынбасары Рауан Сәбитов облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» және аудандық «Дендер» газеттеріне жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген ауданның бір топ азаматтарын Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарындағы жеке кәсіпкерлер, «Номад» өмірді сақтандыру компаниясының директоры, Қазақстан Коммунистік халық партиясының Индер ауданы бойынша бірінші хатшысы Асқар Сатыбалдиевке, «ҚазТрансГазАймақ» ау-дандық бөлімшесінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Сағидолла Құлғалиевке, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттар партиясының аудан бойынша басшысы Керімбай Сабырғалиевке Алғыс хат пен «Атырау-Ақпараттың» өнімдері мен қызметтерін пайдалануға арналған 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды.
Шара барысында жергілікті басылымдарға көрсеткен көмектері үшін Жарсуат ауылдық округінің әкімі Әлифолла Балахметов, аудандық ішкі сая-сат бөлімінің басшысы Артур Мурзин, аудандық соттың аға сот приставы Гүлфара Егізбаева, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы аудандық бөлімшесінің басшысы Асқар Үмітқалиев, М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры Майсара Киікбаева, «Балдәурен» бөбекжайының меңгерушісі Сара Сахиева және аудандық пошта торабының операторы Алтынай Халелова көпшілік алдында марапатталды.
Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов байырғы ардагер-журналист Кеңес Сахиға «Атыраудың», Гүлнафис Есқалиева, Жадыра Нариманова, Рафхат Жұмабай, Айсұлу Тасқалиеваға және тырнақалды туындыларын жазып жүрген қауырсын қалам иелеріне де «Дендердің» штаттан тыс тілшісі куәліктерін табыстады.
Шараға жиналған жұртшылық Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның солисі, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген өнер қайраткері, сазгер Гүлмайдан Сүнде-тованың орындауындағы ақиық ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған өзінің «Менің елім», талантты ақын Гүлзада Ниетқалиеваның «Атырауым – мекенім» әндеріне дүркін-дүркін қол шапалақтап, ризашылық көңілдерін жеткізіп жатты. Кеште жас әншілер Әсел Аманқұ-лова мен Перизат Қайырбаева қазақ композиторларының әндерін нақышына келтіре орындап, қошеметке бөленді.
Аудан әкімі Серік Арыстан, аудандық мәслихат хатшысы Бағдат Сапаров, аудан прокуроры Алтынбек Аманжолұлы бастаған ауданның бір топ атқамінер азаматтары өңір жаршысына айналған облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» және аудандық «Дендер» газеттеріне қолдау ретінде жаңа 2018 жылға жазылуды осы жерден бастады. Оларға жазылушы түбіртегі табысталды.
Насихаттық топ Жиембет жыраудың «Жотасы биік Дендерім» деп жырға қосқан құтты мекеннен Махамбет ауылын бетке алды.
Бақытжан ЖҰМАТ
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.